Автор: Назарбекова Мөлдір Нұржанқызы
Бесатар повесіндегі заман шындығы мен өмір шындығы
Намыс, табандылық, қайрат… Адам бойына қуат беретін де, алға жетелейтін де — осы қасиеттер екеніне бүгін тағы бір көзім жетті. Бұл ойдың туындауына Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» повесі себепші болды. «Бесатар» — егемендік жолындағы ауыр, тайғақ кешулердің айқын көрінісі мен нағыз патриотизм бейнеленген ерекше шығарма. Ерекшелігі — атауынан-ақ көрініп тұр. Отаршылдық құрсауынан шығар жолда күрескен қаншама қазақтың кеудесін тескен осы «Бесатар» қаруының тәуелсіздікпен байланысы қандай?
Бұл повесть мен үшін жай шығарма емес, қазақ халқының басынан өткен әділетсіздіктерді ашық көрсеткен, шынайы туынды. Осы арқылы А.Сүлейменовтің көркем сөз шебері екенін де айқын аңғаруға болады. «Жазушы дегеніміз — стиль», — дейді өзі. Осыдан-ақ жазушының әр шығармасына ерекше мән беріп, сөз саптауы мен жазу мәнері өзгеше болғанын түсінеміз. Ал оның ішінде «Бесатар» повесінің орны тіпті бөлек. Шығарма 1968 жылы жазылып, үзінділері «Лениншіл жас» газетінде жарияланған, кейін 1970 жылы «Бесін» атты алғашқы жинаққа енген. Бұл туындының ерекше екенін Ғ.Мүсірепов те атап өткен: «Асқар қозғалыстың сырт көріністерін, оқиға тізбектерін алмаған, ішін аша білген соң сыртқы көріністер өзінен-өзі көз алдыңа тізбектеле береді». Сонымен қатар Ғ.Мүсіреповтің бұл повеске алғы сөз жазуы шығарманың кеңестік цензурадан өтуіне мүмкіндік берген.
Жалпы, повесть 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті кейіпкерлердің ішкі күйзелісі, сезім арпалысы арқылы көркем бейнелейді. Біз қазір бақыттымыз, бейбіт, тәуелсіз елде өмір сүріп келеміз. Алайда ата-бабамыз аңсаған бұл шаққа жету оңай болмаған. Егемендік жолында қазақ халқы не көрмеді десеңізші. 1731 жылдан бастап, Сырым батыр, Махамбет пен Исатай, Кенесары бастаған көтерілістер — бәрі осы жолда жан берген батырлар. Осы қатарда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің орны ерекше. Неге? Себебі бұл қозғалыс ұлттық сана-сезімнің оянып, елдің дербестікке деген ұмтылысын айқын көрсеткен алғашқы ірі қадам болды. Екіншіден, халық өз бостандығы жолында алғаш рет ұйымдасқан түрде бас көтеріп, болашақ Алаш қозғалысына жол ашты. Бұл — үлкен жеңіс.
Мен үшін бұл шығарманың тағы бір ерекшелігі — жазушы бүкіл оқиғаны бір тәуліктің ішінде сипаттай отырып, халықтың намысын, әке мен баланың қарым-қатынасын, елге деген махаббатты, патша үкіметінің қазаққа жасаған қысымын шынайы әрі терең бере білген. 21 жасар Сәруардың ауылға оралып, не әкеге, не халқы мен жеріне адал боларын білмей, екі оттың ортасында қалған сәттері оқырманның жанын тербейді.
Осы тұсты оқығанда көзіме еріксіз жас келді. Бұл — аяныштың емес, намыстың жасы еді. 21 жас — қарап тұрсаңыз, аса үлкен жас емес. Өзімнен бірнеше жас қана үлкен. Бірақ оның көргені мен қазіргі жастардың тірлігін салыстыруға да келмейді. Қазіргілер осындай жағдайда қандай шешім қабылдар еді? Әлеуметтік желі мен уақытша қызықтың соңында жүрген кейбір жастардың бойында Сәруардай намыс табылар ма еді? Әрине, бәріне күйе жағуға болмайды, намысты, қайратты жастарымыз бар. Десе де, көпшілігі өз қара басын ойлап, халық мүддесін кейін қоятыны — бүгінгі өмірдің шындығы. Міне, менің ішкі жан дүниемді қозғап, көзімнен жас шығарған да осы мәселе.
Қорыта келгенде, Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» повесі — тарихымыздың қасіретті де, қайсар беттерінің көркем шежіресі. Ол — өткенімізді ұмытпай, бүгінімізді бағалауға шақырады. Шығарма арқылы автор замана шындығын шебер көрсете отырып, оқырманды елдікке, намыс пен бірлікке үндейді. Жас ұрпаққа отансүйгіштік пен рух биіктігін үлгі ететін бұл туынды — ұлттық әдебиетіміздің аса құнды жәдігері деп сеніммен айта аламын.