Қазіргі замандағы діни сауаттылықтың маңызы: дінтанулық көзқарас

Автор: Кауен Альбина

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасы, 1-курс студенті

Жетекші: Кантарбаева Жанна Уринбасаровна филос.ғ.к., Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті

Қазіргі қоғам – ақпарат ағыны тасқындаған, түрлі идеологиялар мен көзқарастар еркін таралатын кеңістік. Осындай заманда діни сауаттылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсуде. Діни сауаттылық дегеніміз не? Ол не үшін қажет? Бұл ұғымға дінтану ғылымы тұрғысынан қарап көрейік.

 

Діни сауаттылық – адамның діни білімдерден хабары болуын, түрлі діни ағымдарды ажырата білуін, дәстүрлі және радикалды көзқарастардың аражігін түсінуін білдіреді. Ол – тек дінге сенетін адамдар үшін ғана емес, бүкіл азаматтық қоғам үшін қажет қасиет. Себебі дін – тек наным жүйесі ғана емес, ол – мәдениет, этика, мораль, дәстүр мен тарихтың ажырамас бөлігі.

Қазақстан қоғамы көпұлтты әрі көпконфессиялы. Ислам мен христиан дінінің түрлі тармақтары, сондай-ақ буддизм мен иудаизм өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Осындай жағдайда діни сауаттылық – ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің, ішкі тұрақтылықтың кепілі. Әсіресе жастардың дінге қызығушылығы артқан уақытта, олардың діни сауаттылығының деңгейі – ел болашағына тікелей әсер ететін фактор.

Қазіргі кезде экстремизм мен радикализмнің алдын алудың тиімді жолдарының бірі – дінді дұрыс түсіндіру. Бұл жерде дінтанушылар мен имамдардың, мұғалімдер мен ата-аналардың рөлі ерекше. Әлеуметтік желілердегі түрлі видеолар мен неше түрлі ақпараттар қазіргі кезде жастардың миын улауда.Олар тек діни мәтіндерді үйретіп қана қоймай, оның философиялық, моральдық, мәдени мағынасын да түсіндіруі тиіс.

Дінтану ғылымы – осы салада маңызды құрал. Ол дінді ғылыми тұрғыдан түсіндіреді, дін мен қоғам, дін мен саясат, дін мен мәдениет арасындағы байланысты саралайды,түсіндіреді.Дінтанушы мамандар діни білімді діни насихатпен шатастырмай, объективті түрде жеткізуі керек. Бұл – діни сауаттылықты қалыптастырудағы басты қағида.

Сондай-ақ, зайырлы қоғамда діни сауаттылық аясында дін мен мемлекеттің ара-жігін ажырата білу, діни сенім бостандығы ұғымдарын дұрыс түсіну де маңызды. Діни сауатты адам – өзгелердің сеніміне құрметпен қарайтын, өз сенімін ұтымды қорғай алатын, радикалды идеологияларға қарсы тұра алатын тұлға.Қазіргі кезде діни сауатты болу өте маңызды өзге дінге кіріп теріс ағымға түспеуге осы діни сауаттылық көмектеседі.

Соңғы жылдары Қазақстанда мектеп пен жоғары оқу орындарында дінтану курстарының енгізілуі, діни экстремизммен күрес бағдарламаларының қабылдануы – діни сауаттылықты арттырудағы нақты қадамдар. Бірақ бұл салада жетілдіретін тұстар әлі де бар. Қоғамдағы діни мәдениетті көтеру үшін білім беру жүйесіндегі сабақтастық пен сапаны арттыру қажет.Елімізде қазіргі кезде дінтану сабақтары мектеп одан кейін бакалавр,магистратура деңгейлерінде білім алу қол жетімді.

Қорытындылай келе, қазіргі заманда діни сауаттылық – тек діни білім емес, ол – әлеуметтік қауіпсіздік, рухани мәдениет пен ұлттық бірегейлікті сақтау кепілі. Сондықтан әр азаматтың діни сауатты болуы – мемлекеттің тұрақты дамуы мен бейбіт өмірінің негізі.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх