Ұлы Отан соғысына – 80 жыл: Ұмытылмас ерлік сабағы

Биыл – Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл. Бұл – жай ғана сандар емес. Бұл миллиондаған тағдыр, көз жасы, үміт пен қайсарлықтың тарихы. Мен – соғысты тек кітаптан оқып, фильмнен көрген ұрпақтың өкілімін. Бірақ мен үшін бұл – алыстағы оқиға емес. Ол менің отбасымның, елімнің, жүрегімнің бір бөлігі.

1941 жылы 22 маусымда бүкіл Кеңес Одағына, соның ішінде Қазақстанға да ауыр сынақ түсті. Соғыс басталды. Кеше ғана тыныш өмір сүріп жатқан миллиондаған адам бір сәтте майдан мен тылға бөлінді. Әкелер, ағалар, тіпті бозбалалар соғысқа аттанып жатты. Ал аналары, әпкелері, қарындастары еңбек майданында күн-түн демей тер төкті. Бұл – шын мәнінде бүкіл халықтың соғысы болды.
Менің арғы атам соғысқа қатысқан. Ол туралы әжем мен атам үнемі айтып отырған. Туған жерін қорғап, ел үшін оқ пен оттың ортасынан аман шыққан адам. Ол ешқашан өз ерлігін айтып мақтанбаған. Бірақ мен оның көзінен бәрін көргенмін. Соғыстың зардабы, жоғалтқан достары, елге деген шексіз махаббаты – бәрі үнсіз сөйлейтін еді. Бүгін біз бейбіт аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Бұл – сол ардагерлердің, сол ұрпақтың арқасы. Олар бізге тек жеңісті емес, рухтың күшін, Отанға деген махаббатты, бірлікті аманат етіп қалдырды. Ұлы Жеңіс – ұмытылмас сабақ. Қазір соғыс ардагерлері жылдан-жылға азайып бара жатыр. Олардың жанында отырып, әңгімесін тыңдау – тарихпен тілдескенмен бірдей. Біз оларды көзі тірісінде қадірлеп, құрметтеп үлгеруіміз керек. Себебі тірі естелік – ең қымбат дүние.

Мектепте біз Жеңіс күніне арналған шаралар өткіземіз. Ән айтамыз, өлең оқимыз, қабырға газеттерін шығарамыз. Бұл – тек дәстүр емес. Бұл – жүректен шыққан алғыс. Мен әрдайым ойлаймын: егер сол кезде біздің батырларымыз шегініп, таусылып кетсе, біз бүгін қандай болар едік? Олардың орнында мен болсам не істер едім? Бұл сұрақ мені бей-жай қалдырмайды. Себебі бүгінгі бейбіт өмір – сол сұрақтың жауабын іздегендердің ерлігімен келген. 80 жыл өтті. Бірақ соғыс туралы естеліктер әлі де тірі. Ол біздің тарихымызда ғана емес, жүрегімізде өмір сүруі керек. Ерлік – ұмытылмауы тиіс. Жеңіс – қадірленуі тиіс. Тарих – сақталуы тиіс.

Меніңше, нағыз патриотизм – өз тарихыңды білу. Оны мақтан тұту ғана емес, одан сабақ алу. Ұлы Отан соғысы – біз үшін үлкен өмір сабағы. Бізге берілген аманат – бейбітшілікті сақтау.

Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Ал ерлік пен Отанға деген махаббат – мәңгі..
Автор: Қанат Аяулым Қуанышқызы

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *