Бала тілін дамытуда халық ауыз әдебиетінің рөлі

Қадырбекова Арайлым Саматовна
«Зейнеп, Амина және балапандар» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі,
Атырау қаласы, Атырау облысы.


Кіріспе

Мектепке дейінгі кезең – баланың тілдік және тұлғалық дамуының ең маңызды уақыты. Бұл жаста бала қоршаған ортамен тіл арқылы байланыс орнатып, өз ойын еркін жеткізуге үйренеді. Бала тілін дамыту – тек сөз үйрету емес, оның ойлау, қиялдау, есте сақтау және қарым-қатынас жасау қабілетін қалыптастыру. Осы тұрғыда халық ауыз әдебиетінің маңызы ерекше. Халық шығармашылығы – ұлттық тәрбиенің алтын қазығы, тіл мен мәдениеттің бастауы. Ертегі, мақал-мәтел, жаңылтпаш пен жұмбақ арқылы бала тек сөз үйреніп қана қоймай, өмірге көзқарасын, дүниетанымын, мінез-құлқын қалыптастырады.

Халық ауыз әдебиеті – тіл дамытудың қайнар көзі

Қазақ халқының ауыз әдебиеті – ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиесінің негізгі құралы болып келген асыл мұра. Онда халықтың дүниетанымы, рухани құндылығы, даналығы сақталған. Мектепке дейінгі ұйымдарда ауыз әдебиетінің үлгілерін пайдалану арқылы балалардың:

Коммуникативтік дағдысы – сөйлесу, тыңдау, өз ойын жеткізу қабілеті;

Танымдық дағдысы – қоршаған орта туралы түсінігі, ойша есептеу дағдысы (1 қоян, екі бала, көп қасқырлар т.б.), сөздік қоры;

Шығармашылық ойлау қабілеті – қиялдау мен бейнелеу арқылы ойды жеткізуі;

Эмоционалдық сезімдері – кейіпкерлерге жанашырлық, қуаныш, реніш сияқты сезімдерді танып-білуі;

Физикалық белсенділігі – кей ертегілер мен ойын-жұмбақтарда қимыл әрекеттер арқылы дамитыны байқалады.

Ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалану барысында бала өз халқының мәдениетін, тіл байлығын бойына сіңіріп, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарайды.

Тәрбиешінің іс-тәжірибесінен

Өз тәжірибемде бала тілін дамытуда халық ауыз әдебиетінің түрлі жанрларын жүйелі қолданамын. Әр аптаның тіл дамыту, көркем әдебиет және шығармашылық ұйымдастырылған іс-әрекеттерінде қазақтың бай мұрасын енгізу тиімді нәтиже беріп келеді.

  1. Ертегілер арқылы тіл мен ойды дамыту.
    Балаларға «Бауырсақ», “Қаңбақ шал”, «Құмырсқа мен шегіртке», «Мақта қыз бен мысық», «Ертөстік» сияқты халық ертегілерін сахналап ойнату арқылы олардың сөйлеу дағдысы артады. Мысалы, «Мақта қыз бен мысық» ертегісін сахналау кезінде балалар кейіпкерлердің сөздерін жаттап айтып, дауыс ырғағын, интонацияны сақтап үйренеді. Бұл әдіс балалардың сөйлеу мәдениетін, тіл байлығын және эмоциялық әсерін күшейтеді.
  2. Жаңылтпаш – дұрыс сөйлеудің мектебі.
    Топта күн сайын таңертеңгі жиын барысында балалармен бірге жаңылтпаш жаттаймыз. Мысалы:
    “Қап, қап, қап,
    Қайдан келді бұл қап?”

    немесе
    “Бота, бота, боз бота,
    Бөпем сүйген сөз бота.”

    Мұндай шағын жаңылтпаштар балалардың дыбысты дұрыс айтуына, сөйлеу мүшелерінің икемделуіне көмектеседі. Уақыт өте келе балалардың дикциясы жақсарып, өз сөзін анық жеткізуге дағдыланады.
  3. Жұмбақтар – ойлау мен қиялды жетілдіру құралы.
    Сабақтарда табиғат, жануарлар, тұрмыс тақырыптарына арналған жұмбақтар шештіремін. Мысалы:
    «Қыста ақ, жазда жоқ, бұл не?» (Қар)
    Мұндай тапсырмалар балалардың логикалық ойлауын дамытып, жаңа сөздерді есте сақтауға көмектеседі.
  4. Мақал-мәтелдер – өмірлік тәлім мен тіл байлығы.
    Тіл дамыту және көркем әдебиет сабақтарында тақырыпқа сай мақал-мәтелдер қолданамын. Мысалы:
    «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Отан – отбасынан басталады».
    Баланы осындай қысқа, мәнді сөздер арқылы ізгілікке, достыққа, еңбексүйгіштікке баулуға болады. Балалар мақалдың мағынасын түсініп, өмірмен байланыстыруға тырысады.
  5. Рөлдік ойындар мен көріністер.
    Балалар өздері құрастырған шағын ертегілерді сахналап көрсетеді. Бұл олардың шығармашылық, әлеуметтік-эмоцияналды, және коммуникативтік дағдыларын дамытады. Бірлесіп ойнау арқылы достық, сыйластық, көмектесу сезімдері қалыптасады.

Халық ауыз әдебиеті мен ұлттық құндылықтар сабақтастығы

Халық ауыз әдебиеті тек тіл дамытудың құралы емес, сонымен бірге ұлттық тәрбие көзі. Мақал-мәтелдер мен ертегілердің әрқайсысында еңбекқорлық, адалдық, үлкенді сыйлау, достық, бірлік секілді ұлттық құндылықтар жатыр.
Мысалы:

«Еңбек етсең – емерсің» – еңбекке баулиды;

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» – ұжымдық қатынас мәдениетін қалыптастырады;

«Жақсы сөз – жарым ырыс» – сөйлеу әдебін үйретеді.

Осындай үлгілерді жиі қолдану арқылы бала тек тілді емес, қазақ халқының рухани әлемін де бойына сіңіреді.

Қорытындылай келе, бала тілін дамытуда халық ауыз әдебиетінің рөлі – орасан зор. Ол баланың сөйлеу, ойлау, тыңдау, қиялдау және сезіну қабілеттерін кешенді түрде жетілдіреді. Тәрбиеші әрбір ертегі, мақал, жұмбақ немесе жаңылтпаш арқылы баланың жүрегіне ізгілік нұрын себеді.
Мектепке дейінгі ұйымдағы тіл дамыту жұмысы – ұлттық рух пен заманауи әдістемені ұштастырудың нәтижесі болуы тиіс. Халық даналығынан нәр алған бала тілі де бай, жаны да таза, ойы да ұшқыр болып өседі. Халық ауыз әдебиеті арқылы тәрбиеленген бала — ұлтын сүйетін, сөздің қадірін білетін, ойын анық жеткізе алатын тұлға болып қалыптасады. Сондықтан әр тәрбиеші өз іс-тәжірибесінде халық мұрасын ұрпақ тәрбиесінің басты өзегіне айналдыруы қажет.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх