Байырова Бибігүл Бауыржанқызы
«Атырау қаласы, “Зейнеп, Амина және балапандар” бөбекжай-бақшасы»,
кіші топ тәрбиешісі.
Мектепке дейінгі кезең – баланың тұлғалық, эмоционалдық және әлеуметтік тұрғыда қалыптасуының алғашқы әрі маңызды сатысы. Бұл кезеңде баланың дамуы тек балабақшадағы тәрбиешінің еңбегімен ғана емес, ата-ананың да белсенді қатысуымен тікелей байланысты. Тәрбиеші мен ата-ананың өзара ынтымақтастығы – баланың үйлесімді дамуының басты кепілі.
Бала — отбасындағы және балабақшадағы тәрбие жүйесінің ортақ жемісі. Егер ата-ана мен тәрбиеші өзара түсіністік пен бірлікте жұмыс істесе, онда бала өзіне сенімді, мейірімді, әдепті және белсенді тұлға болып өседі.
Қазіргі таңда балабақша мен отбасы арасындағы байланыс бұрынғыдан да маңызды. Себебі бала күннің көп бөлігін балабақшада өткізсе, тәрбиенің бастауы әрқашан отбасынан басталады.
Тәрбиеші мен ата-ананың өзара әрекеттестігі келесі бағыттарда жүзеге асады:
Ақпараттық байланыс: ата-аналарға күнделікті оқу-тәрбие процесі туралы мәлімет беру;
Кеңес беру: баланың мінез-құлқы, даму ерекшелігі, қызығушылығына қарай ұсыныстар жасау;
Бірлескен іс-шаралар: ашық сабақтар, мерекелер, тренингтер, экологиялық және шығармашылық жұмыстар өткізу;
Сенімді қарым-қатынас орнату: баланың жетістігін бірге бағалау, қиындықтарды ашық талқылау.
Мен кіші топтың тәрбиешісімін, бұл жаста бала енді ғана өз ойын, сезімін, тілегін білдіруге үйренеді. Сондықтан ата-анамен бірлескен жұмыс баланың бойында сенімділік пен тұрақтылық қалыптастыруда аса маңызды.
1. Таңертеңгі қабылдау мен кешкі шығарып салу – ата-анамен қарым-қатынас уақыты
Күн сайын ата-аналарды жылы жүзбен қарсы алып, бала туралы қысқаша ақпарат алмасамын. Мысалы, “Бүгін көңіл-күйі қалай болды?”, “Түнде жақсы ұйықтады ма?” деген сұрақтар арқылы ата-анамен эмоционалдық байланыс орнайды.
Кешке бала күнді қалай өткізгені, не үйренгені, не нәрсеге қызыққаны туралы қысқаша айтып беремін. Осы шағын әңгімелер ата-ананың сенімін нығайтады және баланың дамуына ортақ жауапкершілік қалыптастырады.
2. “Ата-аналар бұрышы” және кеңес парақшалары
Топ бөлмесінде “Ата-аналар бұрышы” ұйымдастырылған. Онда:
- апталық оқу іс-әрекетінің тақырыптары;
- үй жағдайында орындалатын қарапайым тапсырмалар;
- баланың дамуына қатысты пайдалы кеңестер;
- ұлттық құндылықтарға байланысты тәрбиелік мақал-мәтелдер мен ойын идеялары орналастырылған.
Ата-аналар осы ақпарат арқылы өз баласының балабақшадағы дамуын бақылап, үйде жалғастыруға мүмкіндік алады.
3. “Беске дейін үлгер” қосымшасы
Қазіргі цифрлық заманда ата-анамен байланыс орнатудың тиімді жолдарының бірі – заманауи мобильді қосымшаларды қолдану. Соның бірі — “Беске дейін үлгер” (beskedeyin.kz) платформасы.
Бұл қосымша арқылы ата-аналарға:
- күнделікті оқу іс-әрекетінің қысқаша мазмұнын;
- үйде орындайтын жаттығулар мен ойындарды;
- баланың жас ерекшелігіне сай даму нормаларын;
- пайдалы бейнематериалдар мен кеңестерді жіберемін.
Мысалы, “Сөйлеуді дамыту” бөлімінде балаларға арналған шағын өлең, жаңылтпаштар мен сурет арқылы әңгімелеу тапсырмаларын ұсынуға болады.
Ата-аналар баласымен үйде 5–10 минут осы тапсырмаларды орындап, нәтижесін сурет немесе видео түрінде маған жібереді. Бұл тәсіл ата-ананы белсенді серіктеске айналдырып, баланың үй мен балабақшадағы дамуын бірізді етеді.
4. Бірлескен іс-шаралар және ұлттық құндылықтар
Ата-аналардың қатысуымен мереке күндері іс-шаралар өткіземін.
Мысалы:
- “Ана мен бала шебер қолдар” атты қолөнер көрмесі;
- “Ұлттық ойындар күні” – ата-аналар мен балалар бірге “Арқан тарту”, “Асық ату”, “Қыз қуу” сияқты ойындарға қатысады;
- “Менің отбасым – менің мақтанышым” атты фотокөрме ұйымдастырамыз.
Бұл шаралар балалардың отбасына деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық және отбасылық құндылықтарды ұштастырады.
Қолданатын әдіс-тәсілдерім:
Жеке кеңес әдісі: әр ата-анамен жеке сөйлесіп, баласының ерекшелігі туралы кеңес беремін;
Мақтау мен мадақтау әдісі: ата-ананың белсенділігін топ алдында атап өту ынтымақтастықты күшейтеді;
Көрнекілік әдісі: фотоколлаждар, бейнерепортаждар арқылы баланың жетістігін көрсету;
Қатыстыра оқыту әдісі: ата-аналарды сабақтарға, мерекелерге, ойындарға тікелей қатыстыру;
Байланыстыру әдісі: “Беске дейін үлгер” қосымшасы мен мессенджер топтары арқылы үнемі ақпарат алмасу.
Нәтижесі:
Ата-аналармен осындай тығыз ынтымақтастық орнатқаннан кейін келесі оң өзгерістер байқалды:
- Балалардың балабақшаға бейімделуі жылдамдады;
- Ата-аналардың бала тәрбиесіне деген қызығушылығы артты;
- Топтағы балалар бір-біріне сенімді, ашық, мейірімді бола түсті;
- Отбасы мен балабақша арасындағы байланыс тұрақты жүйеге айналды.
Тәрбиеші мен ата-ананың өзара бірлігі – баланың үйлесімді дамуының алтын көпірі. Бұл бірлік сенімге, сыйластыққа және ортақ мақсатқа негізделуі тиіс.
Балаға мейірім мен қолдау отбасы мен балабақша тарапынан қатар көрсетілгенде ғана оның бойында өзіне сенімділік, ізгілік, еңбекқорлық және адамгершілік қасиеттер қалыптасады.
Ұлт болашағы – бүгінгі бүлдіршіндеріміздің жан-жақты дамуына байланысты. Сондықтан әр ата-ана мен тәрбиеші “Бала үшін – бірге” қағидатын ұстанып, заманауи технология мен ұлттық құндылықты ұштастыра отырып жұмыс істесе, баланың дамуы үйлесімді, ал болашағы нұрлы болары сөзсіз.