
Қазақ елінің білім мен ғылым кеңістігіндегі ең іргелі ордаларының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. 1934 жылы негізі қаланған университет бүгінде ұлттық жоғары білім беру жүйесінің көшбасшысы әрі халықаралық деңгейде мойындалған беделді оқу орны болып табылады.
ҚазҰУ – уақыт сынынан өткен дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра білген университет. Мұнда білім алушылар терең теориялық дайындықпен қатар, заманауи тәжірибелік дағдыларды меңгереді. Университет қабырғасында қалыптасқан ғылыми орта, ізденіс пен жаңалыққа ұмтылған жастардың әлеуетін арттырып, олардың кәсіби дамуына зор мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінде әлемнің жетекші университеттерімен серіктестік байланыс орнатып, халықаралық бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда. Шетелдік әріптестерімен бірлескен ғылыми зерттеулер мен қос диплом бағдарламалары студенттерге жаһандық деңгейде білім алуға жол ашады.
Университеттің заманауи оқу корпустары, ғылыми-зерттеу орталықтары мен бай кітапханасы – білім мен ғылымның дамуына серпін беретін басты құралдар. Ал жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы – ҚазҰУ-дың басты құндылығы.
ҚазҰУ – тек білім беру ордасы ғана емес, бұл – руханият пен мәдениеттің, ғылым мен инновацияның тоғысқан мекені. Мұнда әрбір студент өз әлеуетін танытып, шығармашылық және ғылыми қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Университет қабырғасынан шыққан түлектер еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып, түрлі салада жетекші маман ретінде танылып жүр.
Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз миссиясына берік: ол – ұлт игілігі үшін еңбек ететін, бәсекеге қабілетті, рухани бай, білімді ұрпақ тәрбиелеу.
ҚазҰУ – ел болашағына жол ашқан білім ордасы,
рух биігі мен табыстың бастауы!
Авторлар:
Бишманов Какимжан Муратжанович
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, профессор, з.ғ.к.
Жетпісбай Назерке Жетпісбайқызы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Дінтану» мамандығының 2 курс докторанты
Балтымова Мира Рашидқызы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ф.ғ.к., қауымд. профессор