Негізгі орта білім аясында сөздік қорды дамытудағы лексикалық тапсырмалар жүйесі
Советбекова Гүлзат Думанқызы
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті
Павлодар қ., Қазақстан
e-mail: sovetbekovagulzaat@gmail.com
Аннотация:
Бұл мақалада орта білім беру деңгейінде қазақ тілі пәнінің лексика саласын оқыту ерекшеліктері қарастырылады. Лексикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың сөздік қорын дамыту, олардың ұлттық танымы мен коммуникативтік қабілетін жетілдіру жолдары талданады. Сонымен қатар, лексиканы оқытуда қолданылатын тиімді әдістер мен принциптер ұсынылған.
Аннотация:
В данной статье рассматриваются особенности преподавания лексики в курсе казахского языка на уровне основного среднего образования. Анализируются пути развития словарного запаса учащихся посредством лексических заданий, а также рассматриваются методы формирования национального сознания и коммуникативных навыков. Кроме того, представлены эффективные методы и принципы преподавания лексики.
Annotation:
This article examines the features of teaching vocabulary in the Kazakh language curriculum at the lower secondary education level. It analyzes ways to develop students’ vocabulary through lexical tasks, as well as methods for enhancing national identity and communicative competence. In addition, the article presents effective methods and principles for teaching vocabulary.
Түйін сөздер: лексика, лексикалық тапсырмалар, сөздік қор, әдіс-тәсіл, ұлттық таным, оқу әдістемесі
Кіріспе
Сөздің сырын, мағынасын, қазақ халқының рухани мәдениетін тану – тіл біліміндегі сөздік құрамды терең зерттеуге тікелей қатысты мәселе. Қазақ тілінің сөздік қорын меңгеру – тек тілдік білімді игеру ғана емес, сонымен қатар ұлттық таным мен рухани құндылықтарды бойға сіңірудің бір жолы. Орта мектепте лексика курсын оқыту осы мәселелерге бағытталған. Бұл курстың негізгі мақсаттары: мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, фразеологизмдер арқылы оқушылардың сөздік қорын дамыту, тіл байлығын тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыру, оқушылардың коммуникативтік қабілетін жетілдіру.
Негізгі бөлім
Мектепте лексика курсын оқытуда сөздік қорды дамытудың әдістері ретінде сөздікпен жұмыс, мәтін талдау, сөздік диктанттар, шығармашылық тапсырмалар, рөлдік ойындар, пікірталастар сияқты әдістер қолданылады. Бұл әдістер оқушылардың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне, ойын дәл әрі нақты жеткізуіне, сөздерді дұрыс қолдана білуіне көмектеседі. Сондықтан қазақ тілінің сөздік қорын меңгеру – болашақ ұрпақ үшін тек тілдік құзыреттілікті дамытудың ғана емес, ұлттық сананы қалыптастырудың да маңызды құралы.
Лексикалық тапсырмалар оқушылардың жас ерекшелігі мен оқу деңгейіне сәйкес ұйымдастырылады. Оларды бірнеше топқа жіктеуге болады. Бірінші, жаңа сөздерді меңгертуге арналған тапсырмаларға жаңа сөздердің мағынасымен танысу; сөздікпен жұмыс; синонимдер, антонимдер, омонимдер, көпмағыналы сөздердің мағынасын ашу; сөздің мағынасын мәтін ішінен анықтап контекстік талдау жасауды жатқызамыз. Екінші, сөздік қорды кеңейтуге арналған тапсырмалар, яғни, тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді талдау және қолдану; фразеологизмдердің мағынасын түсіндіру, сөйлемдерде қолдану секілді нәрселерді қарастыруға негізделеді.
Мектепте лексиканы оқытуда оның тиімділігін арттыру үшін алға қойылатын негізгі принциптерді саралап алудың үлкен мәні бар. Лексиканы оқыту әдістемесінде негізінен төрт принцип бар. Бірінші принцип – сөзді болмыспен салыстыру. Мектепте сөздің мағыналық топтарын оқытуда сөздің мағынасын заттың суретімен салыстыру лексиканың көп мағыналы сөздер, синоним, омоним, антоним сияқты категорияларын танытуға үлкен септігін тигізеді. Мектеп оқулығында бұлайша салыстыру әдісіне негізделген суреттер беріледі.
Екінші принцип – лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаны салыстыру. Бұл принцип лексикалық құбылысты нақтылап, анықтап, дәлелдеп тануға, сөйлеу, жазу кезінде лексикалық қателерді болдырмауға көмектеседі. Мысалы: антоним, синоним, омонимдерді, көп мағыналы сөздерді оқытқанда, олардың лексикалық мағыналарына көңіл бөлеміз де, грамматикалық мағынасына көңіл аудармаймыз. Омонимдердің грамматикалық мағынасына көңіл аударып, олардың бір сөз табынан да, әр түрлі сөз табынан да бола беретінін салыстыра түсіндірсек, тақырыптың мазмұны ашыла түсіп, лексикалық мағынаны жақсы түсінуге мүмкіндік туады. Сөздердің лексикалық және грамматикалық белгілерін салыстырып түсіндіру барысында тағы бір еске алатын жайт – әрқашан талданатын сөз сөйлем ішінде, контексте қарастырылуы керек. Өйткені жеке тұрған сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары беймәлім болып келеді.
Үшінші – семантикалық принцип. Бұл припцип сөздердің әр түрлі сөздермен мағыналық байланысына қарай лексикалық парадигма жасау қабілетімен байланысты. Мысалы, өзара қатыстылығы арқылы бір атауға топталатын сөздер болады. Айталық, раушан, түймедақ, қызғалдақ, жауқазын, бәйшешек т.б. сөздер гүл сөзінің мағынасына енеді. Сондықтан тіліміздегі көптеген сөздердің лексикалық мағынасын тек семантикалық принцип арқылы түсіндіруге болады.
Төртінші принцип – диахрониялық принцип. Бұл принцип тіліміздегі сөз байлығының пайда болу, жасалу, қалыптасу тарихын халық өмірімен салыстыра түсіндіруге негізделген, ол көбінесе 5-сыныпта басқа тілден енген сөздер, көнерген сөздер мен неологизмдер, кәсіби сөздер туралы ұғымды оқушыларға түсіндіруде қолданылады.
«Қазақ тілі» оқулықтарында лексикалық жаттығулар тек қана лексикалық ұғымдарды пысықтауға жетелейді. Нақты қолданылуы жайында тапсырма аз берілген. Осы тұста мұғалімге көп ізденіс жасау қажет. Әуелі лексика саласы бойынша берілетін жаттығулардың өзіндік ерекшеліктеріне қарай классификациялап алған жөн. Берілетін жаттығу жұмыстарының бірінші тобы, сөз жоқ, лексикалық жаттығу болып табылады. Мұнда негізінен оқушылардың лексикадан алған теориялық мәліметтері пысықталып, сөз қолданысқа үйретіп, дағдыландыру, сөздікті пайдалану ісі игерілуі керек. Ал лексикалық жаттығулардың екінші тобы тілдің басқа салаларымен байланыстырылып жүргізілетін синтетикалық жаттығу болып есептеледі. Анығырақ айтсақ, лексикалық тақырыптан алған білімін бұрын өткен грамматика, орфография, стилистика тарауларының материалдарымен байланыстырып жаттығу. Ал стилистика саласымен байланысты лексикалық жаттығулар сөзді таңдап қолдануға, айтылатын ойға лайық сөйлем құруға, берілген сөздер мен сөз тіркестері қандай лексика-семантикалық топтарға, қайсысы қандай стильдік тармақтарға жататынын ажыратуға үйретеді. Орфографиямен байланысты жүргізілген жаттығулардың да өзіндік орны, ерекшелігі бар. Өйткені оқушылар сөз байлығын игерумен бірге оның дұрыс жазылу жолын да саналы түсінуі керек.
Қысқасы, лексиканы пысықтау үшін жаттығуларды әр түрлі тақырыппен байланыстыра отырып жүргізу өте тиімді әдіс. Мұндай тәсіл оқушылардың сөз мағыналары, олардың қолданылу ерекшеліктері туралы білімдерін тереңдетуге, жаңа сөздерді тек жаттап қана қоймай, оларды сөйлеу және жазу барысында белсенді қолдана алуына, сөздердің түрленуі, тіркесуі, мағынасы мен стильдік ерекшеліктерін дұрыс пайдалану дағдысының дамуын машықтандырады.
Оқушылардың сөздік қорын молайту, сөздерді қолдану қабілеттерін дамыту, логикалық ойлау жүйесін кеңейту үшін сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдердің орны маңызды.
Ж.Т. Қоблановтың «Лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытуда қолданылатын әдістер» атты мақаласында лексиканы оқытудың 5 түрлі ұтымды әдістері таңдалып алынған. Олар: 1) сұрақ-жауап әдісі; 2) көрнекі әдіс; 3) салыстыру әдісі; 4) іздеу әдісі; 5) сөздікпен жұмыс әдісі [5, 15].
Сұрақ-жауап әдісі оқушылардың теориялық білімін бекітуге, жаңадан игерген білімдерін қаншалықты дәрежеде меңгергендігін бақылауға, тез шешім қабылдауға септігін тигізеді. Арнайы қойылған сұрақтарға оқушылар өздеріне қажетті жауапты тез тауып, «Иә» немесе «Жоқ» деп белгілейді. Мысалы:
1) Антоним термині қазақ тілінде қолданыла ма? (Иә).
2) Дүйсенбі, бейсенбі, сенбі деген сөздер ескірген бе? (Жоқ).
Сұрақ-жауап әдісін тестілік тапсырмалар арқылы жүзеге асыру тәсілі оқушылардың берілген тапсырманы ерекше ынтамен орындауына әсер етеді. Оқушылар тестілік тапсырмалардың дұрыс нұсқаларын табу арқылы жаңа материал бойынша алған білімдерін қорытады; тақырыпты қаншалықты дәрежеде игергенін айқындайды. Бұл тапсырмадағы сұрақ-жауап әдісі оқушыларды иә, жоқ деген жауап төңірегінде емес, қойылған сұрақ бойынша өздігінен ойланып, нақты дәлелдермен ойын жеткізуге итермелейді.
Көрнекі әдіс оқушылардың білімін нығайтуға, есте сақтау қабілетін жақсартуға жәнетанымдық қызығушылықты арттыруға бағытталған. Көрнекі әдіс суретпен жұмыс істеуге, әртүрлі сөзжұмбақтарды шешуге, кестелерді толтыруға, суреттер салуға және т. б. бағытталған. Көрнекі әдіс арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі пішіндегі фигураларды ұтымды пайдалану керек. Мысалы, мынадай тапсырма берілуі мүмкін:
Тапсырма. Қазақтың әдет-ғұрпы бойынша ұл мен қызға қатысты жеңгелері айтатын атауларын жұлдызшаның ұшына тізіп жаз. Бұл тапсырма оқушылардың жұлдызшаны толтырсам деген құлшынысын арттыра отырып, орындаған тапсырманы есте сақтауына ықпал етеді.
Салыстыру әдісі жаңа материал мен өткен материал арасындағы ерекшеліктерді салыстыру арқылы алынған жаңа ақпаратты түсінуге мүмкіндік береді. Мақалада Ж.Нұржанованың «Сөздердің лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін салыстыру барысында есте сақтау керек тағы бір нәрсе бар: талданатын сөз әрқашан сөйлемде, мәтінде қарастырылуы керек. Өйткені жеке сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары белгісіз» деген пікірі берілген [5, 17].
Оқушылар салыстыру әдісі арқылы басқа тілден енген сөдердің, көнерген сөздердің,неологизмдердің қазақ халқының тарихындағы өзгерістерге, даму жолына байланысты екендігін түсінеді. Мысалы, сөйлемде кездесетін көнерген сөздерді тауып, қазіргі қолданыстағы атауын салыстырып қараңыз.
- Керекейді атпа, қонжығыжетім қалады.
- Қыз тұрды да шанаштағы бір уыс тұзды бір аяқшаға салып, Жиреншенің алдынақойды.
- Бірдің кесірі мыңға, мыңның кесірі түменге.
Іздеу әдісі. Оқушылардың жаңа тақырыпты зерттеуге деген жеке көзқарасынқалыптастырады. Оқырмандар әрдайым мәтіндегі кей сөздердің мағынасын түсінбей жатады. Сондықтан оқушылар сөздікпен жұмыс істеуді үйренуі керек.
Тапсырма. Ата-әжелеріңізбен, ата-аналарыңызбен сөйлесіңіз және олардың кәсібіне байланысты қолданатын сөздерді енгізіңіз. Осы тапсырманы орындау арқылы оқушы өзінің қоршаған ортасын, өзі өмір сүрген қоғамды тануды үйренеді. Бұл әдіс арқылы оқушы өзін ғылыми-зерттенуші ретінде сезінеді. Іздеу әдісімен орындалатын тапсырмалар оқушының өз жұмысының, өзінің ізденісінің нәтижесі болып табылады.
Ғалым А.Қыдыршаев сөздікпен жұмыс әдісі туралы: «Сөздік – қоғам, ұлт дамуыныңбелгілерінің бірі. Өздеріңіз білетіндей, ең бай ұлттың рухани байлығы жоғары болады. Өйткені ғылым мен мәдениет дамыған сайын сөздік қоры да артып келеді. Сондықтан оқушыларды мектеп орындығынан бастап сөздікті қолдануға үйрету маңызды» деп сөздік пен ұлттың дамуы арасындағы байланысты, сөздікті тиімді пайдалану қажеттілігін атап көрсеткен [5, 18].
Сөздікпен жұмыс жасай отырып, оқушылар жаңа сөздерді үйренеді, олардың мағынасынтүсінеді, сөздік қорын байытады. Мысалы, түсіндірме сөздікті пайдаланып, бұл сөздердіңқай тілден шыққанын анықтаңыз. Базар, шыны, аймақ, кәмпит, ұстаз, ноян, шәйнек, бақыт, мәшине, дүние, ұлыс.
Ф.Ш. Оразбаева мен Р.С. Рахметованың «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты оқу құралында «Қазақ тілінің лексикасы мен фразелогиясын оқыту әдістемесі» деген бөлім берілген [6, 99]. Осы бөлімде салыстыру әдісі мен сөздікпен жұмыс әдісі сөз етіледі.
Сөздердің тура және ауыспалы мағыналарын, лексикалық және грамматикалық мағыналарын ажырату үшін, сондай-ақ, омоним, синоним, антонимдерді өткенде салыстыру әдісін пайдаланған жөн екенін көрсеткен.
Ал, сөздердің шығу тарихын, түсініксіз сөздердің мағынасын тапқызуда сөздікпен жұмыс әдісін қолданса, оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтары, белсенділіктері артатынын атап өтеді [6, 100].
Қорытынды
Қорыта айтқанда, негізгі орта білім беру аясында лексика саласын оқыту – оқушылардың тілдік құзыреттілігін арттырумен қатар, ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңірудің маңызды құралы. Сөздік қорды дамытуға бағытталған лексикалық тапсырмалар мен әдістер оқушылардың тілдік танымын кеңейтіп, шығармашылық қабілетін арттырады. Лексикалық білімді тиімді меңгеру – оқушының ана тілінде еркін сөйлеуі мен жазуына, ойын нақты әрі дәл жеткізе білуіне жол ашады. Осы тұрғыда, мұғалімнің шеберлігі мен әдістемелік ізденісі оқыту сапасына тікелей ықпал етеді. Сондықтан лексиканы оқытуда жүйелі тапсырмалар мен тиімді әдістерді ұштастыра қолдану – сапалы білім мен ұлттық сананың негізін қалайды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Қалиев Ғ.,Болғанбаев Ә.Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.Оқулық.– Алматы, 264 б.
- Тіл білімінің негіздері: оқу құралы/Кәкен Аханов – Алматы: Өлке баспасы, 2010. – 560 б.
- Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі:Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті,2008. – 340 б.
- Мейірманқұлова Т. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2010 ж. – 168 б.
- Қобланов Ж.Т.Лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытуда қолданылатын әдістер. YESSENOV SCIENCE JOURNAL №1 (46)-2024
- Оразбаева Ф.Ш.,Рахметова Р.С.Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. – Алматы:Print-S, 2005. – 170 б.