Келисова Аида
11 сынып оқушысы
Қазіргі таңда цифрлы медиа адам өмірінің барлық бөлігіне әсер етеді. Тіпті, күнделікті өмірімізді цифрлы құралдар мен медиасыз елестету мүмкін емес сияқты көрінеді. Мәдениет пен өнер саласы да шет қалмай, жаңа бағыттармен дамып келеді. Әсіресе, кино өндірісі цифрлық технологиялардың арқасында түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бұрындары бір ғана толықметражды фильм түсіру үшін көп қаражат, кәсіби деңгейдегі үлкен түсірілім тобы, арнайы студиялар мен заманауи техникалар қажет болатын. Кино саласына қадам басу тек үлкен тәжірибесі бар, танымал режиссерлер мен продюсерлердің қолынан ғана келетін. Ал қазіргі таңда бұл жағдай айтарлықтай өзгерді. Енді кез келген адам қарапайым смартфон мен ноутбуктың көмегімен қысқа метражды фильм түсіріп, оны әлемнің түкпір-түкпіріне көрсетуге мүмкіндік ала алады. Мұның бәрі – цифрлық медианың дамуының нәтижесі, оның қолжетімділігінің белгісі. Жалпы, цифрлық медиа ұғымының ауқымы кең. Ол – интернет желісіндегі видео платформалар, әлеуметтік желілер, арнайы бағдарламалар мен мультимедиалық құралдардың жиынтығы. Бұл құралдардың әрқайсысы қазіргі заман адамдарына өз ойларын, идеяларын, тіпті көркем туындыларын көпшілікке бейнеформатта ұсынуға жағдай жасап отыр. Мысалы, YouTube, TikTok, Instagram сияқты платформалар бұрын тек суреттер мен мәтіндер үшін арналса, бүгінде олар кәсіби кино мен бейнеөнімдердің басты алаңына айналып үлгерді. Енді кино саласында жұмыс істеу үшін міндетті түрде беделді университетте оқу немесе ірі студияда жұмыс істеу талап етілмейді. Қарапайым адамдар да өз өмірінен алынған шынайы оқиғаларға негізделген қысқа фильмдер түсіріп, оларды жаһандық аудиторияға ұсына алады. Бұл шығармашылық еркіндік пен өзін-өзі білдірудің бұрын-соңды болмаған мүмкіндігін туғызды.
Цифрлық медианың тағы бір үлкен артықшылығы – түсірілім процесінің жеңілдеуі. Бұрын арнайы эффектілер немесе күрделі графика жасау үшін үлкен студиялар мен кәсіби мамандар қажет болса, қазір мұның бәрін үй жағдайында жасауға болады. Adobe After Effects, DaVinci Resolve, Blender, CupCat секілді тегін немесе арзан бағдарламалар арқылы тіпті жаңадан үйреніп жүрген адам да сапалы визуалды эффектілер мен анимациялар жасап шыға алады. Бұл бағдарламалар арқылы көріністерді өңдеу, жарық пен түс беру, дыбысты синхрондау сияқты бұрын күрделі саналған процестер де әлдеқайда жеңілдеді. Қазақстанда да мұндай цифрлық құралдарды меңгерген жастар көбейіп келеді. Олар аз бюджетпен, кейде тіпті нөлдік шығынмен де шығармашылық жобаларын жүзеге асырып жатыр. Жас режиссерлер өздерінің туындыларын YouTube, Instagram Reels немесе TikTok сияқты платформаларда жариялап, өз аудиториясын тауып, көрермен ықыласына бөленіп жүр. Көп жағдайда олар әлеуметтік желіде жарияланған фильмдер арқылы танылып, кейін кәсіби деңгейге көтеріліп жатады. Осылайша, цифрлық медиа қазіргі кино өндірісіне үлкен серпіліс әкелді. Ол тек технологиялық өзгеріс емес, сонымен қатар шығармашылық еркіндікке жол ашатын, жаңа таланттарды тануға мүмкіндік беретін күшке айналды.
Цифрлық медианың кино өндірісіне әсері тек түсірілім мен шығармашылық процестермен шектелмейді. Ол сонымен қатар фильмдердің таралу жолдарына да үлкен өзгеріс әкелді. Бұрындары киноны тек кинотеатрдан немесе теледидардан ғана көруге мүмкіндік болса, қазіргі таңда бұл шектеу жойылды. Кез келген адам өз үйінде отырып-ақ, интернет арқылы әлемдік фильмдерді көре алады. Бұл – киноны тұтыну мәдениетін түбегейлі өзгертті. Netflix, Ivi, Amediateka, Hulu, Disney+ сияқты стримингтік платформалар кино дистрибуциясының басты арналарына айналды. Олар арқылы фильмдерді шығару мен көру процесі әлдеқайда жедел әрі ыңғайлы болды.
Қорытындылай келе, цифрлық медиа кино өндірісіне үлкен өзгерістер әкеліп, оны қолжетімді әрі ашық салаға айналдырды. Жас режиссерлер өз талантын таныта алса, көрермендер сапалы контентке еркін қол жеткізе алады. Алайда авторлық құқық, сапа және көрермен мәдениеті сияқты мәселелер де маңызды. Алдағы уақытта дәстүрлі кино мен цифрлық медиа өзара үйлесіп, жаңа шығармашылық бағытқа жол ашуы мүмкін.