Кизатуллаева Молдир Маратовна
«Атырау қаласы, “Зейнеп, Амина және балапандар” бөбекжай-бақшасы» тәрбиешісі.
Кіріспе бөлім
Қазіргі қоғамда бала тәрбиесінде ең басты назар аударатын мәселенің бірі – қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Баланың өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, қоршаған ортада қауіпсіз жүріс-тұрысты меңгеруі мектепке дейінгі жастан басталуы қажет. Мектеп жасына дейінгі балалардың ойлау қабілеті, есте сақтау, талдау, қорытынды жасау мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, қауіпсіздік ережелерін олар ойын, көрнекілік, тәжірибе және қайталану арқылы тез меңгереді.
Тәрбиеші ретінде менің міндетім – әр баланың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қауіпсіздік дағдыларын күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету.
Қауіпсіздік тәрбиесінің мақсаты мен міндеті:
Мақсаты:
Балаларды өз денсаулығын және өмірін қорғауға, қауіпті жағдайларды алдын ала тануға және дұрыс әрекет етуге үйрету.
Міндеттері:
- Қарапайым қауіпсіздік ережелерін түсіндіру (үйде, көшеде, табиғатта, қоғамдық жерде);
- Баланың қауіп туралы алғашқы түсінігін қалыптастыру;
- Өзін және өзгелерді қорғау дағдыларын дамыту;
- Эмоционалдық және коммуникативтік дағдыларды тәрбиелеу;
- Ата-аналармен бірлесе отырып қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Тәрбиешінің іс-тәжірибесінен: қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру жолдары
Мен өз тәжірибемде қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруды жүйелі және ойын түрінде ұйымдастыруға басымдық беремін. Себебі бала үшін білім — ойынмен ұштасқанда ғана тиімді сіңеді.
“Көріп, айтып, қайталау” әдісі
Бұл әдіс кіші және орта топтарда тиімді.
Мысалы, “Көшеде жүру ережесі” тақырыбында:
Балаларға бағдаршамның түстерін көрсетемін;
101, 102, 103, 104 жедел қызмет көрсету қызметтерінің нөмірлері;
Әр түске байланысты іс-әрекетті (тоқтау, күту, жүру) қимылмен орындап үйренеді;
Ойын соңында “Бағдаршам не дейді?” ойынын ойнаймыз.
Осылайша бала көріп, айтып, қайталау арқылы ақпаратты жақсы есте сақтайды.
“Сурет арқылы әңгімелеу” әдісі
Бұл әдіс баланың танымдық және коммуникативтік дағдыларын дамытады.
Мысалы, “Үйде қауіпсіздік сақтаймыз” тақырыбында балаларға суреттер көрсетемін:
- бала тоққа қол тигізіп тұр;
- ас үйде пышақ ұстап ойнап отыр;
- ыстық шәйнекке жақындап тұр.
Балалармен бірге осы көріністерге талдау жасаймыз: “Бұл дұрыс па?”, “Не істеу керек еді?”, “Қай жер қауіпті?”
Осылай баланың сыни ойлауы мен жауапкершілігі қалыптасады.
Рөлдік ойын әдісі
Рөлдік ойын – баланы шынайы өмір жағдайына бейімдеудің ең тиімді тәсілі.
Мысалы:
“Өрт сөндірушілер”,
“Дәрігерге барамыз”,
“Жедел жәрдем шақырамыз”,
“Құтқарушының көмегі”.
Осы ойындар арқылы балалар төтенше жағдайда кімге хабарласу керектігін, нөмірлерді жаттап алуды, өз іс-әрекетін жоспарлауды үйренеді. Бала ойын барысында қорықпай, сенімді әрекет етуге машықтанады.
“Ситуациялық тапсырмалар” әдісі
Балаларға нақты өмірлік жағдайлар ұсынамын.
Мысалы:
“Егер сен жалғыз қалсаң, есікті біреу қақса не істер едің?”
“Көшеде ит келіп үрсе, қалай әрекет етесің?”
“Егер досың құлап қалса, не істеу керек?”
Балалар өз нұсқасын айтып, топпен талқылайды. Бұл эмоционалдық және коммуникативтік дағдыны дамытады және жауапкершілік сезімін арттырады.
Көрнекі құрал мен мультимедияны пайдалану
Қазіргі балалардың көру және есту арқылы қабылдау мүмкіндігі жоғары болғандықтан, бейнематериалдар мен суреттерді жиі қолданамын. Мысалы: “Қауіпсіздік әлемі”, “Отпен ойнама!”, “Бағдаршам еліне саяхат” мультфильмдері арқылы ережелерді түсіндіру тиімді. Бұл балалардың зейінін ұстап, қауіпсіздік ережелерін қызығушылықпен қабылдауына мүмкіндік береді.
Ата-аналармен жұмыс
Бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отбасы мен балабақшаның байланысы ерекше орын алады.
Мен ата-аналармен келесі бағытта жұмыс жүргіземін:
- “Үйде қауіпсіздік бұрышы” туралы кеңес беру;
- Үйде қауіпті заттарды (дәрі, пышақ, ыстық су, тоқ көздері) баладан алыста сақтау қажеттілігін түсіндіру;
- Ата-аналармен бірге “Қауіпсіз балалық шақ” апталығын өткізу;
- “Бала мен ата-ананың қауіпсіз жүріс-тұрысы” тақырыбында бейнежазба жасау.
Сонымен қатар ата-аналарға “Беске дейін үлгер” қосымшасы арқылы қауіпсіздік туралы шағын бейнероликтер мен үй тапсырмаларын жіберемін. Бұл ата-ананың баламен бірлесе үйренуін қамтамасыз етеді.
Қолданылатын негізгі әдіс-тәсілдер:
- Әңгімелесу және түсіндіру әдісі;
- Тәжірибелік көрсету (қимылмен, мысалмен);
- Ойын арқылы үйрету (“Қауіпсіз үй”, “Бағдаршам жарығы”, “Телефон терейік”);
- Көрнекілік (плакаттар, суреттер, видео);
- Пікірталас және талдау;
- Рөлдік жағдаяттар.
Нәтижесі:
Жүйелі жұмыс нәтижесінде балаларда келесі дағдылар қалыптасады:
- Физикалық дағды: өз әрекетін бақылау, қауіп төнгенде дұрыс қимыл жасау;
- Коммуникативтік дағды: көмек сұрау, хабарласу, ойын арқылы пікір білдіру;
- Танымдық дағды: қауіпті және қауіпсіз заттарды ажырату;
- Шығармашылық дағды: өз ойынан қауіпсіздік көрінісін сахналау, сурет салу;
- Эмоционалдық дағды: өзіне және өзгеге жанашырлық таныту, қорқынышты жеңу.
Қорытынды
Баланың қауіпсіздігі – тәрбиешінің де, ата-ананың да ортақ жауапкершілігі. Мектеп жасына дейінгі жаста қалыптасқан қарапайым дағдылар болашақта үлкен өмірлік тәжірибеге айналады.
Тәрбиеші үшін ең бастысы – баланы қорқыту емес, оны өзін және өзгені қорғауға үйрету.
Қауіпсіз ортада өскен бала батыл, сенімді және өмірге бейім тұлға болып қалыптасады.