Ешмуханова Айгерим Есетжановна
Балалардың шығармашылық дағдылары мен зерттеу іс-әрекетін дамыту оның сапасын бағалау негізінде заттық-кеңістік даму ортасын жобалау
Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілердің ең басты міндеті мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарын, үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын жүзеге асыру болып табылады. Өйткені, негізгі құжаттарда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін жайлы және қауіпсіз білім беру жағдайларын жасау, баланың даралығы мен субъективтілігін қолдауға бағытталған дамытушы заттық-кеңістіктік ортаны құру, балалардың физикалық дамуы, коммуникативтік, танымдық, зияткерлік, шығармашылық дағдыларын, зерттеушілік қабілеттерін дамыту, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыру керектігін нақтылап берді.
Жобаның өзектілігі:
Балалардың денсаулығына зақым келтірмей, шығармашылық қабілеттеріне бақыт, қуаныш сезімін ұялатып, эмоционалдық тұрғыда жағымды қуат алуға, өз-өзіне сенімді болуына ықпал етуге бола ма?» — деген сұрақтың жауабы шығармашылық орталықты құру барысында нәтижеге жетуімізге мүмкіндік берді.
Жобаның мақсаты – балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, ұлттық мәдениетке баулу арқылы патриотизмге тәрбиелеу, олардың өзіндік шығармашылық іс-әрекеті үшін жағдай жасау.
Жобаның міндеттері:
түрлі балалар әрекетінде балалардың көркем – шығармашылық қабілеттерін, дербестігін, белсенділігін дамыту;
қоршаған ортадағы әсемдікті қабылдауға баулу, шығармашылық ойлау мен қиялды дамыту;
қазақ халқының ұлттық бейнелеу өнеріне баулу арқылы патриотизмге тәрбиелеу;
балаларға тыңдауға, айтуға жастарына сәйкес, тәрбиелік мәні бар әндерді ұсыну;
балаларды қауіпсіздікті сақтауға, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Жоғарыда айтып өткен жобаның мақсат-міндеттерін жүзеге асыру мақсатында балабақшадағы топ бөлмесіне және дәлізге де «Шығармашылық» орталық құруға болатынын анықтадық.
Шығармашылық орталық – бұл балалардың қоршаған ортаның әсемдігіне қызығушылығын қалыптастырады, балалардың өздігінен бейнені жасауға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етеді. Мұнда балалар қызығушылықпен сурет салады, мүсіндейді, жапсыру жұмыстарын орындайды.
Сондай-ақ заттар мен ойыншықтарға (ұлттық аспаптар, түрлі-түсті бояулар және тсс) еркін қолжетімділікті және немен айналысатынын өз бетінше таңдауын, күні бойы өз идеяларын іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, балалардың бастамасын қолдау үшін жоспарланған әртүрлі материалдары бар орта деуге болады.
Шығармашылық әрекетке арналған материалдар мен құралдар:
— қарындаштар (қарапайым, түрлі түсті), бор, фломастерлер, бояулар, гуашь, қылқалам, сызғыш, сорғыш қағаз сүлгілер, пластмасса стақандары;
— бұйымдар жасауға арналған материалдар мен құралдар: ермексаз, қамыр, саз, ағаш, желім;
— фигуралы үлкен трафареттер;
— боямақтар;
— жапсыруға арналған материалдар мен құралдар: түрлі-түсті қағаз, түрлі-түсті және ақ картон, мата, желім, қайшы, скотч;
— зерттеу, зерделеу және бұйымдар жасауға арналған әртүрлі табиғи материалдар;
— балаларға арналған мольберт;
— матадан және клеенкадан жасалған алжапқыштар;
— тазалауға арналған мүкәммалдар (леген, шүберектер, щеткалар);
— дидактикалық ойындар;
-халықтық-қолданбалы өнер үлгілері бар альбомдар, танымал суретшілердің иллюстрациялары;
-дыбыстық музыкалық аспаптар, әртүрлі сылдырмақтар, музыкалық ойыншықтар, қоңыраулар.
Топ бөлмесіндегі «Шығармашылық» орталықты құру барысында балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, шығармашылық және зерттеушілік әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгерту, қолдың ұсақ моторикасын, командада жұмыс істеу дағдыларын дамыту, өнер туындыларын қабылдау мен түсіну дағдыларын қалыптастыру, қоршаған әлемді эмоционалды тану, 4 жастағы балалардың өзіндік шығармашылық іс – әрекеті үшін қажетті материалдар, құралдармен жабдықталды. Балалар «Шығармашылық» орталықта күн сайын ойын түрінде сурет салады, мүсіндейді, жапсырады және әртүрлі табиғи материалдардан түрлі коллаждар жасап әңгімелейді, сондай-ақ көңілді музыка тыңдап, ұлттық аспаптардың атауларын атай алады.
Ал, балабақша дәлізінде де «Ғажайып дамытушы бұрыштар» ұйымдастыруға болады.
«Қазақтың ұлттық аспаптар» бұрышында балалар қазақтың ұлттық аспаптары дыбыс ерекшелігіне қарай ішекті-шертпелі, үрмелі, ұрмалы деп бөлінетінін планшеттер, ұялы телефондар арқылы жылдам жауап беру кодымен (QR) тыңдай алады. Қандай ұлттық аспап екенін атайды.
«Ғажайып пішіндер қалашығы» бұрышында балалар өздерінің шығармашылық қиялдарымен кеңістікті бағдарлай отырып, қабырғада ілінген декоративті шегелерге түрлі-түсті резеңкелерден әртүрлі бейнелерді құрастырып жасайды, ұсақ қол моторикасы дамиды,. Онда әр түрлі көлемдегі тақталарға бормен сурет салуға дағдыланады.
«Театр» бұрышында балалар ертегі кейіпкерлерінің маскаларын киіп, қуыршақ, саусақ, үстел үсті, көлеңке және басқа түрлі театрлар арқылы сахналайды. Балалардың байланыстырып еркін сөйлеуі, қарым – қатынасқа еркін түсуі, өзіне деген сенімділігі арта түседі, шығармашылық қабілеттері дамиды.
Топтағы, дәліздегі «Шығармашылық» орталықта балалардың әрекетіне тәрбиеші үнемі бақылау жүргізіп отырады. Ең бастысы балалардың қауіпсіздікті сақтауына көп – көңіл бөлінеді. Қайшыны дұрыс ұстай білуге желімнің қақпағы ашық болса кеуіп қалуы мүмкін, сондықтан қақпағын жауып орнына қоя білуге, ұқыптылыққа тәрбиелеу дағдысы қалыптасады.