Ғылыми тағылымдама аясында Айя Софияға сапар: Өркениеттер мен діндердің тоғысуы

Докторлық диссертациямыз аясында жүзеге асқан ғылыми тағылымдама барысында біз Түркияның Стамбул қаласында орналасқан, әлемдік маңызы бар тарихи-мәдени нысан — Айя Софияға бару мүмкіндігіне ие болдық. Бұл сапар біз үшін тек танымдық қызығушылықты қанағаттандыру емес, сонымен қатар өркениеттер тарихын, діндердің өзара байланысын тереңірек түсінуге бағытталған маңызды әрі мазмұнды тәжірибе болды.

Айя София — түрлі дәуірлер мен діндердің тоғысқан символы. VI ғасырда Византия императоры Юстиниан І салдырған бұл ғимарат алғашында христиан шіркеуі ретінде қызмет еткен. Ал 1453 жылы Константинополь Осман империясының құрамына өткеннен кейін Айя София мешітке айналды. Осылайша, бір ғимараттың бойында христиандық пен исламның мәдени-рухани мұрасы қатар өмір сүріп келеді. Бұл құбылыс бізге әртүрлі сенім жүйелері мен өркениеттердің бейбіт қатар өмір сүре алатынын айқын көрсетті.

XX ғасырда Айя София музей ретінде халыққа ашылды, ал 2020 жылы қайтадан мешіт мәртебесіне ие болды. Алайда бұл өзгерістер оның тарихи-мәдени маңызын төмендеткен жоқ. Қабырғаларындағы христиан мозаикасы мен фрескалары және ислам каллиграфиясы бір кеңістікте қатар орналасып, діндер арасындағы рухани сабақтастықтың жарқын үлгісіне айналып отыр.

Біз бұл сапар барысында Айя Софияны тек сәулет ескерткіші ретінде ғана емес, мәдениеттер мен руханияттардың үнқатысу алаңы ретінде қабылдадық. Оның әрбір архитектуралық, көркемдік элементі — адамзат өркениетінің маңызды кезеңдерін бейнелейтін тарихи дерек көзі екеніне көз жеткіздік.

Айя Софияға сапарымыз тағылымдамамыздың танымдық, ғылыми және рухани маңызын арттырды. Докторлық диссертациялық зерттеуімізде өркениеттер тоғысы мен дінаралық үнқатысу мәселелері қарастырылатындықтан, бұл тәжірибе теориялық ізденістерімізді нақты тарихи шындықпен ұштастыруға үлкен мүмкіндік берді. Біз діндер арасындағы өзара құрмет пен мәдени мұраның сақталуы — қазіргі қоғам үшін аса өзекті әрі маңызды екенін терең сезініп қайттық.

Мақала авторлары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ — нің «Дінтану» мамандығының 2 курс докторанттары:
Жетпісбай Назерке Жетпісбайқызы
Агабаев Алихан Талгатович

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх