Мектеп жасына дейінгі балаларды қоршаған әлемге құрметпен қарауға тәрбиелеу

Мұханбетиярова Айсұлу Даниярқызы

Қызылорда облысы
Шиелі ауданы
КМҚК «№1 Аққайың бөбекжай-бақшасы»
тәрбиеші

Кіріспе

Мектеп жасына дейінгі кезең – баланың табиғатпен, қоршаған ортамен танысып, алғашқы көзқарастары қалыптасатын ерекше шақ. Дәл осы уақытта ол жан-жануарларға, өсімдіктерге, адамдарға және табиғи құбылыстарға қызығушылық танытып, оларды тануға ұмтылады. Бұл шақтағы алған әсерлері оның өмір бойғы дүниетанымына ықпал етеді. Баланың бойында қоршаған әлемге деген сүйіспеншілік пен құрметті қалыптастыру – оның болашақтағы экологиялық мәдениетінің, адамгершілік қасиеттерінің берік іргетасын қалау деген сөз.

Қоршаған ортаға құрметпен қарау – тек табиғатты қорғау немесе аялау ғана емес. Ол – баланы ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа, жанашырлыққа және ізгілікке тәрбиелеудің маңызды жолы. Табиғатты сүйген бала еңбекті бағалайды, өз еңбегінің жемісін қадірлейді, тазалықты сақтауға дағдыланады. Мұндай көзқарас ертеңгі күні оның үлкенге құрметпен, кішіге қамқорлықпен қарауына да ықпал етеді.

Осы тұрғыдан алғанда мектепке дейінгі ұйымдар мен отбасының бірлескен жұмысы шешуші рөл атқарады. Балабақшада табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға қамқор болуға баулитын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылса, ал отбасында ата-ананың үлгісі арқылы ол әдетке айналады. Екі жақтың үйлесімді тәрбиесі нәтижесінде бала табиғатты қорғауды өмірлік құндылық ретінде қабылдайды.

Негізгі бөлім

  1. Табиғат – тәрбие құралы

Табиғат – балаға ең жақын әрі қолжетімді тәрбие құралы. Баланы күннің жылуы, судың тазалығы, гүлдің әдемілігі қуантады. Тәрбиеші серуен кезінде балаларға гүлді жұлмай, ағашты сындырмай, жәндіктерді ренжітпей қарауды үйретеді. Бұл – баланың бойында табиғатқа деген жанашырлық сезімін оятады.
Мысалы: көктемде гүлдің бүршік атқанын бақылау, құстарға жем шашу, ағаш отырғызу сияқты әрекеттер – баланың жүрегіне ізгілік ұялатады.

  1. Жануарлар мен өсімдіктерге қамқорлық жасау

Балабақшада балықтарға, қоянға немесе бөлме гүлдеріне күтім жасау балаларды жауапкершілікке баулиды. Әр бала кезекпен су құю, тамақ беру сияқты қарапайым істерді атқару арқылы тіршілік иелеріне қамқор болуды үйренеді. Бұл әрекеттер баланың эмоциялық әлемін байытып қана қоймай, кішкентайынан мейірімділікке тәрбиелейді.

  1. Қоршаған орта мәдениеті мен тәртіп

Қоршаған ортаға құрметпен қарау – тазалықты сақтау, қоқысты орынсыз тастамау, су мен электр қуатын үнемдеу сияқты күнделікті дағдыларды қалыптастырудан басталады. Тәрбиеші мен ата-ана балаға «тазалық – денсаулық кепілі» екенін түсіндіріп, оны іс жүзінде көрсетуі керек. Мысалы, серуен кезінде қоқыс көрсе, оны арнайы жәшікке салуды үйрету – үлкен мәдениеттің алғашқы қадамы.

  1. Экологиялық тәрбие – ұлттық құндылықтармен үндестігі

Қазақ халқы ежелден табиғатты қастерлеп, оны киелі санаған. «Судың да сұрауы бар», «Жер – ана», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақал-мәтелдер соның айғағы. Осындай ұлттық нақылдарды пайдалану арқылы балаларға табиғаттың қадірін түсіндіруге болады. Бұл олардың бойында туған жерге сүйіспеншілік пен отансүйгіштік сезімін қалыптастырады.

  1. Отбасы мен балабақшаның бірлескен жұмысы

Баланың қоршаған ортаға деген көзқарасы тек балабақшада ғана емес, отбасында да жалғасып, бекітілуі қажет. Себебі бала үшін ең үлкен тәрбие мектебі – отбасы. Егер ата-ана тәрбиешінің берген білімін қолдап, күнделікті өмірде іс жүзінде көрсетсе, тәрбие жұмысының нәтижесі әлдеқайда жемісті болады.

Ата-ананың табиғатқа деген қарым-қатынасы – бала үшін үлгі. Үйде гүл отырғызу, оны күтіп-баптау, суды үнемдеу, қоқысты сұрыптау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі баланың бойына жауапкершілікті сіңіреді. Тәрбиешінің түсіндірген экологиялық дағдыларын ата-ана қолдап отырса, бала табиғатты қорғауды қалыпты өмір салты деп қабылдайды. Отбасылық серуендер де тәрбиенің бір бөлігі бола алады. Мысалы, табиғат аясына шыққанда қоқыс жинау, құстарға жем шашу, жануарларға қамқорлық көрсету сияқты әрекеттер балаларға үлкен әсер қалдырады. Мұндай тәжірибе балаға табиғатты қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз екенін ұғындырады.

Сонымен қатар ата-ана мен тәрбиешінің үнемі байланыста болуы маңызды. Балаға үйде қандай қолдау көрсету керектігі, қандай іс-әрекеттерді дамыту қажет екендігі жайлы тәрбиеші ата-анаға бағыт-бағдар берсе, бұл тәрбиенің жүйелілігін қамтамасыз етеді.

Осылайша, отбасы мен балабақшаның бірлескен еңбегі баланың қоршаған ортаға құрметпен қарауына, табиғатты сүюіне және оны қорғауды өмірлік қағидасына айналдыруына жол ашады.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, мектеп жасына дейінгі балаларды қоршаған әлемге құрметпен қарауға тәрбиелеу – олардың экологиялық мәдениетінің, адамгершілік қасиеттерінің негізін қалау. Табиғатты аялауды, жан-жануарға қамқор болуды, тазалық пен ұқыптылықты үйренген бала болашақта жауапкершілігі жоғары, мейірімді тұлға болып өседі.

Тәрбиеші мен ата-ана бірігіп жұмыс істегенде, бала қоршаған ортаны қорғауды табиғи әдетке айналдырады. Осындай көзқараспен өскен ұрпақ – туған жерін сүйетін, табиғаттың қадірін білетін, қоғамға пайдалы азамат болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Әбдіғаппарова Ұ. А. Мектепке дейінгі педагогика. – Алматы: Қазақ университеті, 2018.
  2. Сейсенбаева Б. Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беру. – Астана: Фолиант, 2016.
  3. Әбілова З. Этнопедагогика. – Алматы: Санат, 1999.
  4. Баймұратова Б. Балабақшада экологиялық тәрбие беру әдістемесі. – Алматы: Мектеп, 2015.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх