Ақпарат теңізіндегі бағдаршам

Қантбек Маржан Сәбитқызы
Алматы қаласы “Тұран” университетінің Журналистика бөлімінің 1-курс студенті


«Кітап-білім бұлағы,
Білім-өмір шырағы.
Қазір неге ғаламтор
Кітаптан биік тұрады?»

Осы сауалға байланысты менде мынадай ой туындайды:кітап пен ғаламтор арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтаймыз?

Иә,қазіргі таңда әлеуметтік желілер өміріміздің бір бөлшегіне айналған. Instagram,Facebook,YouTube,Google,Threads сынды көптеген желілер бас тарта алмас қызықты ақпаратқа толы. Бір бас сұққаннан қайта шығу тым қиын,тіпті мүмкін емес. Заман ағымының интернет желісін таңдауы,оны көптеп пайдалануы,жалпы игеруі бұл жақсы бастама. Мұны еліміз-«Цифрландыру жүйесі» деп атады. Осының арқасында әлемге тікелей байланысқа шығуға мүмкіндік ашылды,мемлекеттік рейтингті былай қойғанда,еліміздің өнертапқыштарына жаңа мүмкіндіктер ашылды,жаңа бастамаларға сеп болды. Енді міне, уақыт өте келе цифрландыру дамыған сайын, жасанды интеллектте бізге келіп жетті. Елбасымыз соңғы жолдауында ЖИ-дің маңызын атап өтіп,заман талабына сай әрекет етіп,оның болашағына аса назар аудару керек екендігімізді жеткізді. Расымен, кез келген сұрақтың жауабын оңай тауып,ақпарат көздеріне қол жеткізу едәуір жеңілдеді. Ұйымдастыру жұмыстары,жарнамалық тақтайша,сурет-бейнежазба,мектеп,әкімшіліктердегі қағаз-қисап шаруасы тағы сол сияқты бәрі де цифландыруға көшкелі жүк біраз жеңілдегендігін де жоққа шығармаймыз. Интернет ауқымы өте кең-хабар таратудан да,алудан да,ол жерде бәрі мүмкін және ашық түрде қолжетімді.

Бірақ,ғаламтор дәл кітап секілді сізді нәрлендіре алмайды. НЕГЕ? Cалыстырмалы түрде талдайық, ғаламторда жаңалықтың тек беткі қаймақтарын көріп,біле аласыз. Ал,кітаптан сіз сол қаймақтың дәмін тата отырып оның рахатын сезінесіз. Ғаламтордан кешегі,бүгінгі,ертеңгі жаңалықтарды естисіз,көресіз. Бәлкім,жаныңыз түршігерлік немесе қуанарлық. Яғни,интернетте тек бүгінгі күнмен өмір сүреміз.  Кітапқа келсек,оқып отырып сіз ішкі дауысыңызды естуге,жүрегіңізді тыңдауға жол ашасыз. Күнделікті күйбең тіршіліктен арылуға,рухыңызды байытуға көмектеседі. Өткеніңіз бен бүгініңізге есеп беруге,ал ертеңге шабытты мақсат қоюға зор әсерін тигізетін жаңалықтарға толы. Кітап оқу бұл заманауилыққа еш кедергі келтірмейді. Керісінше, жаңа қырларыңызды ашуға көмектеседі. Өзіңіз оқыған шығармадан ұнаған кейіпкеріңіз немесе басты рөлдегі кейіпкерді мысалға ала отырып, «егер мен оның орнында болсам, не істер едім?» деген сұраққа жауап іздеу-дүниетанымыңыздың ұлғаюына септігін тигізеді.

Тепе-теңдікке келер болсақ,бүгінде «ақпарат тапшылығы» деген ұғым жойылған. Ғаламтор-бұл шапшаңдық! Бізге дәл қазір керек мәліметті әп-сәтте тауып алуға болады. Кітап болса-тереңдік! Әр бетін ашқан сайын ойың тереңдей түседі. Менің ойымша,екеуін қарсы бағытқа қоймай,біріктіру қажет. Кітаппен-тереңдеп,ғаламтормен-кеңейу қажет. Ғаламторды,әлеуметтік желілерді қаншалықты пайдалансаң да өзің біл,тек жақсы бағытта жақсы жаңалықтармен. Алайда, кітап оқудан шектетіліп қалма. Өзіңе сабақ,өміріңе азық боларлықтай дүние өте көп. Кітаптан қызықты нәрсені көзің шалды ма? Оны дереу интернеттен ізде. Титтей де болсын әсер қалдырды ма,мысалы, таныс емес көнерген сөз болса да,оның мағынасын ізде. Осылай етіп отырсаң,кітап пен ғаламтор арасындағы байланыс жақсара түседі. Ол сенің қызығушылығыңды аша түспек.

Кітап та,ғаламтор да өміріміздің бір бөлшегі. Оны қалай пайдаланатынымыз ғана маңызды. Мен өз сауалыма осылайша түйін жасадым. «Ақпарат тасқынында адаспай,бағдаршамымызды дұрыс жаға білейік!»

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх