Аудармадағы мәдениетаралық коммуникация және көпмәдениеттілік

Ізмұхан Мөлдір Кенжеханқызы
 Тұран университеті «аударма ісі» мамандығының 1 курс студенті Қазақстан, Алматы қ.

Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы
автор-корреспондент, филология ғылымдарның кандидаты, 
қауымдастырылған профессор «Тұран» университеті Медиа және мәдениетаралық коммуникация жоғары мектебі, Қазақстан, Алматы қ.

ORCID: 0000-0002-8721-5308


 Аңдатпа. Бұл мақалада аудармадағы мәдениетаралық коммуникацияның рөлі мен оның көпмәдениетті қоғамдағы орны қарастырылады. Аударма тек тілдік процесс емес, сонымен қатар әртүрлі мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікке ықпал ететін маңызды құрал. Мақалада мәдени айырмашылықтардың аудармаға әсері, мәдениетаралық коммуникацияның ерекшеліктері және аудармашының мәдениетаралық медиатор ретіндегі рөлі талданады. Түпнұсқа мәтіндегі мәдени элементтерді аударуда кездесетін қиындықтар мен оларды шешу жолдары қарастырылады. Әртүрлі мәдениет өкілдерінің қарым-қатынасында туындайтын түсініспеушіліктер мен олардың алдын алу тәсілдері де зерттеледі. Көпмәдениетті ортада сапалы аударма жасау үшін мәдениетаралық түсіністіктің маңыздылығы атап өтіледі. Жалпы, зерттеу нәтижелері аударманың тек тілдік емес, мәдени байланыстың ажырамас бөлігі екенін көрсетеді.

Түйін сөздер: аударма, мәдениетаралық коммуникация, лингвомәдениеттану, эквиваленттілік, адаптация, интерпретация.

     МЕЖКУЛЬТУРНАЯ КОММУНИКАЦИЯ В ПЕРЕВОДЕ И МУЛЬТИКУЛЬТУРНОСТЬ

Аннотация. В данной статье исследуется роль межкультурной коммуникации в переводе и её значение в современном мультикультурном обществе. Перевод – это не просто процесс замены слов с одного языка на другой, а важный инструмент межкультурного взаимодействия. В статье анализируется влияние культурных различий на переводческий процесс, особенности межкультурной коммуникации, а также роль переводчика как культурного медиатора. Рассматриваются трудности, возникающие при передаче национально-специфических элементов оригинального текста, и пути их адаптации. Особое внимание уделяется проблемам недопонимания между представителями разных культур и способам их преодоления. Также подчёркивается значимость межкультурной компетентности для обеспечения точности и адекватности перевода в условиях многообразия культур. В целом, результаты исследования подтверждают, что перевод является не только языковой, но и культурной связью между народами.

Ключевые слова: перевод, межкультурная коммуникация, лингвокультурология, эквивалентность, адаптация, интерпретация.

  INTERCULTURAL COMMUNICATION IN TRANSLATION AND MULTICULTURALISM

Abstract. This article examines the role of intercultural communication in translation and its significance in today’s multicultural society. Translation is not merely the substitution of words between languages but a fundamental tool for fostering intercultural understanding. The paper explores how cultural differences influence the translation process, the characteristics of intercultural communication, and the role of translators as cultural mediators. It discusses the challenges of conveying culture-specific elements from the original text and the strategies used for their adaptation. Furthermore, it analyzes common misunderstandings that arise in cross-cultural interactions and how they can be mitigated. The importance of intercultural competence in achieving accurate and culturally appropriate translations in diverse linguistic environments is also highlighted. Ultimately, the study demonstrates that translation is not only a linguistic activity but a crucial bridge between cultures, enhancing global communication.

Keywords: translation, intercultural communication, linguoculturology, equivalence, adaptation, interpretation.

     Бүгінде халықтар мен елдер арасындағы қарым-қатынас күшейіп, адамдар бір-бірінің мәдениетімен, тілімен және дәстүрлерімен жақынырақ танысу үстінде. Халықаралық байланыстың, әлемдік жаһанданудың артуынан тілдер мен мәдениеттердің өзара әрекеттесуі де жоғарылап жатыр. Бұл  үдерісте аударма маңызды рөл атқарады, себебі ол тек тікелей мағынаны жеткізетін құрал ғана емес, мәдени құндылықтардың да дұрыс жеткізілуіне ықпал етеді. Алайда аударма процесінде мәдени ерекшеліктерді ескеру мәселесі өзекті болып отыр. Әрбір тілдің өзіндік дүниетанымы, ұлттық ерекшеліктері бар, сондықтан сөзбе-сөз аудару мәтіннің мәнін толық жеткізе алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, аударманың басты міндеті – оны қабылдаушы мәдениетке бейімдеу, яғни мәдениетаралық байланыстың тиімділігін қамтамасыз ету.

     Көпмәдениетті қоғамда тиімді байланыс орнату үшін әр мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерін ескеру қажет. Белгілі ғалым Леонид Степанович Бархударов аударманың басты қиындықтарының бірі – мәдени айырмашылықтарды жеткізу екенін атап көрсеткен [1.]. Белгілі бір сөздер мен ұғымдар бір тілден екінші тілге тура аударылмауы немесе олардың мағынасы әртүрлі мәдени ортада өзгеше қабылдануы мүмкін. Мұндай жағдайда аудармашы тек тілдік біліммен шектелмей, әр мәдениеттің ерекшеліктерін түсініп, оларды дұрыс жеткізе алатын мәдениетаралық құзыреттілікке де ие болуы қажет. Мысалы, қазақ тіліндегі «ұят болады» деген сөз тіркесіне назар аударайық. Бұл тіркес адамның ішкі ұяты мен моральдық ұстанымынан гөрі, көпшіліктің бақылауы мен қоғам пікіріне сүйенеді. Яғни, қазақ менталитетінде адамның әрекеті тек жеке таңдаумен емес, қоғам алдындағы жауапкершілікпен де өлшенеді. Мұндай ұғымды ағылшын тіліне жай ғана «It will be shameful» деп аудару толық мағынасын аша алмайды. Өйткені «shame» ағылшын мәдениетінде көбіне жеке адамның моральдық күйіне қатысты. Осыны ескере отырып, «Such behavior is considered disgraceful in our traditions» немесе «It is something that brings shame upon one’s family or community» (Мұндай әрекет біздің дәстүрімізде ұятты немесе  дұрыс емес іс болып есептеледі) деп аударғанда, ұғым түсініктірек  көрінеді. Тағы бір мысал ретінде қазақ халқына тән «Жолың болсын» деген баталы сөзіне тоқталуға болады. Бұл тіркес күнделікті өмірде жиі айтылатын қарапайым тілек ретінде қабылданғанымен, оның астарында терең ұлттық мағына жатыр. Қазақ халқы үшін «жол» ұғымы – тек физикалық кеңістікті емес, адамның өмір жолын, тағдырын, болашағын білдіреді. «Жолың болсын» деген сөз – ісің оң болсын, бағың ашық болсын, жақсы адамдармен жолық, өміріңде сәттілік пен табыс серік болсын деген кең мағынадағы рухани қолдау мен жақсы ниетті білдіреді. Мұндай ұғымды басқа тілге тікелей аударғанда, мысалы «Good luck» немесе «Have a nice journey» сияқты нұсқалар қолданылса, оның терең мәдени мән мағынасы толық жеткізілмейді. Өйткені ағылшын тіліндегі «good luck» көбінесе сәттілікке байланысты жекелеген оқиғаға бағытталған, ал қазақ тіліндегі «жолың болсын» — адамның тұтас өмір жолына арналған баталы тілек. Сондықтан мұндай тіркестерді аударғанда түсіндірмелі аударма тәсілін қолдану орынды болады. Мысалы: «May your path in life be open and filled with blessings, as is traditionally wished in Kazakh culture»  немесе «Wishing you a prosperous and smooth journey through life, as we say in our traditions» деген нұсқалар арқылы ұлттық дүниетанымды сақтап жеткізуге болады.

     Сондай-ақ аудармада мәдени ұлттық ұғымдар жүйесі болатын мәтіндермен жұмыс істегенде, бұл байланыстың маңыздылығы арта түседі. Айталық, қазақтың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдеріне байланысты мәтіндер — дастархан жаю, құда түсу, беташар, наурыз көже ішу секілді ұғымдардың барлығы белгілі бір рәсімдер мен символдарға негізделген. Мұндай ұғымдарды басқа мәдени ортаға аудару кезінде, аудармашы сөзді тек тура емес, оның артындағы мәдени контекстті де бере білуі керек. Мысалы, «беташар» сөзін ағылшын тіліне жай ғана «the bride’s first appearance» деп аудару жеткіліксіз. Бұл жерде нақты түсіндірме керек: «a traditional Kazakh ceremony where the bride is formally introduced to the groom’s family». Көркем әдебиетте де осы байланыс айқын көрінеді. Қазақ жазушыларының шығармаларын басқа тілге аударғанда, ұлттық сипаттар мен тілдік ерекшеліктерді жеткізу – мәдениетаралық коммуникацияны қамтамасыз етудің күрделі, бірақ маңызды тұсы. Егер бұл ерекшеліктер жоғалса, шығарманың ұлттық болмысы айқынсыз болуы мүмкін. Бұған қоса, аудармада нақты мағына ғана емес, қасымша мағына да жеткізілуі тиіс. Мысалы, «қара шаңырақ» деген ұғым тек үйдің үлкені тұратын үй дегенді ғана емес, әулеттің рухани, тарихи орталығы деген мағынада қолданылады. Бұл сөздің астарында ұрпақ сабақтастығы, жауапкершілік, құрмет сияқты мәдени құндылықтар жатыр. Оны жай ғана «main house»  деп аудару жеткіліксіз. Оқырманға осы сөздің ұлттық ерекшелігін жеткізу үшін: «The family’s ancestral home, carrying symbolic importance in Kazakh culture» деп нақтылап беру қажет. Бұл – аударма мен мәдениетаралық коммуникацияның тығыз байланысының нақты көрінісі болар еді.

     Аудармадағы мәдени ерекшеліктерді жеткізу — аударма үдерісіндегі ең күрделі мәселелердің бірі. Бұл мәселеге қатысты бірнеше ғалымның пікірлері мен ұсыныстары бар. Питер Ньюмарк өзінің «A Textbook of Translation» (1988) еңбегінде мәдени ерекшеліктерді аударудың бірнеше тәсілін ұсынған. Ол аударма үдерісінде мына әдістерді қолдануды ұсынады[2.]: 1.Транслитерация (түпнұсқа сөзді сол күйінде беру): бұл тәсілде сөздер аударылмай, сол күйінде беріледі. Мысалы, «киіз үй» немесе «Наурыз» секілді ұлттық терминдер аударылмай, түпнұсқа түрінде қалдырылады. Бұл тәсіл ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтау мақсатында қолданылады, ағылшын тіліне аударғанда «yurt» немесе «Nauryz»  деп берілуі мүмкін. 2.Сипаттамалық аударма: бұл тәсілде түпнұсқа сөздің мағынасы толығымен түсіндіріліп беріледі. Мысалы, «наурыз көже» сөзін аударғанда «traditional festive soup made during Nauryz» деп аударуға болады. Мұнда «наурыз көже» атты арнайы тағамның жасалуы мен оның мәдени маңыздылығы туралы түсінік беріледі. 3.Мәдени алмастыру: бұл әдіс бойынша аудармашы түпнұсқадағы мәдени элементті басқа мәдениетке жақын мағынамен ауыстырады. Мысалы, қазақтың «бешбармақ» тағамын ағылшынша аударғанда «meat with pasta» деп қоюға болады. Бұл жерде нақты қазақ тағамының аты қолданылмаса да, оның негізгі мағынасы мен ерекшелігі жеткізіледі.

     Сюзан Басснетт және мәдени сәйкестік. Белгілі аударматанушы ғалым Сюзан Басснетт аударма мен мәдениет арасындағы тығыз байланысты ерекше атап өткен. Ол аударма барысында түпнұсқа мәтінді аудиторияның қабылдауының маңызды екенін айтады. «Cultural filtering» (мәдени сүзгі) концепциясында Сюзан Басснетт әр мәдениет өзінің болмысын сүзгіден өткізетінін және бұл сүзгі әр аудармада байқалатынын түсіндіреді[3.]. Мысалы, қазақ тіліндегі «қымыз» сөзі ағылшын тіліне аударылғанда оны «fermented horse milk» деп түсіндіріп беруге болады. Бұл жерде қазақ халқының дәстүрлі сусындары мен олардың маңызы ашылады. Юджин Найданың динамикалық баламасы. Юджин Найда өзінің «Principles of Correspondence» еңбегінде аудармада динамикалық балама принципін ұсынған[4.]. Бұл принцип бойынша аударма оқырманға түпнұсқадағыдай әсер қалдыруы тиіс. Бұл тұрғыда мәдени сәйкестік маңызды рөл атқарады. Мысалы, қазақ тіліндегі «балаларға арналған ұлттық ойындар» ағылшынша аударылғанда олардың атаулары сақталып, бірақ сол ойындардың мәні мен маңызы түсіндіріліп беріледі.

     Халықаралық ұйымдардағы аударманың қызметі. Көпмәдениеттілік — қазіргі заманауи қоғамның ажырамас бөлігі. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропалық Одақ (ЕО), ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдарда бірнеше тілде жұмыс жүргізіледі. Бұл ұйымдардың қызметі көпұлтты және көпмәдениетті мүше мемлекеттердің мүддесін ескеруді қамтамасыз етеді. Аударма қызметі болмаса, ұйымдардың  негізгі мақсаттары жүзеге аспас еді. Бұл ұйымдарда аударма тек техникалық құрал ғана емес, мәдени саналуандылықты сақтаудың негізіне айналып отыр. Аударматанушы Эдвин Джентцтің айтуынша, «аударма — саяси және мәдени байланыстың кілті» екенін көрсетеді (Gentzler, 2001)[5.]. Көпмәдениетті мемлекеттердің тәжірибесі. Мысалы, Канадада ағылшын және француз тілдері ресми мәртебеге ие. Бұл тілдер арасындағы аударма тек ақпарат берумен шектелмейді, ол — азаматтық теңдік пен саяси бейтараптықтың белгісі. Сол сияқты Швейцарияда төрт ресми тіл (неміс, француз, итальян, романш) қолданылады. Бұл елде әр аймақтағы ресми органдар өз халқына түсінікті тілде қызмет көрсетіп, құжаттарды аударады. Мұндай тәжірибе аударманың мемлекеттік қызмет пен азаматтар арасындағы байланысты нығайтуда негізгі  рөл атқаратынын дәлелдейді.

     Аударма – мәдени құндылықтарды сақтаушы құрал. Көпмәдениетті ортада әдебиет пен өнер саласындағы аударманың да рөлі ерекше. Әдебиеттерді аудару арқылы бір ұлттың тарихи жады, этикалық ұстанымдары басқа халықтарға жетеді. Мәліметтер мен деректерге сүйенетін болсақ, UNESCO World Literature Project аясында соңғы онжылдықта әлем әдебиетінің 45%-ы 10 негізгі тілге аударылған. Бұл — аударманың мәдени мұраны сақтап, таратудағы маңыздылығын көрсетеді. Ғалым Ларри Венути «аудармашы — көрінбейтін, бірақ ең маңызды мәдени агенттердің бірі» деп тұжырымдайды (Venuti, 1995)[6.].

     Аударма үдерісінде кездесетін қиындықтар мен олардың шешу жолдары. Аударматанушы ғалым Вилен Наумович Комиссаров аударма барысында туындайтын қиындықтарды бірнеше деңгейге бөліп қарастырған[7.]. Лексикалық қиындықтар – сөздердің тура ұқсас нұсқасы жоқ болған жағдайлар. Грамматикалық қиындықтар – екі тілдің құрылымдық ерекшеліктерінен туындайтын қиындықтар. Стилистикалық қиындықтар – түпнұсқа мәтіннің мазмұны мен стилін жеткізу мәселесі. Мәдениетаралық қиындықтар – белгілі бір тіл мен мәдениетке тән ұғымдарды түсіндіру қиындылығы.

     Лексикалық қиындықтарда кейбір сөздердің нақты аудармасы болмауы – жиі кездесетін мәселе. Мысалы, ағылшын тіліндегі «privacy» сөзі қазақ тіліне тура аударылмайды. Мұндай жағдайда мағыналық теңеу табу қажет. Мысалы, «жеке кеңістік», «тұлғаның жеке өмірі» деген сияқты түсіндірмелер. Оның шешу жолы: контекстті ескеріп, мағынаны дәл жеткізетін сөз, сөз тіркесі таңдалады немесе түсіндірмелі аударма да қолданылуы мүмкін. Мәдениетаралық қиындықтар: мысалы, жапон тіліндегі «omotenashi» деген ұғым  қонақжайлылық пен қызмет көрсетудің ерекше мәдениеті болып есептеледі.  Қазақ немесе ағылшын тілінде мұндай ұғым жоқ. Оны түсініктеме қосу немесе адаптация, бейімдеу әдісі арқылы ұғымды жеткізуге болады.  Түпкі мәдени мағына жоғалмауы үшін нақты контекстті бейімдеу өте маңызды. Аударма үдерісінде туындайтын қиындықтар — бұл тілдік және мәдени айырмашылықтардың нәтижесі. Мұндай кедергілерді еңсеру үшін аудармашы ең алдымен,  теориялық білімге,  мәдениетаралық түсіністікке және тәжірибеге сүйене білуі тиіс.

     Қорытындылай келе,  аударма – бұл жай ғана тілдер арасындағы ақпарат алмасу дегенді ғана білдірмейді, ол – мәдениеттердің бір-бірімен танысу, тоғысу алаңы. Аударма үдерісінде кездесетін кез келген, түрлі  тілдік және мәдени кедергілерді талдай отырып, аудармашының кәсібилігі  қаншалықты күрделі әрі жауапты іс  екеніне тағы да көз жеткізе аламыз. Лексикалық сәйкессіздіктер, грамматикалық құрылымдардағы қандай да бір айырмашылықтар, мәдениетаралық түсініспеушіліктер – мұның барлығы аудармашыдан терең білім мен шыныққан шығармашылық қабілетті талап етеді. Мақала барысында дәлелденіп, айтылғандай  аударма жұмысында сәттілікке жетудің негізгі жолы – мәдениетаралық коммуникацияны терең түсіне білу және оны тәжірибеде сауатты қолдана алу. Вилен Наумович Комиссаров сияқты ғалымдардың теориялық негіздемелері мен талдаулары бұл салада кез-келген қиындықта бағыт-бағдар беріп, аударма үдерісін терең пайымдауға мүмкіндік береді. Жаһандану дәуірінде әртүрлі мәдениеттердің бір-біріне жақындасуы мен өзара ықпалдасуы жоғарылағандықтан сапалы аударма – халықтар арасындағы негізгі көпір ретінде, бейбітшілік пен сенімнің негізі бола алады. Аудармадағы мәдениетаралық коммуникацияны терең меңгеру – тек кәсіби талаптардың бірі емес, бұл – болашаққа жол ашатын саналы қарым-қатынастың кепілі.

                          Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

[1.] Бархударов Л. С. Язык и перевод (Вопросы общей и частной теории перевода). — Москва: Международные отношения, 1975. — 240 с.

[2.] Комиссаров В. Н. Теория перевода (лингвистические аспекты). — Москва: Высшая школа, 1990. — 253 с.

[3.] Bassnett, Susan. Translation Studies. — 4th ed. — London: Routledge, 2014. — 208 p.

[4.] Newmark, Peter. A Textbook of Translation. — New York: Prentice Hall, 1988. — 292 p.

[5.] Nida, Eugene A. Toward a Science of Translating: With Special Reference to Principles and Procedures Involved in Bible Translating. — Leiden: E. J. Brill, 1964. — 331 p.

[6.] Gentzler, Edwin. Contemporary Translation Theories. — 2nd ed. — Clevedon: Multilingual Matters, 2001. — 248 p.

[7.] Venuti, Lawrence. The Translator’s Invisibility: A History of Translation. — 2nd ed. — London: Routledge, 2008. — 336 p.

                        Список использованной литературы

[1.]Бархударов Л. С. Язык и перевод (Вопросы общей и частной теории перевода). — Москва: Международные отношения, 1975. — 240 с.

[2.]Комиссаров В. Н. Теория перевода (лингвистические аспекты). — Москва: Высшая школа, 1990. — 253 с.

[3.]Bassnett, Susan. Translation Studies. — 4th ed. — London: Routledge, 2014. — 208 p.

[4.]Newmark, Peter. A Textbook of Translation. — New York: Prentice Hall, 1988. — 292 p.

[5.]Nida, Eugene A. Toward a Science of Translating: With Special Reference to Principles and Procedures Involved in Bible Translating. — Leiden: E. J. Brill, 1964. — 331 p.

[6.]Gentzler, Edwin. Contemporary Translation Theories. — 2nd ed. — Clevedon: Multilingual Matters, 2001. — 248 p.

[7.]Venuti, Lawrence. The Translator’s Invisibility: A History of Translation. — 2nd ed. — London: Routledge, 2008. — 336 p.

                                         References

[1.]Бархударов Л. С. Язык и перевод (Вопросы общей и частной теории перевода). — Москва: Международные отношения, 1975. — 240 с.

[2.]Комиссаров В. Н. Теория перевода (лингвистические аспекты). — Москва: Высшая школа, 1990. — 253 с.

[3.]Bassnett, Susan. Translation Studies. — 4th ed. — London: Routledge, 2014. — 208 p.

[4.]Newmark, Peter. A Textbook of Translation. — New York: Prentice Hall, 1988. — 292 p. [Link]

[5.]Nida, Eugene A. Toward a Science of Translating: With Special Reference to Principles and Procedures Involved in Bible Translating. — Leiden: E. J. Brill, 1964. — 331 p.

[6.]Gentzler, Edwin. Contemporary Translation Theories. — 2nd ed. — Clevedon: Multilingual Matters, 2001. — 248 p.

[7.]Venuti, Lawrence. The Translator’s Invisibility: A History of Translation. — 2nd ed. — London: Routledge, 2008. — 336 p.

 

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх