Менің анам – мейірімді, ұлағатты Ұстаз-Ана, зейнеткер Әже

Жалмухатова Аида Каримгалиевна
№ 52 «Еркетай» балабақшасының тәрбиешісі
Астана қаласы

Ана – әр баланың өміріндегі ең қасиетті, ең қастерлі, ең аяулы, ең қадірлі жан. Ал менің анам Ақерке Мәулетқызы – тек менің ғана емес, жүздеген шәкірттерінің жүректерінен орын алған ұлағатты ұстазы. Ол мектеп табалдырығын алғаш аттағаннан бастап зейнетке шыққанша, өзінің шәкірттерін  білім нәрімен сусындатып, оларға өмірлік жол сілтеген Ұлағатты Ұстаз. Әр оқушыны өз баласындай көріп, әрқайсысына мейіріммен қарап, оларды адамдыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Оның әр күні, әр сәті — шәкірттеріне арналып, білім мен тәрбиеге сіңірілген саналы еңбекпен өрілген болса, әрбір айтқан сөзі, жасаған ісі оқушы жүрегінде із қалдырмай қоймайды.

Анамның мектептен кеш қайтқаны, шаршаса да шағым айтпағаны мен үшін ұстаздық – жай жұмыс емес, шынайы махаббат екенін түсіндім. Ол ешқашан бір оқушыны бөліп-жармай, әрқайсысын бауырына басып, өмірдің қиындықтарына төтеп беруді үйреткен – екінші ана.

Бүгінде оның шәкірттері – елдің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп жүрген азаматтар мен азаматшалар. Олар қайда жүрсе де, «мектептегі анамыз», «жүрекке жол таба білген ұстазымыз» деп ризашылықпен еске алады. Бұл – анам еңбегінің еленгені, жүректерінде қалғаны.

Қазір анам – зейнеткер, немерелерінің ардақты әжесі. Дегенмен ол өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, немерелеріне тәлім-тәрбие беруден жалықпай, өмірдің ақ-қарасын ажыратуды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретіп келеді.. Немерелері үшін ол – мейірімді әже, ал біз үшін – асыл ана, өмірдің шынайы ұстазы.

Анамның әрбір сөзі – тәрбие, әрбір ісі – үлгі. Оның еңбексүйгіштігі, мейірімділігі мен парасаттылығы – нағыз ұлағатты ұстаздың бейнесі. Бұл — кез келген мұғалімге бұйыра бермейтін үлкен мәртебе.

Бүгінде зейнеткер болса да, оның жүрегінде шәкірттеріне деген сүйіспеншілік сөнген емес. Ал мен болсам, анамнан дарыған осы киелі ұстаздық жолын таңдап, жалғастырып келе жатқан тәрбиешімін. Себебі мен анамнан нағыз ұстаз қандай болу керектігін көріп өстім. «Ұстаздық жол – ауыр жол» демекші,  оны сырттай бақылап қана қоймай, оның қандай биік жауапкершілік екенін, қандай қиын әрі қадірлі іс екенін, ең бастысы – мамандығыңа адал болуды үйреткен – Асыл да Батыр ана.

Енді, міне, осы ұлағатты жолды менің келінім Гауһар Тлекқабылқызы да жалғастырып келеді. Ол — жас маман. Қазіргі заманның талабына сай, тың идеялары бар, балалармен тез тіл табыса алатын, жан-жүрегімен жұмыс істейтін ізденімпаз педагог. Оның көзіндегі отты, жұмысқа деген махаббатын көргенде, мен өзімнің алғашқы еңбек жолымды еске аламын.

Осылайша, біздің отбасымызда ұстаздық — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан киелі дәстүрге айналды. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Себебі біз білімнің шамын жағушы ғана емес, адамгершілік пен парасаттылықтың дәнін себушіміз. Ұстаздар отбасынан шыққан әр бала білімнің қадірін біліп өседі. Біз — ұрпақ болашағына қызмет етуді өзімізге аманат санаған жандармыз.

Зейнеткер болса да, мейірімнен жаралған анамның жүрегі әлі де ұстаз. Өз кәсібінің шын жанашыры. Оның жүрегі — балғын баланың арманы мен үмітіне толы, оның көзі — болашаққа сеніммен қарайтын ұстаздың көзі.

Осындай Ұлағатты Ұстаздың қызы болғаным — мен үшін ең үлкен, зор бақыт дей келе өлең жолдарын Анашыма арнаймын:

Асыл анам – Ұлағатты жанымсың!

Анам менің Ұлағатты Ұстазым,

Нұрға толы жанарың мен құшағың.

Өмір бойы тәрбиелеп келесіз,

Сізден алған сарқылмасын шуағым.

Қанша шәкірт алды білім өзіңнен,

Сөзің – асыл, өнеге ісің бәріне.

Ұстаз болып қалдың мәңгі жүректе

Құрметтейді өзіңді бәрі әлі де.

Зейнет жасы келді енді өзіңе,

Тынығасыз бейімделіп төзуге.

Немерелер қуанышқа бөлесін,

Бұлда бақыт қызықтарын көруде.

Асыл анам, жүрегімен түсінген,

Ләззат алам сенің әрбір ісіңнен.

Аман жүрші көз алдымда мәңгілік,

Зейнет деген қарттық-ау деп түсінем.

Қымбат жансың, мен үшін ең асылсың,

Аллам сенен жамандықты қашырсын.

Әкемменен мәңгі шалқып бақытқа,

Жастарыңды жүзден әрі асырсын.

Бүгін сенің кәсіби төл мерекең,

Құттықтады сен оқытқан бар шәкірт

Жылы лебіз, тілектері қабыл болсын,

Риза болдым, көріп жаңа қуаныштан жас алып.

Өзіңсің ғой өмірімнің тірегі.

Аман жүрсең – маған солғой керегі.

«Бақытты бол, ауырма» деп тілейді,

Сәбиіңнің жұдырықтай жүрегі.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх