Интерактивті оқытулар: жаңа тәсілдер
Кунанбаева Кульзаим Муратбаевна
Инновациялық оқу жұмысы оқу процесіне нәтижелі білім алуға бейімдейтін, жаңа технологияларды орынды енгізумен тұжырымдалады. Бұлар – кабельдік және спутниктік теледидарлар, бейнеконференциялар, телефорумдар, телемарафондар, портфолио сияқты инновациялық технологиялар, оқудағы және тәрбиелеудегі, өмірлік дағдыларды қалыптастыру жөніндегі тренингтер, соның ішінде әлеуметтік тәлімдегі және т.б. жеке-дара жетістіктер.
Инновациялық тәсіл оқу процесіне – тіршілік және әрекет етудің даму динамикасы ерекшелігіне, дистанциялық оқудың өзгешелігіне және жеке тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің талаптары мен әлеуметтік пайдалы білім алуына, сеніміне, мінез-құлықтың сапасы мен өзгешелігіне, тәлім тәжірибесі мен қатынасына негізделген жаңалық енгізуге бағыттайды.
Бүгінгі таңда жеке тұлғаны емес, оның даму процесін басқару қажеттігі айқындалып отыр. Ал бұл, педагог жұмысындағы артықшылық жанама педагогикалық ықпал жасауға берілетіндігін білдіреді: тікелей жасалатын әдістерден, лозунгтардан және үндеулерден бас тартылады,ғибаратты сарыннан тежелуді; оның есесіне бірінші орынға қарым-қатынас жасаудың сұхбаттық әдістерін, шындықты бірлесіп іздеуді, сан алуан шығармашылық әрекетті тәрбиелеуші шарттарды жасау арқылы дамытуды білдіреді. Негізгі әдістемелік инновациялар бүгінгі таңда оқытудың интерктивті әдістерін қолданумен байланысты. «Интерактив» сөзі бізге ағылшын тілінің «interact» деген сөзінен келген. «Іnter»- бұл «өзара», «act» – әрекет ету дегенді білдіреді.
Интерактивті сөзі – өзара әрекет ету бейімділігін білдіреді немесе әңгімелесу, әлде кіммен (адаммен) не болмаса әлде немен (мысалы, компьютермен) сұхбаттасу режімінде болады. Демек, интерактивті оқыту – бұл, ең алдымен, сұхбаттасып оқыту, оның барысында оқытушы мен оқушының өзара әрекет етуі жүзеге асырылады.
Интерактивті оқытудың мәні мынада, оқу процесі іс жүзінде барлық оқушы таным үрдісіне тартылатындай болып ұйымдастырылуы тиіс, олардың осыған байланысты не біледі, нені ойлайды түсінуге және рефлекстеуге мүмкіндігі болуы тиіс. Таным процесінде оқушылардың біріккен іс-әрекеті, әркім өзінің жеке-дара үлесін қосатын, оқу материалдарын меңгеруді білдіреді, білімдерін, идеяларын, іс-әрекет тәсілдерін алмасу жүргізіледі. Және де бұл мейірімділік пен өзара бір-біріне қолдау көрсету аясында болады, ол тек қана жаңа білім алуға мүмкіндік беріп қоймайды, таным әрекетінің өзін де дамытады, оны қызметтестік пен кооперацияның әлде қайда жоғары нысандарына ауыстырады.
Интерактивті әдістердің мәндік ерекшелігі, сипаттамасы – бұл субъектілердің өзара әрекеттестігінің бір бағыттағы белсенділігінің жоғарылығы, қатысушылардың өзара әрекеттестігі, эмоционалдық, рухани бірігуі.
Қытайдың бір нақыл сөзінде: «Маған айтшы – мен ұмытып қаламын; маған көрсетші – менің есімде қалады; өзіме істетші – мен сонда түсінемін» делінген. Осы сөздерден интерактивті оқытудың мәні өз көрінісін табады.
Интерактивті әдістерді пайдалану кезінде оқушылар түсіну процесіне толық қанды қатысушылар болады, оның тәжірибесі оқу танымының негізгі қайнар көзі қызметін атқарады. Оқытушы дайын білімді бермейді, бірақ оқушыларды өз бетімен ізденуге үйретеді. Білім берудің дәстүрлі нысандарымен салыстырғанда, интерактивті оқытуда оқытушы мен оқушының өзара әрекеттестігі ауысады: педагогтың белсенділігі оқушының белсенділігіне орын береді, ал педагогтың тапсырмалары олардың инициативасы үшін жағдай жасаушы болады.
Интерактивті оқыту интенсивті оқытуда да кеңінен қолданылады.
Бұл әдістерді игеру және қолдану үшін, оқытушыға топтық өзара әрекеттердің әр түрлі әдістемелерін білу қажет. Интерактивті оқыту өзара түсінікті, өзара әрекеттестікті, өзара байытуды қамтамасыз етеді.Интерактивті оқыту әдістеріне білім алу және оны дамыту процесіне белсенді ат салысуға тарту жатады:
«Ми штурмы» (шабуыл)
* Шағын-лекциялар
* Топтардағы жұмыс
* Бақылау парағы немесе сынақ
* рөлдік ойын
* ойын жаттығулары
* жобаны әзірлеу
* жағдайлық тапсырмаларды шешу
* Сапаршыны (визитерді) шақыру
* Сарапшы топтарының пікірсайыстары
* Сұхбаттар
* Сахналау
* Жағдайдан жеңілу
* Оқушының рөліне ену
* Сюжеттік суреттерді талқылау
* Сұрақ – Квиз (бақылау) және т. б.
Интерактивті әдіске сондай-ақ әр түрлі көмекші құралдарды пайдалана отырып: тақта, кітаптар, бейне материалдар, слайдылар, флипчарттар, постерлер, компьютерлер және т.т. таныстырулар жатады.
Оқудың интерактивті әдістері үлгілері:
«Ми шабуылы», «ми штурмы» («дельфи» әдісі) – бұл әдіс, берілген сұраққа кез-келген оқушы жауап бере алатын әдіс. Маңыздысы айтылған көзқарасқа бірден баға қоймау керек, барлығын қабылдау қажет және әрқайсысының пікірін тақтаға немесе парақ қағазға жазған дұрыс. Қатысушылар олардан негіздеме немесе сұраққа түсініктеме талап етілмейтінін түсінулері керек.
«Ми шабуылы» хабарландыруды анықтау керек болғанда және/немесе қатысушылардың белгілі сұраққа қатынасы кезінде қолданылады. Жұмыстың бұл нысанын кері байланыс алу үшін қолдануға болады.
Шағын топтардағы жұмыс
Алдын ала сақтандыру оқуы процесін оқушыларға шамамен жобалап құру қажет. Аталған жағдайда ең тиімдісі топтарда жұмыс істеу. Мұндай жағдайда оқытушы диагностика мен мониторингті қамтамасыз етеді, оқу-жаттығу ортасын ұйымдастырады, алғашқыда басқа ресурстар болмаса қолдау (кеңес, нұсқаулар береді) көрсетеді.
Тест сынағы
Тест сынағы әдісінің көмегімен жастардың хабарландырылу деңгейін немесе олардың талқыланатын тақырыпқа қатынасын анықтайды. Тест сынағын дұрыс жасау әдісі орынды болуы тиіс: олар сауатты, анық, ұғынықты тілде жасалуы қажет және оқушылардың сезімін қорғауы керек.
Тест сұрақтарын ала отырып оқушылар оларды назар сала оқулары және тиісті графада өздерінің жауап нұсқаларын: «дұрыс», «дұрыс емес», «білмеймін» деп белгілеулері тиіс.Содан кейін, егер тест жасырын болмаса, жауаптары сабақтарда немесе топтарда талқыланады. Жасырын тест сынағы қорытындысын оқытушылар (тренерлер) шығарады. Ал кәдімгі тест сынағы қорытындысын – жауаптарын оқушылармен бірге талқылағаннан кейін оқытушылар (тренерлер) шығарады.
Рөлдік ойын
Рөлдік ойын – бұл өмірлік жағдайлардың белгілі бір мінез-құлық немесе эмоционалдық жақтарын меңгеру ниетінде алдын-ала бөлінген рөлдер арқылы қатысушы топтардың сахналап ойнауы.
Шағын лекциялар
Шағын лекциялар теориялық материалды ұсынудың тиімді материалдарының бірі болып табылады. Оны бастар алдында алдыда тұрған тақырыппен байланысты, ми штурмын немесе рөлдік ойынды өткізу қажет, ол қатысушылар үшін оның маңызын арттырады, оларды ақпараттандыру дәрежесі мен тақырыпқа қатынасын анықтайды.
Жобаны әзірлеу
Бұл әдіс қатысушыларға ойша аудиториялардан шығып, талқыланатын мәселе бойынша өз әрекетінің жобасын жасауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, топ немесе жекелеген бөлімшелердің өз жобасын қорғайтын, басқалардың алдындағы өзінің артықшылығын дәлелдейтін және достарының пікірін білуге мүмкіндігі болады.
Бейнефильмдерді көру және талқылау
Сабақтарда дүлей апаттардың қаупін төмендету жөнінде көркем және деректі бейнефильмдерді, олардың фрагменттерін, сондай-ақ бейнероликтер мен бейнесюжеттерді пайдалануға болады. Тиісті мазмұндағы бейнефильмдерді тек қана қосымша материалдар ретінде емес, сабақтардың және тренингтердің кез-келген түріне оның тақырыбы мен мазмұнына сәйкес пайдалануға болады.
Ширату
Ширату денеге және психологияға түскен салмақты кетіру мақсатында қолданылады. Ширату сондай-ақ коммуникативтік машықты (қарым-қатынасты) дамытуға мүмкіндік береді. Олар мазмұны, іс-әрекеттің нысаны және ұзақтығы бойынша ретті болуы тиіс.
Кері байланыс
Кері байланыс қатысушылардың талқылап отырған тақырыптарының реакциясын ұғынуға, оқуды ұйымдастыру мен өткізудің кемшіліктері мен артықшылықтарын көруге, нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді.
Тренинг
Оқудың интерактивті әдістерін пайдаланумен өткізілетін сабақ тренинг деп аталады.Тренинг дегеніміз не? Тренинг сөзі (ағылшын тілінен train – тәрбиелеу, оқыту, үйрету, машықтандыру) – бұл жұмыс нәтижесіне және қажетті машықты дамытуға қол жеткізуге бағытталған, машықтану және қандай да бір саладағы жүйелі тапсырмаларды, әрекеттерді немесе ойындарды орындай білу.
Кіріспе
Бұл кезең кез-келген қолайлы нысанда өткізілуі мүмкін, бірақ ол келесі жұмыстың сарынына бағыт береді. Сондықтан бұл кезеңде тренер демократиялық, дем беруші атмосфера жасауы тиіс. Егер тренер-педагог өзінің күтетіні туралы және алда тұрған жұмысқа қатысты ережелер туралы айтса, ол дұрыс. Қатысушыларды жұмысқа кіріспе сөздің, мультимедиалық таныстырудың және т. б. көмегімен «кіргізуге» болады.
Таныстыру
Таныстыру кез-келген тренингтің бірінші сабағының қажетті процедурасы болып есептеледі. Таныстыру топтарды жандандыруға, оларға қатысушыларды оқу процесіне тартуға, қарым-қатынас жасау машығын өрістетуге мүмкіндік береді. Таныстыру қатысушылар бірін-бірі білетін жағдайда да жүргізіледі. Таныстыруға: «Сұхбат», «Мені таны», «Визит картасымен алмасу» ойындарын өткізуге болады.
Тренингті өткізу тәртібі
Әрбір қатысушы өзінің күтетінін айтып (жазып) болғаннан кейін, тренер-оқытушы оған тренингті өткізу тәртібін хабарлайды. Бұл аталған тренинг-семинардың қаншаға созылатынына, онда қанша сабақ болатынына байланыссыз жасалады. Қатысушылардың сұрақтары бар ма, соны міндетті түрде анықтау керек.
Интерактивті оқытуды ұйымдастырудың негізгі ережесі қандай?
Бірінші ереже. Жұмысқа сол немесе басқа межедегі қатысушылардың толық тартылуы тиіс. Осы мақсатта талқылау процесінде семинардың барлық қатысушыларын енгізуге мүмкіндік беретін технологияны пайдалану пайдалы.
Екінші ереже. Қатысушылардың психологиялық дайындығына қамқорлық жасау. Бұл жерде сөз, барлық өткен сабақтар жұмыстың сол не басқа мысалын тікелей енгізуге психологиялық дайын екендігі туралы болып отыр. Осыған байланысты шарықтап, шыңдау пайдалы, оқушыға өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, жұмысқа белсенді ат салысқан қатысушыларды үнемі көтермелеп отыру керек.
Үшінші ереже. Интерактивті технологияда оқушылар көп болмауы тиіс. Қатысушылардың саны мен оқу сапасы тікелей байланыста болуы мүмкін. Қатысушылардың қолайлы саны – 25 адам. Тек осындай жағдайда ғана шағын топтардың жұмысы жемісті болады.
Төртінші ереже. Жұмыс істеу үшін ғимаратты дайындауға көңіл бөліңіздер. Ғимарат үлкен және шағын топтарда жұмыс істеу үшін қатысушылар оған жеңіл жайғасатындай есеппен дайындалуы тиіс. Оқушылар үшін физикалық қолайлылық құрылуы тиіс.
Бесінші ереже. Процедура және регламент мәселесіне назар аударып отырыңыздар. Мысалы: кез-келген көзқараста барлық қатысушылар, әркімнің сөз бостандығы құқығын сыйлауға, оның намысын сыйлауға төзімділік көрсетіңіз.
Алтыншы ереже. Семинарға қатысушыларды топқа бөлуге ерекше көңіл бөліңіз. Ең алдымен оны еріктілік негізінде жасаған дұрыс. Содан кейін кездейсоқ таңдау қағидатын пайдаланған жөн.
Интерактивті оқыту – бұл таным іс-әрекетін ұйымдастырудың арнайы нысаны. Ол толық нақтылықты және болжамды мақсаттарды айтып отыр. Осындай мақсаттың бірі оқушылар өзінің сәттіліктерін, интеллектуалдық жағдайларын, оқу процесінің өзінде қандай өнімді іс істеу керектігін сезінетін, оқудың қолайлы жағдайын жасаудан тұрады. Интерактивті оқуды ұйымдастырудың міндетті шарттары:
* оқушылар мен оқытушылардың арасында сенімділік, жоқ дегенде позитивті қатынастардың болуы;
* демократиялық стиль;
* оқушылар мен оқытушылардың арасында қарым қатынас жасау процесінде өзара ынтымақтастық болуы;
* оқытушылардың жеке («педагогикалық») тәжірибесі, оқу процесіне ашық үлгілерді, фактілерді, образдарды енгізу;
* ақпарат беретін нысандар мен әдістердің көптүрлілігі, оқитындардың іс-әрекет нысандары, олардың ұтқырлығы;
* іс-әрекеттің сыртқы және ішкі уәждерін қосу, сондай-ақ оқитындардың өзара уәждері.
Біз неліктен интерактивті әдістерге «иә» дейміз? Олар мыналарды:
* Жоғары уәжділікті.
* Тиянақты білімді.
* Қиялдау мен шығармашылықты.
* Тез тіл табысуды.
* Белсенді өмірлік көзқарасты.
* Командалық рухты.
* Жеке, дербестіктің құндылығын.
* Өз пікірін білдіру еркіндігін.
* Іс-әрекетке ерекше назар аударуды.
* Өзара сыйластықты.
* Демократиялықты қамтамасыз етеді.
Қолданылған әдебиеттер
№1 (41), ТЖ және АҚ жөніндегі материалдардың ақпараттық-әдістемелік жинағы материалдарынан.14