Суйрибаев Бакитбай Пиралиевич
Физика және информатика пәндері оқытушысы
«Каспий» жоғары педагогика және салалық
технологиялар колледжі
Қазіргі жаһандану үдерістері мен технологиялық өзгерістер жағдайында Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен өнеркәсіптік дамуы сапалы, бәсекеге қабілетті кадрлармен тікелей байланысты. Жаңа өндірістік ортаның талаптарына бейімделген мамандарды даярлау – еліміздегі кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Еңбек нарығындағы сұраныс жыл сайын өзгеріп, күрделене түсуде. Соған сәйкес кадр даярлау жүйесінің де құрылымдық және мазмұндық трансформациясы қажеттілікке айналды.
Осы тұрғыда өндіріс пен білім беру арасындағы өзара әрекеттестікті жаңа деңгейге көтеру – өзекті мәселе. Әсіресе өндірістік симбиоз қағидаттарына сүйенген кері дуалды оқыту моделі қазіргі заман талаптарына жауап бере алатын тиімді шешімдердің бірі ретінде ұсынылуда. Бұл жұмыста мен өндірістік симбиозға негізделген кадр даярлау экожүйесінің инверсиялық моделін әзірлеп, оның құрылымы мен артықшылықтарын ғылыми негізде сипаттауды мақсат еттім.
Кәсіптік білім беру мен еңбек нарығы арасындағы алшақтық – көптеген елдерде кездесетін жүйелі проблема. Қазақстанда бұл мәселені шешу үшін дуалды оқыту жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Дуалды оқыту – теория мен практиканы ұштастыра отырып, студенттің өндірістік ортада тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беретін тиімді тәсіл. Бұл модель алғаш рет Германия, Австрия, Швейцария және Оңтүстік Корея сияқты елдерде кеңінен қолданылып, оң нәтижесін көрсетті.
Қазақстанда дуалды оқыту жүйесі 2012 жылдан бастап іске қосылып, бірқатар колледждер мен кәсіпорындар арасында серіктестік орнады. ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл жүйені білім берудің басым бағыты ретінде бекітті. Алайда, отандық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дуалды оқытудың енгізілуі бірқатар қиындықтарға тап болды: оқу-өндірістік базаның жеткіліксіздігі, кәсіпорындармен тұрақты байланыстың болмауы, нормативтік-құқықтық шектеулер мен қаржыландыру мәселелері.
Сондықтан мен өз жұмысымда дәстүрлі дуалды оқытудан өзгеше, жаңаша формат–кері дуалды оқыту моделіне басымдық беріп отырмын. Бұл модель өндіріс орнының белсенді қатысуына және бастамашылдығына негізделеді. Мұнда кадр даярлау процесі кәсіпорынның сұранысынан басталып, оқу орны серіктес және бейімдеуші ретінде қатысады.
Өндірістік симбиоз – бұл кәсіпорындар арасында ресурстарды тиімді пайдалану және өзара қолдау арқылы ортақ мүдде қалыптастыруға негіз-делген ұғым. Бұл қағида білім беру жүйесіне енгізілгенде, оқу орындары мен өндіріс арасында ұзақ мерзімді, құрылымдалған серіктестік орнайды. Нәтижесінде, кадр даярлау экожүйесі қалыптасып, білім беру мазмұны нақты өндірістік сұранысқа сәйкес өзгереді.
Zoller (2018) кері дуалды оқыту моделін сипаттай келе, бұл тәсіл компаниялар үшін кадр даярлаудың стратегиялық құралы болатынын атап өтеді. Бұл модельде кәсіпорын оқыту процесін өз базасында ұйымдастырады, ал оқу орны бағдарламалық, әдістемелік және академиялық қолдауды қамтамасыз етеді. Мен зерттеу барысында бірнеше сапалық және сандық әдістерді пайдаландым:
Сауалнама–колледж студенттері мен оқытушылары арасында дуалды оқыту жүйесіне қатысты сауалнама жүргіздім. Нәтижесінде, қатысушылардың көпшілігі өндірісте білім алу тиімді деп тапты.
Кәсіпорын өкілдерімен сұхбат-дуалды оқытуды енгізіп жатқан кәсіпорын мамандарымен тереңдетілген сұхбаттар арқылы жұмыс берушінің жүйеге деген көзқарасын білдім.
Құжаттық талдау–Қазақстандағы дуалды білім беру жүйесіне қатысты бірқатар нормативтік-құқықтық актілерін зерделедім, атап айтқанда:
«Дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туалы» ҚР БҒМ-нің 2016 жылғы 21 қаңтардағы №50 бұйрығы – дуалды оқытудың жалпы тәртібі мен құрылымын айқындайды.
Сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1600013422
«Жоғары оқу орындарында дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидалары» – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023 жылғы бұйрығы. Сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033206
«Дуальды оқыту туралы үлгілік шарттың нысандарын бекіту туралы» 2016 жылғы №93 бұйрық – оқу орны мен жұмыс беруші арасындағы құқықтық қатынасты реттейді.
Сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1600013227
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» зерттелді. Онда дуалды оқытуды кеңейту стратегиялық бағыт ретінде көрсетілген.
Сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2300000249
Кейс-анализ – дуалды оқытуды іске асырып жатқан колледждер мен кәсіпорындар арасындағы нақты серіктестік тәжірибелері қарасты-рылды.
Кері дуалды оқыту моделі келесі сипаттармен ерекшеленеді:
Бастамашы тарап–кәсіпорын. Оқу процесі өндірістің ішкі сұранысына негізделеді.
Оқу мазмұны–нақты өндірістік міндеттерге бейімделген. Жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтар оқу бағдарламасына тікелей енгізі-леді.
Білім беру ортасы–кәсіпорынның өз базасы. Студент оқу орнында емес, нақты өндіріс орнында білім алады.
Оқу орнының рөлі–бейімдеуші және серіктес. Академиялық сапаны қамтамасыз етеді, бірақ оқу процесін тікелей басқармайды.
Дуалды және кері дуалды оқыту модельдері қазіргі білім беру жүйесінде теория мен практиканы ұштастыра отырып, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлаудың тиімді жолдары ретінде қарастырылады. Бұл екі модельдің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, артықшылығы мен шек-теулері бар. Оларды салыстыру үшін келесі негізгі өлшемдерге сүйенемін
Дуалды және кері дуалды оқытудың салыстырмалы талдау кестесі
Өлшемдер
Дуалды оқыту
Кері дуалды оқыту
Анықтамасы
Теория мен тәжірибені қатар жүргізетін оқыту моделі.
Өндірісте басталып, кейін білім беру ұйымында жалғасатын оқыту.
Оқу процесінің бағыты
Колледж/ЖОО → өндіріс/кәсіпорын
Кәсіпорын → колледж/ЖОО
Бастапқы оқыту орны
Білім беру мекемесі
Жұмыс орны / өндірістік орта
Тәжірибе мен теория арақатынасы
Теория басым, кейін практикамен нығаяды
Алдымен практика, кейін теориямен тереңдетіледі
Мақсаты
Оқушыны жұмысқа бейімдеу, дағды қалыптастыру
Қызметкердің кәсіби білімін тереңдету, сертификаттау
Негізгі мақсатты топ
Студенттер (оқу процесіндегілер)
Жұмыс істеп жүргендер немесе жаңа бастаған мамандар
Ұйымдастырушы субъект
Білім беру ұйымы (колледж, ЖОО)
Кәсіпорын, өндіріс орны
Құқықтық негіз
ҚР БҒМ/Оқу-ағарту министрлігі бұйрықтары, білім беру стандарттары
Кәсіптік стандарттар, кәсіпорын ішкі құжаттары
Қолдану саласы
Техникалық, аграрлық, қызмет көрсету салалары
Кәсіби қайта даярлау, өндірістік мамандандыру
Артықшылығы
Негізді оқу бағдарламасы, жүйелі бақылау
Нақты еңбек жағдайларына бейімделу, икемділік
Шектеуі
Өндірістен оқшау ортада басталады
Теориялық білім кейде жетіспеуі мүмкін
Дуалды оқыту-білім алушыны кәсіби ортаға бейімдеуге бағытталған, білім беру жүйесінен бастау алатын модель. Бұл тәсіл студенттерге теория мен практиканы қатар меңгеруге мүмкіндік беріп, олардың еңбек нарығына жылдам бейімделуіне жағдай жасайды. Дуалды оқыту–кадр даярлаудың икемді әрі тиімді жолдарының бірі болып табылады.
Кері дуалды оқыту–өндірісте жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің кәсіби білімін толықтыруға бағытталған оқыту моделі. Бұл тәсіл мамандардың теориялық және академиялық білімін жаңғыртуға, олардың кәсіби өсуіне ықпал етеді. Кері дуалды оқыту-үздіксіз кәсіби дамуды қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі болып табылады.
Қазіргі заманғы еңбек нарығы кәсіби құзыреттілігі жоғары, тәжірибесі мен теориялық білімі тең үйлескен мамандарды талап етеді. Осы орайда дуалды және кері дуалды оқыту модельдері еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің арасындағы байланысты нығайтудың тиімді жолы ретінде танылады. Дуалды оқыту моделі студенттерді оқу барысында өндірістік ортаға жақындатып, теория мен практиканы қатар меңгеруге жағдай жасайды. Бұл тәсіл жас мамандардың кәсіби бейімделуін жеделдетіп, жұмыс берушілердің талаптарына сай кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.
Ал кері дуалды оқыту моделі-жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, кәсіби жаңғыруына және үздіксіз дамуына бағытталған. Бұл модель өндірістегі нақты тәжірибені теориялық біліммен толықтырып, кәсіпорынның адами капиталының сапасын көтеруге ықпал етеді.
Екі модельдің де өз орны, мақсаты және нысаналы тобы әртүрлі болғанымен, түпкі мақсаты-еңбек нарығының сұранысына сай, жанжақты дайындалған, икемді, бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру. Сондықтан бұл оқыту түрлері бірін-бірі толықтырып, кәсіптік білім беруде стратегиялық маңызға ие.