Ходжан Әсем Тахирқызы
Ғылыми жетекшісі: Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы
Тұран университеті, Алматы, Қазақстан
Аңдатпа. Бұл мақалада ағылшын тіліндегі орфоэпиялық ерекшеліктер мен диалектілердің жалпы сипаты, олардың тілдік жүйедегі орны мен қызметі қарастырылады. Әлемдік тіл ретінде ағылшын тілі географиялық, әлеуметтік және тарихи факторлардың әсерінен түрлі аймақтарда әртүрлі фонетикалық ерекшеліктерге ие. Бұл жағдай ағылшын тілінде сөйлеушілер арасындағы жергілікті акценттердің пайда болуына және олардың тілдік коммуникациядағы рөлінің артуына ықпал етеді. Осыған байланысты, мақалада ағылшын тілінің негізгі диалектілік түрлері, олардың фонетикалық және орфоэпиялық ерекшеліктері талданып, жергілікті акценттердің сөйлеу мәдениетіне, қарым-қатынасқа және тіл үйренушілерге тигізетін әсері зерттеледі. Сонымен қатар, зерттеуде британдық (Received Pronunciation, Cockney, Scouse, Geordie), америкалық (General American, Southern, New York), австралиялық және басқа да аймақтық акценттердің ерекшеліктері қарастырылады. Әртүрлі диалектілердің фонетикалық айырмашылықтарын сипаттау барысында, олардың дыбысталу жүйесіндегі өзгешеліктері, әлеуметтік мәртебесі мен прагматикалық қолданысы анықталады.
Мақаланың мақсаты – ағылшын тіліндегі орфоэпиялық нормалар мен аймақтық акценттердің ерекшеліктерін анықтау, олардың қарым-қатынастағы, тіл үйренудегі және аударма саласындағы рөлін айқындау. Сонымен қатар, сөйлеушінің диалектісі мен акценті оның әлеуметтік мәртебесіне, мәдениетаралық коммуникациядағы орнына қалай әсер ететіні сарапталады.
Түйін сөздер: орфоэпия, диалект, акцент, фонетика, сөйлеу ерекшеліктері, лингвомәдениет, ағылшын тілі.
Phonetic Features and Dialects of the English Language: The Role of Regional Accents
Annotation. This article examines the general characteristics of phonetic features and dialects in the English language, their role, and function within the linguistic system. As a global language, English has developed various phonetic peculiarities in different regions under the influence of geographical, social, and historical factors. This phenomenon has led to the emergence of regional accents among English speakers and has increased their role in linguistic communication. In this regard, the article analyzes the main dialectal variations of the English language, their phonetic and phonological features, and the impact of regional accents on speech culture, communication, and language learning. Additionally, the study examines the characteristics of British (Received Pronunciation, Cockney, Scouse, Geordie), American (General American, Southern, New York), Australian, and other regional accents. By describing the phonetic differences between various dialects, the research identifies their unique pronunciation systems, social status, and pragmatic use. The purpose of this article is to identify the phonetic norms and regional accent features in English, as well as to determine their role in communication, language learning, and translation. Furthermore, the study explores how a speaker’s dialect and accent influence their social status and position in intercultural communication.
Keywords: phonetics, dialect, accent, pronunciation, speech characteristics, linguistic culture, English language.
Орфоэпические особенности и диалекты английского языка: роль региональных акцентов
Аннотация. В данной статье рассматриваются общие характеристики орфоэпических особенностей и диалектов английского языка, их роль и функции в языковой системе. Как глобальный язык, английский приобрел различные фонетические особенности в разных регионах под влиянием географических, социальных и исторических факторов. Это явление привело к появлению региональных акцентов среди носителей английского языка и увеличило их роль в языковой коммуникации. В связи с этим в статье анализируются основные диалектные разновидности английского языка, их фонетические и орфоэпические особенности, а также влияние региональных акцентов на культуру речи, коммуникацию и изучение языка. Кроме того, в исследовании рассматриваются характеристики британских (Received Pronunciation, Cockney, Scouse, Geordie), американских (General American, Southern, New York), австралийских и других региональных акцентов. Описывая фонетические различия между различными диалектами, исследование выявляет их уникальные особенности произношения, социальный статус и прагматическое использование. Цель статьи – определить орфоэпические нормы и региональные акцентные особенности английского языка, а также их роль в коммуникации, изучении языка и переводе. Кроме того, исследуется, как диалект и акцент говорящего влияют на его социальный статус и положение в межкультурной коммуникации.
Ключевые слова: орфоэпия, диалект, акцент, фонетика, особенности речи, лингвокультура, английский язык.
Кіріспе
Қазіргі жаһандану үдерісі қарқынды дамып келе жатқан жағдайда шет тілін меңгеру — заман талабы. Әсіресе, ағылшын тілі — халықаралық қатынас, ғылым, техника, туризм, БАҚ және білім беру салаларында кеңінен қолданылатын жетекші тілдердің бірі. Бүгінгі күні бұл тіл әлем бойынша миллиардтаған адамның екінші немесе шет тілі ретінде меңгеріп жатқан тіліне айналған. Осындай ауқымды қолданыс ағылшын тілінің аймақтық ерекшеліктері мен айтылымдағы әртүрлілікті тудырып отыр.
Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар ұлт пен мәдениеттің айнасы. Ағылшын тілі әлемнің көптеген елдерінде қолданылғандықтан, әр аймақтағы тұрғындардың тілді дыбыстау ерекшеліктері қалыптасқан. Бұл ерекшеліктер тілдің акцент, диалект, орфоэпия сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Мысалы, британдық, америкалық, австралиялық немесе канадалық ағылшын акценттерін салыстырғанда, бір сөздің түрліше дыбысталатынын байқаймыз. Бұл тіл иелерінің өзіндік ерекшелігін білдірумен қатар, тілді оқып-үйренушілерге белгілі бір деңгейде қиындық тудыруы мүмкін.
Орфоэпия – сөйлеу барысында сөздердің дұрыс айтылу нормаларын қарастыратын тіл білімінің саласы. Ағылшын тілінің фонетикалық жүйесі басқа тілдерге қарағанда күрделірек, себебі бұл тілде жазылу мен айтылу арасында елеулі айырмашылықтар бар. Көп жағдайда сөздің орфографиясы оның қалай дыбысталатынын нақты көрсете бермейді. Мысалы, «colonel» сөзі «кёрнел» деп оқылса, «queue» сөзі бір ғана [kjuː] дыбыстық тіркесімен айтылады [P. Roach. English Phonetics and Phonology:10]. Мұндай ерекшеліктер тілді үйренушілер үшін орфоэпиялық білімнің маңызын арттыра түседі.
Сонымен қатар, акцент пен диалект ұғымдары да тілдің фонетикалық ерекшеліктерін ғана емес, социолингвистикалық құрылымын айқындайды. Әрбір акцент адамның шыққан жерін, білімін, әлеуметтік ортасын білдіруі мүмкін. Көп жағдайда адамдар сөйлеушінің акцентіне қарап, оның мәдени немесе ұлттық болмысын болжайды. Мұндай фонетикалық ерекшеліктер түрлі аймақтарда қалыптасқан, сондықтан біртұтас ағылшын тілі деген ұғымның өзі шартты түрде ғана қолданылады. Бұл ерекшеліктерді зерттеу — тілдік әртүрлілікті түсіну мен қабылдауға жол ашады [J.C. Wells. Accents of English: 2].
Қазіргі таңда тіл үйренушілер үшін тек грамматиканы немесе сөздік қорды меңгеру жеткіліксіз. Олар нақты айтылымды, яғни орфоэпиялық нормаларды және акценттердің түрлерін де білуі тиіс. Себебі тілдік қарым-қатынаста айтылым қателіктері сөйлемнің мағынасына әсер етуі немесе түсініспеушілікке алып келуі мүмкін. Мұны болдырмау үшін орфоэпиялық сауаттылық маңызды рөл атқарады. Бұл мәселе тек шет тілдеріне қатысты емес. Қазақ тілінде де орфоэпиялық нормалардың сақталуы, дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастыру — тілдің дамуындағы өзекті бағыттардың бірі. Осы зерттеу жұмысында ағылшын тіліндегі орфоэпиялық нормалар мен жергілікті акценттердің ерекшеліктері қарастырылады. Жұмыстың өзектілігі — тіл үйренушілердің практикалық сөйлеу дағдыларын жетілдіру мақсатында айтылым ережелерін меңгерудің, акценттерді ажырата білудің маңыздылығында. Сондай-ақ, бұл тақырып тіл үйрету әдістемесінде де маңызды рөл атқарады. Орфоэпия мен акцент – тек тіл біліміне ғана емес, мәдениетаралық коммуникация мен тілдік толеранттылыққа да тікелей әсер етеді. Сондықтан, тіл үйренуші тек дұрыс сөйлеп қана қоймай, әртүрлі акцентті қабылдап, түсіне алуы керек.
Ағылшын тілі әлемнің түкпір-түкпірінде қолданылатын жаһандық тіл ретінде түрлі фонетикалық бейнелерге ие. Бұл тілдің кең географиялық таралуы әртүрлі аймақтық акценттердің (regional accents) қалыптасуына себеп болды. Акцент тек дыбыстау тәсілі ғана емес, сонымен қатар мәдениет, әлеуметтік мәртебе және жеке тұлғаның тілі арқылы өзін таныту құралы болып табылады.
- Received Pronunciation (RP): Стандартталған британдық сөйлеу.
Received Pronunciation (RP) — Ұлыбританиядағы стандартталған, бейтарап акцент ретінде қабылданады. Бұл акцент көбіне элиталық білім алған немесе бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлейтін адамдарға тән. RP акценті non-rhotic, яғни сөз соңындағы және дауыстыдан кейінгі /r/ дыбысы айтылмайды. Бұл орфоэпиялық ерекшелік бастапқыда дұрыс жазылса да, айтылымда түсіп қалуын білдіреді. Мысалдар: car — жазылуы бойынша [kɑr], ал айтылымда [kɑː], farther — айтылымда [ˈfɑːðə].
RP акцентінде trap-bath split құбылысы да тән, мұнда қысқа [æ] орнына ұзақ [ɑː] қолданылады. Мысал: bath [bɑːθ], dance [dɑːns] [Roach, 2009: 51]. Сонымен қатар, /t/ дыбысы RP-да толық және анық айтылуы керек. Бұл – орфоэпиялық норманың бір бөлігі. Мысал: bottle — [ˈbɒtl] емес, [ˈbɒtəl].
- General American (GA): Орфоэпиялық айқындылық
General American акценті — АҚШ-тағы орфоэпиялық нормаларға сай бейтарап сөйлеу түрі. Бұл акцентте /r/ дыбысы әрқашан толық айтылады (rhotic feature), яғни жазылғандай дыбысталады. Бұл – ағылшын тілінің орфоэпиялық жүйесінде маңызды айырмашылық. Мысалдар: car — [kɑːr], bird — [bɜːrd].
GA-да flapping деп аталатын орфоэпиялық құбылыс жиі кездеседі, мұнда сөз ортасындағы /t/ дыбысы /d/ сияқты жұмсарып айтылады. Мысалдар: water — [ˈwɑːdər], butter — [ˈbʌdər]. Бұл айтылым жазылудан өзгеше болғанымен, АҚШ-та норма ретінде қабылданған.
GA орфоэпиясында екпін мен интонация да маңызды: сұрақтарда интонация көтеріліп аяқталады, бұл тыңдаушыға сөйлеу мақсатын жеткізуде рөл атқарады [Wells, 1982: 80].
- Канадалық ағылшын: Орфоэпия мен дыбыстық көтерілу
Канадалық ағылшын тілі General American-ға өте ұқсас болғанымен, өзіндік орфоэпиялық ерекшеліктері де бар. Олардың ішіндегі ең белгілісі — Canadian Raising деп аталатын құбылыс. Бұл — about, house сияқты сөздерде [aʊ] орнына [ʌʊ] немесе [əʊ] дыбысының қолданылуы. Мысалдар: about — [əˈbʌʊt], house — [hʌʊs]. Бұл құбылыс жазылымнан ерекше болғанымен, Канадада орфоэпиялық нормаға айналған. Канадалық ағылшынның тағы бір айқын ерекшелігі — ou дыбыстарының сәл көтеріңкі айтылуы мен сөйлеу барысында айқын екпіннің сақталуы [Crystal, 2003: 327].
- Австралиялық ағылшын: Фонетикалық қысқару мен орфоэпиялық икемділік
Австралиялық акцент британдық тілдің колониялық нұсқасынан дамыған. Бұл акцентте көптеген сөздер жеңілдетіліп, орфоэпиялық нормалар сөйлеуге ыңғайланып өзгертілген. Дауысты дыбыстардың созылуы мен соңғы буындардың қысқаруы — басты ерекшеліктері. Мысалдар: mate — [maɪt], day — [daɪ].
Орфоэпияда сөз соңындағы /r/ айтылмайды, бұл RP-мен ұқсастығын көрсетеді. Бірақ австралиялықтар сөйлеу қарқынының жоғары болуына байланысты кей дыбыстарды «жұтып» қоюға бейім. Мысал: computer — [kəmˈpjuːtə]. Сондай-ақ сөйлеу кезінде экспрессивті интонация мен созылыңқы буындар жиі қолданылады, бұл тыңдаушы үшін акцентті анықтауға мүмкіндік береді.
- Ирландиялық және шотландиялық акценттер: Дыбыстық байлық пен орфоэпиялық нақтылық
Ирландиялық акцентте барлық /r/ дыбыстары толық айтылып, орфоэпияда ерекше орны бар. Сонымен қатар, /θ/ мен /ð/ дыбыстары көбінесе /t/ мен /d/ түрінде қолданылады. Мысал: three — [tri:], that — [dat]. Бұл – орфоэпиялық айырмашылықтың айқын мысалы.
Шотландиялық акцентте де rhoticity бар, яғни /r/ әрдайым дыбысталады. Дауысты дыбыстар қысқа, нақты. Мысал: cut — [kʌt] емес, [kʊt], bus — [bʌs] емес, [bʊs]. Бұл айтылымдар тілдің аймақтық ерекшеліктеріне қарамастан, сөйлеу мәдениетінің норма ретінде қалыптасқанын білдіреді.
Аймақтық акценттердің мұндай орфоэпиялық ерекшеліктері тек лингвистикалық құрылыммен ғана шектелмейді. Қазіргі таңда бұл ерекшеліктер медиада, поп-мәдениетте және цифрлық платформаларда кеңінен көрініс тауып отыр. Ағылшын тіліндегі әртүрлі акценттердің медиа арқылы таралуы олардың әлеуметтік қабылдануына, беделіне және тіл үйренушілер арасындағы танымалдығына айтарлықтай әсер етуде.
Медианың тілдік нормаға әсерін талдағанда, біз тек тілдің эстетикалық жағына емес, оның идеологиялық функциясына да назар аударуымыз қажет. Орфоэпиялық нормалардың қалыптасуы мен стандартталуы медиада қай акценттің “басым” болатынына тікелей байланысты. Бұл — тілдің “көріну саясаты” (visibility politics) деп аталатын әлеуметтік құбылысқа жатады. Яғни, қандай акцент жиі көрсетілсе, сол акцент “дұрыс”, “әдепті” немесе “стандарт” ретінде қабылдана бастайды. Мысалы, британдық BBC арнасы жылдар бойы Received Pronunciation (RP) акцентін тіл стандарты ретінде таңдап келді. Осы арқылы RP тек фонетикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік бедел белгісіне айналды. Бұл тенденция АҚШ-та да байқалады. CNN, ABC сияқты жетекші арналар көбінесе General American акцентін қолданады. Бұл акценттің ерекшелігі — аймақтық реңктердің минималды болуы, сөйлеудің бірізділігі мен бейтараптығы. Сол себепті бұл үлгі шетелдік аудитория үшін “сенімді” және “нақты” ақпарат көзі ретінде қалыптасады. Алайда жаңа медиа платформалар, әсіресе TikTok, YouTube, Twitch, тілдегі әртүрлілікке есік ашты. Енді диалект пен акцент бұрынғыдай шектеліп қалмай, өздігінше контенттің ерекшелігі мен даралығын көрсететін құралға айналды. Жас блогерлер мен контент жасаушылар өз аймақтық акцентін мақтанышпен көрсетіп, стандартқа бағынбаудың өзін еркіндіктің белгісі ретінде ұсынады. Бұл — орфоэпиялық плюрализмнің көрінісі. Мысал ретінде, Шотландиялық акценттің TikTok-тағы танымалдылығын алуға болады. Қарапайым күнделікті өмір жайлы әзіл видеоларда Шотланд акцентін қолдану видеоның көрілімін арттырып, аудиториямен байланыс орнатуға көмектеседі. Осындай контенттер орфоэпиялық нормаға балама ретінде қабылданады, әрі шет тілін үйреніп жүрген жастар үшін бұл акценттерге деген стилистикалық қызығушылық туындайды.
Сонымен қатар, акцент пен орфоэпия поп-мәдениетте тілдік сәйкестіліктің бір бөлігіне айналады. Мысалы, Harry Potter фильмдеріндегі кейіпкерлердің әртүрлі акцентпен сөйлеуі олардың әлеуметтік және аймақтық ерекшелігін көрсетуге арналған көркемдік құрал ретінде қолданылады. Hermione Granger-дің “стандартты” RP акценті оның білімділігін, ал Hagrid-тің West Country акценті оның ауылдық, қарапайым табиғатын бейнелейді. Бұл мысалдар акценттің орфоэпиямен қатар, кейіпкердің сипаттамасына қалай әсер ететінін дәлелдейді.
Мұндай медиа өнімдердің әсері орасан. Жасөспірімдер белгілі бір акцентке еліктеп, оны тілдік үлгі ретінде қабылдайды. Тіпті ESL (English as a Second Language) студенттері арасында белгілі бір актердің немесе блогердің акцентін үйренуге бағытталған курстар да кең таралған. Бұл – медианың тілдік модель ретіндегі ықпалын айқын көрсетеді.
Сондықтан да, орфоэпиялық нормалар тек лингвистикалық ережелер жиынтығы ғана емес. Олар – қоғамдағы идеология, мәдениет және тұлғалық ұстанымдардың көрінісі. Медиа арқылы таралған акценттер сол нормалардың қалыптасу жолдарын өзгертеді және жаңаша қабылдануына жол ашады. Бұл үрдіс орфоэпияны тек стандарттық ұғым шеңберінен шығарып, оның динамикалық, өзгермелі табиғатын мойындауға мүмкіндік береді.
Қорытынды
Ағылшын тілінің орфоэпиялық ерекшеліктері мен диалектілерінің дамуы тек тілдің фонетикалық құрылымын ғана емес, сонымен қатар оның әлеуметтік және мәдени өзара байланыстарын да айқындайды. Әрбір акцент пен диалект өз аймағының тарихи контексін, тұрғындарының әлеуметтік мәртебесін және сол аймақтың мәдени ерекшеліктерін көрсетеді. Бұл тілдің құрылымын тек бір тілдік норма ретінде ғана емес, көп мәдениеттің байланысы, әртүрлі әлеуметтік топтардың өзара әсерлесуі ретінде түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы, британдық және американдық ағылшынның арасында фонетикалық айырмашылықтар ғана емес, сондай-ақ сөздердің қолданылуы мен мағынасы да өзгереді. Бұл акценттер мен диалектілер ағылшын тілінің жаһандық ауқымда әртүрлі тілдермен байланысқа түсуіне әсер етеді, сол арқылы жаңа тілдік нормалардың қалыптасуына ықпал етеді.
Жаһандық коммуникацияның қарқынды дамуы, оның ішінде интернет пен әлеуметтік медиа платформаларының кеңінен қолданылуы, ағылшын тілінің орфоэпиялық ерекшеліктерін өзгертуге себеп болды. Ағылшын тілі әлемдік тіл ретінде көптеген түрлі акценттер мен диалектілердің алмасуына мүмкіндік туғызды. Әсіресе, ағылшын тілін үйренушілер көбінесе британдық немесе америкалық акцентті емес, халықаралық деңгейде кеңінен қолданылатын ағылшын тілінің нұсқаларын меңгереді. Бұл жаһандық тілдің біркелкілігін сақтап, түрлі акценттер мен диалектілердің арасындағы байланысты нығайтады. Соның нәтижесінде, ағылшын тілінің орфоэпиялық нормалары да уақыт өте келе өзгеріп, жаңа сипатқа ие болады.
Әлеуметтік және мәдени факторлар ағылшын тілінің орфоэпиялық ерекшеліктерінің қалыптасуына ықпал етеді. Тілдің әртүрлі диалектілері мен акценттері әрбір аймақтың әлеуметтік құрылымына, білім деңгейіне, өмір сүру стиліне және мәдениетке тәуелді болып келеді. Бұл әлеуметтік айырмашылықтар әрбір акценттің өзіндік ерекшелігін айқындап, тілдің әр түрлі аймақтардағы маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар, ағылшын тілі қазіргі уақытта тек жеке тұлғалар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, халықаралық білім беру және бизнес салаларында да басты тіл болып отыр. Бұл ағылшын тілінің әлеуметтік тұрғыдан маңызды рөл атқаратындығын және оның орфоэпиялық ерекшеліктерінің дамуын әрі қарай жалғастыру қажеттігін көрсетеді.
Ағылшын тілінің орфоэпиялық ерекшеліктерін зерттеу және талдау оның жаһандық тіл ретінде дамуындағы маңызды қадам болып табылады. Тілдің әртүрлі акценттері мен диалектілері оны тек сөзбен емес, мәдениетаралық қарым-қатынас құралы ретінде де ерекшелендіреді. Осылайша, ағылшын тілінің орфоэпиялық ерекшеліктері мен диалектілерінің даму процесі тек тілдің құрылымы ғана емес, сонымен қатар әлемнің түрлі мәдениеттері мен әлеуметтік құрылымдары арасындағы байланыстардың тереңдігін көрсетеді. Әрбір акцент пен диалект тілдің көпқырлығын, оның түрлі аймақтар мен қоғамдардағы орны мен маңызын білдіреді. Жаһандық коммуникацияның үнемі дамып отыруы бұл процесті одан әрі жеделдетіп, ағылшын тілінің жаңа орфоэпиялық нормаларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Әдебиеттер тізімі
- Roach, P. (2009). English Phonetics and Phonology: A Practical Course (4th ed.). Cambridge University Press.
- Wells, J. C. (1982). Accents of English (Vols. 1–3). Cambridge: Cambridge University Press.
- Crystal, D. (2003). The Cambridge Encyclopedia of the English Language (2nd ed.). Cambridge University Press.
- Hughes, A., Trudgill, P., & Watt, D. (2012). English Accents and Dialects: An Introduction to Social and Regional Varieties of English in the British Isles (5th ed.). Routledge.
- Ladefoged, P., & Johnson, K. (2014). A Course in Phonetics (7th ed.). Cengage Learning.
- Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және аналитикалық зерттеулер / Қазақстан
- Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, «EcoVid» ЖК. – Астана, 2023 жыл, 131-бет.
- Кемеров, Б. К. (2011). Қазақ тілінің орфоэпиялық нормалары. – Алматы: «Дәуір» баспасы.
- Jenkins, J. (2000). The Phonology of English as an International Language. Oxford University Press.
- Labov, W. (2006). The Social Stratification of English in New York City (2nd ed.). Cambridge University Press.
- Trudgill, P. (2000). Sociolinguistics: An Introduction to Language and Society (4th ed.). Penguin Books.
- Milroy, J., & Milroy, L. (1999). Authority in Language: Investigating Standard English (3rd ed.). Routledge.
- Crystal, D. (1997). English as a Global Language. Cambridge University Press.
- Montgomery, M. (2008). An Introduction to Language and Society (3rd ed.). Routledge.
- Meyerhoff, M. (2011). Introducing Sociolinguistics (2nd ed.). Routledge.
- Coupland, N. (2007). Style: Language Variation and Identity. Cambridge University Press.
- Romaine, S. (2000). Language in Society: An Introduction to Sociolinguistics (2nd ed.). Oxford University Press.
- Tagliamonte, S. (2006). Analysing Sociolinguistic Variation. Cambridge University Press.