Математика пәнін оқытудағы педагогикалық тәсілдер

Дюсембаева Анаргүль Сагатбековна


Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – оқушының жеке тұлғалық қабілеттерін дамыту, шығaрмашылық ойлауын жетілдіру және өмірде кездесетін мәселелерді шешуге бағытталған білім беру. Осы тұрғыдан алғанда, математика пәнін оқыту – тек есеп шығару дағдысын қалыптастыру емес, сонымен бірге логикалық, сын тұрғысынан және алгоритмдік ойлауды дамытудың мaңызды құралы болып табылады.

Математика сабақтарында дәстүрлі әдістермен қатар қазіргі заман талабына сай инновациялық педагогикалық тәсілдерді қолдану маңызды. Мұғaлім тек білім беруші емес, оқушының жеке даму траекториясын бағыттаушы тұлға болуы тиіс. Тиімді тәсілдердің кейбірі төмендегідей:

Проблемалық оқыту тәсілі – Бұл тәсілде мұғалім оқушылардың алдына шешімін табуды қажет ететін мәселелер қояды. Оқушылар өз бетімен ой қорытып, шешімге келуге дағдыланады. Мысалы: «Қиындығы бар есептерді бірнеше жолмен шығару» тапсырмасы.

Саралап оқыту тәсілі – Әр оқушының қабілеті мен оқу қарқыны әртүрлі болғандықтан, тапсырмалар деңгейге қарай беріледі: жеңіл, орта және күрделі. Бұл тәсіл оқушының өз мүмкіндігін толық көрсетуіне жағдай жасайды.

Жобалық және зерттеу әдісі – Математикалық ұғымдарды өмірмен байланыстырып, шағын зерттеу немесе жоба түрінде орындау арқылы оқушылар пәнге деген қызығушылығын арттырады. Мысалы: «Өлшем бірліктері күнделікті өмірде қалай қолданылады?» тақырыбындағы шағын зерттеу.

АКТ-ны қолдану – Интерактивті тақта, GeoGebra, Kahoot, Quizizz сияқты платформаларды пайдалану арқылы оқушылардың сабаққа белсенділігі артады, күрделі ұғымдарды көзбен көру арқылы түсіну жеңілдейді.

Ойын технологиясы – Математикалық ойындар арқылы оқушылар логикалық ойлауын дамытады және жаңа тақырыпты жеңіл қабылдайды. Мысалы: «Сандар тізбегін жалғастыр», «Кім жылдам?» сияқты жарыстар.

Математикада сын тұрғысынан ойлауға үйрету тәсілдері жиі қолданылады. «Білемін – Білгім келеді – Үйрендім», «Венн диаграммасы», «Кластер құрастыру», «INSERT» әдістері оқушылардың ойлану, талдау, салыстыру дағдыларын дамытады.

Математика сабағында жұптық және топтық жұмыс ұйымдастыру арқылы оқушылар өзара пікір алмасып, бір-бірінен үйренеді. Бұл тәсіл оқушының сөйлеу мәдениетін, дәлелдеп сөйлеу қабілетін жетілдіреді.

Математика тек пән емес, өмірлік ұстаным мен жауапкершілікті тәрбиелеудің де құралы. Есеп шығару барысында тиянақтылық, дәлдік, табандылық сияқты қасиеттер қалыптасады. Сондықтан сабақта ұлттық және адамгершілік құндылықтарды кіріктіру тиімді нәтиже береді.

Қорыта келгенде, математика пәнін оқытуда тиімді педагогикалық тәсілдерді жүйелі қолдану – білім сапасын арттырудың негізгі шарты. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісі оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оятып, математикалық сауаттылығын дамытады. Бүгінгі оқушы – ертеңгі зерттеуші, инженер, экономист, ал мұғалім – сол тұлғаның қалыптасуына бағыт беруші тұлға.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх