Мектепке дейінгі балалардың табиғат және оны бақылау туралы түсініктерін қалыптастыру

Құрмашева Балауса Айжарыққызы
Атырау облысы, Атырау қаласы, «Зейнеп, Амина және балапандар» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі


«Табиғатты аялайық».

Бала — табиғаттың бір бөлігі. Ол айналасындағы орманды, гүлді, күнді, жаңбырды, жан-жануарларды көріп өседі. Сондықтан баланың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен қамқорлық сезімін қалыптастыру – мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің маңызды бағыты. Мектепке дейінгі жаста табиғатпен танысу арқылы балада әсемдік сезім, жауапкершілік пен экологиялық мәдениет қалыптасады. «Табиғатты аялайық» тақырыбы – балаларға туған жердің сұлулығын сезінуге, оны қорғауға және бағалауға үйретудің алғашқы қадамы.

Табиғатты танып-білу – таным бастауы.

Мектепке дейінгі жастағы балалар табиғатты бақылау барысында көптеген жаңа ақпарат алады. Олар өсімдіктердің өсуін, жануарлардың мінез-құлқын, ауа райының өзгерісін байқайды. Осындай бақылаулар баланың ойлау қабілетін, байқағыштығын арттырады.

Тәрбиеші балаларды табиғатты бақылауға жүйелі түрде баули отырып, «неліктен?», «қалай?», «қайдан?» деген сұрақтарға жауап іздеуге бағыттайды. Бұл олардың зерттеушілік дағдыларын дамытады.

Мысалы:
Көктемде — гүл егу, ағаш отырғызу, қардың еруін бақылау;
Жазда — бақтағы өсімдіктер мен жәндіктерді тану;
Күзде — жапырақтардың түсуін, табиғаттың түстерін байқау;
Қыста — қар мен мұздың қасиеттерін бақылау, құстарға жем шашу.

Осындай қарапайым әрекеттер арқылы бала табиғаттағы әрбір өзгерісті түсініп, оған қамқорлық жасау қажеттілігін сезінеді.

Тәрбиешінің экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі.

Тәрбиеші – баланың табиғатқа деген көзқарасын қалыптастырушы тұлға. Ол табиғат туралы тек мәлімет беріп қана қоймай, өз іс-әрекетімен үлгі болуы керек. Балалар тәрбиешінің ісінен көп нәрсе үйренеді: гүлге су құю, қоқысты жерге тастамау, жануарларға қамқор болу сияқты қарапайым іс-шаралар арқылы экологиялық тәрбие сіңеді. Өз тәжірибемнен мысал: Біздің балабақшада көктем мезгілінде «Жасыл бұрыш» бар. Онда әр топ өзіне тиесілі шағын гүлзарды баптайды. Балалар таңертең келіп, гүлдерге су құйып, жапырақтарын сүртіп, өзгерісін бақылайды. Бірде Ару есімді қыз бала гүлдің солып тұрғанын байқап: «Мына гүлге су аз тиген шығар, мен су құяйын» – деді. Бұл кішкентай ғана әрекет – үлкен жауапкершіліктің белгісі. Осындай сәттерде біз баланың жүрегіне табиғатқа деген қамқорлық дәнін егеміз.

Сонымен қатар, күз мезгілінде «Құстарға қамқор болайық» атты жоба өткіздік. Балалармен бірге нанның ұнтағын жинап, өз қолдарымен жем салғыш жасап, ағаш бұтағына іліп қойдық. Осы арқылы балалар қысқы табиғаттың қиындығын түсініп, тіршілік иелеріне жанашыр болуды үйренді.

Балабақшада экологиялық тәрбие беру бағытында төмендегідей жұмыстарды ұйымдастыру тиімді:
• «Табиғатты аяла» атты сурет көрмесін өткізу;
• «Біз табиғат достарымыз» атты экологиялық ойын ұйымдастыру;
• Құстар күні, Орман күні, Жер күні сияқты мерекелерге арналған ашық іс-шаралар өткізу;
• «Жасыл бұрыш» жасап, балалармен бірге өсімдік егу және күту.

Халық педагогикасындағы табиғатқа сүйіспеншілік.

Қазақ халқы ежелден табиғатпен етене өмір сүріп, оны аялауды ұрпағына өсиет еткен. «Су — өмірдің көзі», «Жер-ананы қорласаң, өзіңді қорлағаның», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығы табиғатқа деген терең құрметті көрсетеді.

Тәрбиеші халық ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалана отырып, балаларға табиғатты сүю, қорғау, бағалау жайында түсінік бере алады.
Мысалы:
• Табиғат туралы мақал-мәтелдер мен жұмбақтар айту;
• Ертегілер («Жер-ана мен бала», «Күн мен бұлт», «Жаңбыр тамшысы») арқылы экологиялық тәрбие беру;
• Дәстүрлі ойындарда табиғат элементтерін пайдалану.

Халық педагогикасы – баланың ұлттық сана-сезімін, табиғатқа сүйіспеншілігін оятудың ең тиімді жолдарының бірі.

Қорытынды.

Табиғатты аялау – тек бір күндік іс-шара емес, бұл өмір бойы жалғасатын мәдениет. Балабақшадағы экологиялық тәрбие – баланың санасында табиғатты қорғау, оны құрметтеу және сүйіспеншілік сезімін қалыптастырудың алғашқы сатысы.

Бүгінгі баланың табиғатқа қамқорлығы – ертеңгі елдің болашағына деген жауапкершіліктің кепілі. Сондықтан әр тәрбиеші мен ата-ана баланың жүрегіне: «Табиғатты сүй, оны қорғай біл, өйткені ол – сенің екінші анаң» деген ұлағатты ойды сіңіруі тиіс.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх