Олжабай Шұғыла Марғұланқызы
Әр адам өмірінде екі нәрседен қателеспеуі керек деп жиі айтылады. Оның бірі — жар таңдау болса, екіншісі — мамандық таңдау.
Жасөспірімдер үшін ең үлкен мәселе — өмірлік жолын, яғни болашақ мамандығын дұрыс таңдап, адаспау. Алайда, көпшілігі мамандықты қалай және не үшін таңдау керек екенін терең түсіне бермейді. Соның салдарынан уақыт өте жасаған таңдауларына өкінетіндер де аз емес.
Әрине, 16–17 жаста өмірлік жолды анықтау оңай емес. Бұл жаста адам әлі бала секілді, бірақ өмір заңы бойынша үлкен шешім қабылдауға тура келеді. Көптеген түлектер болашақта қандай іспен айналысатынын білмегендіктен, ата-анасының немесе туыстарының кеңесіне сүйенеді. Кейбірі ата-анасының жолын жалғастыруды өзіне міндет деп санайды.
“Factors Affecting Career Choice in Kazakhstan” зерттеуінің нәтижесі бойынша студенттердің 55,9%-ы “отбасы дәстүрін сақтау және ата-анасының кәсібін жалғастыру” деген пікірмен толық немесе жартылай келіседі. Ал “High school students” сауалнамасында мектеп түлектерінің 69,4%-ы мамандық таңдауда ата-аналарының көмегіне жүгінгенін айтқан.
Сауалнамаға қатысушылардың 30,6%-ы “ата-ананың көмегі маңызды емес” деп есептейді. Бұл өз болашағына қатысты шешім қабылдауда әлі де дербестік пен мақсаттың аздығын көрсетеді.
Әрине, ата-анамен ақылдасып шешім қабылдау дұрыс. Бірақ, егер олардың таңдауы сіздің жүрегіңіз қаламайтын нәрсе болса, онда өз қалауыңызды тыңдаған жөн. Себебі нағыз жетістік — адамның сүйікті ісімен айналысқан сәтінде ғана келеді.
Тағы бір өзекті мәселе — жастардың көбісі “тегін оқу үшін” ғана мамандық таңдап, өзіне ұнамайтын бағытқа түседі. Өту балы төмен мамандықтарды таңдап, төрт жыл бойы бекер оқып шығатындар да бар. Мұның салдары кейін жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді.
Қазір жастардың (15–34 жас аралығында) жұмыссыздық деңгейі 3–4% шамасында. Бұл көрсеткіштің бір себебі — адамның өз қалауына сай емес мамандықты таңдауы.
Көптеген жастар кім болғысы келетінін нақты білмейді. Мұндай жағдайда мамандық таңдауға бағыт беретін кәсіби кеңесшілерге жүгінген жөн. Мәселен, Назарбаев Университетінде өткен “School Career and College Counsellors” семинарына шамамен 260 адам қатысқан. Бұл жастар арасында кәсіби бағдар берудің маңыздылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Мамандық таңдау — адамның өміріндегі ең маңызды әрі жауапты шешімдердің бірі. Бұл тек еңбек жолын ғана емес, өмір сапасын, тұлғалық дамуын, тіпті өмірлік бақыты мен қанағат сезімін де анықтайды. Сол себепті оны тек басқалардың пікіріне сүйеніп емес, ең алдымен өз жүрек қалауына, қабілетіне және қызығушылығына қарай таңдау қажет.
Бүгінгі жастар үшін ең бастысы — өз болашағына бейжай қарамау, “қалайда грантқа түсу” емес, “кім болғым келеді?” деген сұраққа шынайы жауап беру. Әр адам сүйікті ісімен айналысқанда ғана нағыз маманға айналады.
Мамандық – жай ғана жұмыс емес, ол адамның өмір мәні мен өзін-өзі жүзеге асыру жолы. Сондықтан таңдау жасауда ойланып, асықпай, өзіңді тыңда. Өйткені дұрыс таңдалған мамандық — жарқын болашақтың кепілі.