Əптиек (үн қосу)

 Мұсылманша алғашқы сауат ашуға арналған оқулық түрі. Һәфтиек сөзі парсы тілінен аударғанда «жетіден бір» деген мағынаны білдіреді. Әптиек Құранның жетіден бір бөлігін, яғни соңғы жағын қамтиды. Ескі оқу тәртібі бойынша шәкірттер араб әліппесіндегі 28 қаріпті жекелеп жаттап болып, араб тілінің бастапқы ереже-қағидаларымен танысып, иманшарт оқып, әптиектің сүресін бітіріп барып Құранға түсетін болған.

Ертеректе дәстүрлі ортадағы мұсылмандардың сауат ашу деңгейі əртүрлі жəне оқыту əдісі күрделі болғандықтан, әптиекті түгел игеру қиыншылық тудырған. Ал, әптиекті түгел түсініп, толық меңгерген шәкірттің Құранды және басқа да діни мәтіндерді танып кету мүмкіндігі жоғары болды. Бұл жерде, Қазан төңкерісіне дейін және одан кейін де жеке кітапша түрінде жарық көрген әптиектің қазақ даласындағы Жетісу жерінде ашылған «Мамания» сияқты мектеп-медреселерде арнайы оқытылған Құран, мұхтасар, мұхаммедия сынды пәндер қатарына енгізілгенін ерекше атап өткеніміз жөн. Әбубәкір Кердері бабамыздың:

 «…Тоғызға толғаннан соң молда көрдім,

Атаның күшімен зорға көрдім.

Үйреніп әліп-әбжат, әдеп-әркен

Айналып келесі жылы онға келдім.

Оқуға он жасымда талап қылдым,

Ықыласпен оқыған соң сабақ білдім.

Сол жылы әптиек пен Құран шығып,

Ойыңды қош айтысып талақ қылдым.

Он бір мен он екіде түркі білдім,

Ғылымдық зирек жанның мүлкі білдім.

Шығарған мүсәннәфтар назым қылып,

Түркіні тәмәм тілдің көркі білдім.

Он үште араб көрдім, түркі танып,

Ойландым насихатты жадыма алып.

Молдамыз әр мағынадан жол көрсетіп,

Түсірді мұқтасарға алып барып.

Он төртте мұқтасарды араладым,

Әр баптан дәріс алып шамаладым…» деген әдемі толғауы осы ретте орынды айтылса керек.

Сондай-ақ, байырғы қазақтар арасында көзі ашық, санды есептей алатын адам Əптиекті «тауысыпты» деп дəріптелді. Əдетте, халық арасындағы ем-домда жиі қолданылатын арнайы сүрелер мен аяттар, шағын дұғалар осы әптиекте беріліп отырды.

Авторлар:

Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлы
ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор

Белтенов Жасұлан Мәзуләұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  «Исламтану» мамандығының 2 курс докторанты.

Балтымова Мира Рашидқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философ.ғ.к. қауымд. профессор

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх