Интернет ресурстарын пайдалану арқылы бастауыш сынып оқушыларының коммуникативтік құзыреттілігін дамыту (ағылшын тілі сабақтарында)
Жанкушков Б.О. — Абай атындағы ҚазҰПУ, П.ғ.м. аға оқытушы — Ғылыми жетекшісі
Тұрарбек Н.Т. — Абай атындағы ҚазҰПУ, 6B01306-Бастауыш білім ағылшын тілінде тобының 4-курс студенті
Реферат
Бұл мақалада интернет ресурстарын тиімді пайдалану арқылы бастауыш сынып оқушыларының ағылшын тілі сабақтарында коммуникативтік құзыреттілігін дамыту жолдары қарастырылады. Оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуда мультимедиялық материалдар, онлайн-платформалар және интерактивті бағдарламалардың рөлі талданады. Зерттеу барысында оқушылардың сөйлеу, тыңдау, оқу және жазу дағдыларын дамытуға бағытталған интернет ресурстарының артықшылықтары анықталды. Интернет құралдарының дұрыс таңдалуы және әдістемелік қолданылуы оқу мотивациясын арттырып, шет тілін меңгеру процесін жеңілдететіні дәлелденді.
Түйін сөздер: интернет ресурстары, коммуникативтік құзыреттілік, бастауыш сынып, ағылшын тілі, оқу мотивациясы.
Abstract
This article explores the use of internet resources to enhance the communicative competence of primary school students during English lessons. The role of multimedia materials, online platforms, and interactive programs in developing language skills is analyzed. The research identifies the benefits of internet resources aimed at improving students’ speaking, listening, reading, and writing skills. Proper selection and methodological application of internet tools have been proven to increase learning motivation and simplify the process of acquiring a foreign language.
Keywords: internet resources, communicative competence, primary school, English, learning motivation.
Кіріспе
Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Интернет ресурстарын пайдалану оқыту процесін жандандырып, оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Әсіресе, ағылшын тілі сабақтарында интернет құралдарының қолданылуы бастауыш сынып оқушыларының тілдік дағдыларын жетілдіруде ерекше маңызға ие. Бұл технологиялар тіл үйренуді жеңілдетіп қана қоймай, оқушылардың оқу мотивациясын арттырып, шет тіліне деген қызығушылығын оятады.
Интернет ресурстарын пайдалану бастауыш сынып оқушыларына тілді меңгерудің түрлі тәсілдерін ұсынады. Мультимедиялық құралдар, онлайн-платформалар, бейнесабақтар, интерактивті ойындар және оқу қосымшалары арқылы оқушылардың сөйлеу, тыңдау, оқу және жазу дағдылары тиімді дамытылады. Сонымен қатар, интернет ресурстары оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, дербес оқу траекториясын құруға мүмкіндік береді.
Қазақстандық білім беру жүйесінде шет тілдерін меңгеру деңгейін көтеру қазіргі таңда басым бағыттардың бірі болып табылады. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларының ағылшын тіліндегі коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру үшін заманауи интернет құралдарын тиімді пайдалану мәселесі өзекті болып қала береді. Осы зерттеуде интернет ресурстарын қолданудың әдістемелік негіздері мен тиімділігі жан-жақты талданады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Цифрлық сауаттылықты арттыру – болашақ ұрпақтың негізгі міндеттерінің бірі» екенін атап өтті. Бұл бағытта білім беру жүйесінде инновациялық технологияларды қолдану және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту маңызды. Осыған сәйкес, бастауыш сынып оқушыларын оқытуда интернет ресурстарын қолдану коммуникативтік құзыреттілікті дамытудың заманауи құралы ретінде қарастырылады [1].
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында білім беру жүйесінің негізгі міндеттері қатарында оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруі мен оларды шығармашылық тұрғыдан қолдануға дайындығын қамтамасыз ету қажеттігі көрсетілген. Бұл бастауыш білім беру деңгейінде оқушылардың шет тілдерін меңгеруін жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін интернет ресурстарын тиімді пайдалануды талап етеді [2].
Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, интернет ресурстарын ағылшын тілі сабақтарында қолдану оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Біріншіден, бұл әдіс оқыту үдерісін интерактивті етеді және оқушылардың оқу мотивациясын арттырады. Екіншіден, интернет ресурстары тілдік ортаға енуге мүмкіндік беріп, тыңдау, оқу, жазу және сөйлеу дағдыларын кешенді түрде дамытады. Үшіншіден, оқушылардың сыныптан тыс уақытта өздігінен білім алуына жағдай жасайды, бұл олардың дербестігі мен жауапкершілігін арттырады.
Цифрлық ресурстарды қолданудың тиімділігін арттыру үшін мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету және заманауи платформаларды енгізу қажет. Бұл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген білім беру саласын цифрландыру міндеттерімен үндеседі. Бастауыш сыныптарда интернет ресурстарды пайдалану арқылы коммуникативтік құзыреттілікті дамыту – бүгінгі күннің талабы. Мұндай тәсіл оқушылардың тек ағылшын тілін ғана емес, сонымен қатар XXI ғасыр дағдыларын игеруіне ықпал етеді.
Аталған мәселелерді шешу мақсатында ағылшын тілі сабақтарында интерактивті платформаларды, виртуалды тілдік ортаны және онлайн бағалау құралдарын пайдалану ұсынылады. Бұл бастамалар білім беру жүйесінің сапасын арттырып қана қоймай, Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін де қамтамасыз етеді.
Зерттеу әдістері
Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде интернет ресурстары оқыту процесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды құралдардың бірі ретінде кеңінен қолданылады. Бұл құралдар оқушылардың танымдық белсенділігін дамытуға, ақпараттық-коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруға және оқу процесін жандандыруға айтарлықтай ықпал етеді. Интернет ресурстары оқушыларға тек жаңа білім алуға ғана емес, оны өз тәжірибесімен байланыстыра отырып қолдануға мүмкіндік береді.
Интернет ресурс – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы білім беру мақсатында қолданылатын материалдар, бағдарламалар және онлайн-платформалардың жиынтығы. Интернет ресурстары мультимедиялық контент, бейнесабақтар, интерактивті тапсырмалар, виртуалды сыныптар және онлайн оқыту құралдарын қамтиды. Олар оқушыларға оқу материалдарын қолжетімді әрі қызықты форматта ұсынуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда интернет ресурстары білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып, оқу сапасын арттыруда тиімді құрал ретінде қарастырылады [3].
Отандық ғалымдардың еңбектері (Құрманалина, Тұрғынбаева, Құдайбергенова) интернет құралдарының мазмұндық тартымдылығы және интерактивті мүмкіндіктері оқу үдерісін жаңа деңгейге көтеретінін көрсетеді. Ш. Құрманалина интернет ресурстарының оқу материалдарын бейнелі түрде ұсыну мүмкіндіктерін ерекше атап өтіп, олардың оқушылардың назарын аударып, білім алуға деген қызығушылығын арттыратынын дәлелдеген. Бұл мультимедиялық контенттің аудиовизуалды әсері арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін күшейтуге ықпал етеді [4].
А. Тұрғынбаева мен Ә. Құдайбергенова интернет құралдарының интерактивтілігіне ерекше назар аударған. Олардың зерттеулері бойынша, интерактивті платформалар мен қосымшалар оқушыларды оқу процесіне белсенді қатысуға ынталандырады. Мысалы, оқушылар онлайн викториналар, бейне сабақтар және тілдік жаттығулар арқылы өзара әрекеттесу арқылы білім алады. Бұл құралдар оқыту процесін тек мұғалімге бағытталудан оқушының белсенділігін арттыруға негізделген оқытуға айналдырады [5].
Сонымен қатар, интернет ресурстарының заманауи білім беру жүйесіне интеграциялануы оқушылардың жеке қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. А. Тұрғынбаева бұл процесті жеке траекторияны қалыптастырудың тиімді құралы ретінде қарастырады. Мысалы, оқушылардың оқу деңгейіне сәйкес бейімделетін онлайн тапсырмалар немесе тестілер олардың оқу мотивациясын арттырып, әр оқушының жеке әлеуетін ашуға ықпал етеді.
Ал, коммуникативтік құзыреттілік – оқушының шет тілінде ауызша және жазбаша қарым-қатынас жасауға қабілеттілігін, сондай-ақ тыңдау, түсіну және жауап беру дағдыларын қалыптастыратын тілдік құзыреттіліктің негізгі аспектісі. Бұл құзыреттілік оқушылардың жеке және кәсіби өмірінде шет тілін еркін пайдалануын қамтамасыз етеді. Коммуникативтік құзыреттілік сөйлеу, тыңдау, оқу және жазу секілді дағдыларды үйлестіре отырып, ақпарат алмасу және түсіну қабілеттерін дамытуға бағытталған [6].
Интернет ресурстары мен коммуникативтік құзыреттіліктің арасында тығыз байланыс бар, өйткені интернет құралдары тілдік дағдыларды дамытудың тиімді әдістерін ұсынады. Мультимедиялық материалдар мен интерактивті жаттығулар арқылы оқушылардың тыңдау және сөйлеу қабілеттері жетілдіріледі. Мысалы, бейнесабақтар мен подкасттар оқушылардың тыңдау дағдыларын дамытып, сөздік қорын байытады.
Сонымен қатар, интернет ресурстары оқушылардың жазу және оқу қабілеттерін дамытуға жағдай жасайды. Онлайн мәтіндер, электрондық кітаптар және интерактивті тапсырмалар оқушылардың оқу сауаттылығын арттырып, мәтін мазмұнын талдауға мүмкіндік береді. Онлайн платформаларда эссе, пікір немесе диалог жазу сияқты тапсырмалар оқушылардың жазу дағдыларын жетілдіреді.
Интернет ресурстарының тағы бір артықшылығы – оқушылардың өзара қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін кеңейтуі. Виртуалды сыныптар мен тіл алмасу платформалары оқушыларды басқа елдердегі құрдастарымен байланыс орнатып, шынайы өмірлік тілдік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Мұндай әрекеттер оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Интернет ресурстары мен коммуникативтік құзыреттілік өзара байланысты екі ұғым ретінде бастауыш сынып оқушыларының шет тілін меңгеру процесінде ерекше маңызға ие. Интернет құралдары тілдік құзыреттілікті дамыту үшін заманауи, қолжетімді және интерактивті орта ұсынады. Бұл оқыту процесін жеңілдетіп қана қоймай, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді [7].
Зерттеу барысында бастауыш сынып оқушыларының ағылшын тіліндегі коммуникативтік құзыреттілігін дамытуда интернет ресурстарын қолданудың тиімділігін бағалау үшін эмпирикалық әдістер және педагогикалық эксперимент жүргізілді. Бұл әдістер зерттеудің практикалық бөлігін ұйымдастыруға және алынған нәтижелердің нақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды.
Эмпирикалық зерттеу шеңберінде бастауыш сынып оқушыларының интернет ресурстарын пайдалану арқылы ағылшын тілін меңгеру деңгейі бақыланды. Бұл кезеңде оқушылардың тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын дамытуға арналған әртүрлі интернет құралдары қолданылды. Атап айтқанда: онлайн платформалар — Duolingo, Quizlet және British Council сияқты ресурстарды пайдалану оқушылардың лексикалық қорын байытып, грамматикалық құрылымдарды меңгеруін жеңілдетті. YouTube платформасындағы ағылшын тілін оқыту арналары оқушылардың тыңдалым дағдыларын жетілдіруге ықпал етті. Kahoot және Wordwall секілді құралдар оқушылардың оқу мотивациясын арттырып, тілдік материалдарды қызықты әрі тиімді меңгеруіне жағдай жасады [8].
Эмпирикалық кезеңде сабақ барысында оқушылардың белсенділігі, ұсынылған мәтіндерді түсіну деңгейі және интерактивті тапсырмаларды орындау нәтижелері жүйелі түрде талданды. Жиналған мәліметтер интернет ресурстарының оқушылардың ағылшын тілін меңгерудегі тиімділігін бағалауға негіз болды.
Педагогикалық эксперимент үш кезеңде ұйымдастырылды:
- Бірінші кезең (диагностикалық). Бұл кезеңде оқушылардың бастапқы коммуникативтік құзыреттілік деңгейі анықталды. Бақылау тобында дәстүрлі оқыту әдістері қолданылды, ал эксперименттік топта интернет ресурстары пайдаланылды. Эксперименттік топ оқушыларына мультимедиялық сабақтар, онлайн тапсырмалар және интерактивті жаттығулар ұсынылды. Бақылау тобына дәстүрлі мәтіндер мен оқулық материалдары пайдаланылды.
- Екінші кезең (қалыптастырушы). Оқушылардың тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын дамытуға арналған онлайн платформалар, бейнесабақтар және интерактивті ойындар қолданылды.
2 Үшінші кезең (салыстырмалы талдау). Екі топтың нәтижелері салыстырылып, интернет ресурстарын қолданудың коммуникативтік құзыреттілікті дамытуға әсері зерттелді. Нәтижелер оқушылардың тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларында айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсетті. Эксперименттік топ оқушыларының белсенділігі мен оқу мотивациясы едәуір жоғары болды, бұл интернет ресурстарының тиімділігін дәлелдейді.
Зерттеу нәтижелері
Зерттеуге 4-сыныптың 30 оқушысы қатысты. Оқушылар бақылау (15 оқушы) және эксперименттік (15 оқушы) топтарға бөлінді. Бақылау тобында дәстүрлі оқыту әдістері қолданылса, эксперименттік топта интернет ресурстары негізінде сабақтар жүргізілді.
Диагностикалау кезеңінде оқушылардың бастапқы коммуникативтік құзыреттілігі анықталды. Бағалау үшін Ж. Қараевтың әдістемесі негізінде тыңдалым, сөйлеу, оқу және жазу дағдылары бойынша диагностикалық тесттер қолданылды. Оқушылардың әрбір дағдысы бойынша нәтижелері пайыздық көрсеткіштермен бағаланды.
Кесте 1 — Диагностикалау кезеңінің нәтижелері
Дағдылар | Бақылау тобы (орта балл) | Эксперименттік топ (орта балл) |
Тыңдалым | 50% | 52% |
Сөйлеу | 48% | 50% |
Оқу | 55% | 56% |
Жазу | 53% | 54% |
Жалпы көрсеткіш | 51.5% | 53% |
Диагностикалау кезеңі нәтижелері көрсеткендей, екі топтың бастапқы деңгейі ұқсас болды. Бұл эксперименттік жұмыс нәтижелерін әділ салыстыруға мүмкіндік берді.
Эксперименттік топта интернет ресурстары қолданылды. Тыңдалым үшін аудиоматериалдар мен бейнесабақтар, сөйлеу үшін виртуалды сөйлесу платформалары, оқу үшін интерактивті мәтіндер, ал жазу үшін онлайн тапсырмалар ұсынылды. Оқушыларға Duolingo, Kahoot, British Council секілді платформалар негізінде тапсырмалар берілді.
Кесте 2 — Эксперимент нәтижелері
Дағдылар | Бақылау тобы (орта балл) | Эксперименттік топ (орта балл) | Айырмашылық (%) |
Тыңдалым | 60% | 82% | +22% |
Сөйлеу | 58% | 80% | +22% |
Оқу | 65% | 85% | +20% |
Жазу | 62% | 83% | +21% |
Жалпы көрсеткіш | 61.25% | 82.5% | +21.25% |
Эксперименттік топтың нәтижелері интернет ресурстарын қолданудың тиімділігін дәлелдеді. Тыңдалым және сөйлеу дағдылары бойынша нәтижелер 22%-ға жақсарды, бұл оқушылардың интерактивті жаттығулар мен бейнематериалдар арқылы тыңдау және сөйлеу дағдыларын жетілдіргенін көрсетеді. Оқу және жазу нәтижелері де айтарлықтай жоғарылады, бұл оқушылардың онлайн мәтіндер мен тапсырмалар негізінде жаңа білімді игеру қабілеттерінің артқанын дәлелдейді.
Зерттеу нәтижелері интернет ресурстарын қолдану бастауыш сынып оқушыларының ағылшын тіліндегі коммуникативтік құзыреттілігін айтарлықтай дамытуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Бұл әдіс оқушылардың тыңдалым, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын кешенді түрде дамытуға және оқу мотивациясын арттыруға ықпал етеді. Интернет ресурстарын жүйелі және әдістемелік тұрғыда дұрыс қолдану білім беру тиімділігін арттырудың маңызды құралы болып табылады.
Тыңдалым, сөйлеу, оқу және жазу секілді негізгі тілдік дағдылар интернет құралдары арқылы кешенді түрде дамытылды. Эксперименттік топ оқушыларының нәтижелері бақылау тобымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды, бұл мультимедиялық материалдар, интерактивті тапсырмалар мен онлайн платформалардың тиімділігін дәлелдейді. Интернет ресурстары оқу процесін жандандырып қана қоймай, оқушылардың оқу мотивациясын арттыруға және тілдік ортада белсенді қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді.
Зерттеу интернет ресурстарын ағылшын тілі сабақтарында жүйелі және әдістемелік тұрғыдан дұрыс қолданудың маңыздылығын анықтады. Мұндай ресурстардың мазмұндық тартымдылығы, интерактивтілігі және оқушылардың жеке қажеттіліктеріне бейімделу мүмкіндігі олардың білім алуға деген қызығушылығын арттырып, коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастырудың тиімді құралы ретінде маңызды екенін дәлелдеді. Осыған орай, интернет ресурстарын пайдалану заманауи білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болып, бастауыш сынып оқушыларын шет тілдерін меңгеруге тиімді бағыттауға ықпал етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. (2022). «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін». https://www.akorda.kz
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. (2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III). https://adilet.zan.kz
- Warschauer M. Technology and Second Language Learning. – Honolulu: University of Hawai’i, 2000.
- Құрманалина Ш.Х., Мұқанова Б.И., Ғалымова Ә.У., Ильясова Р.К. Педагогика: Оқулық. – Астана: Фолиант, 2018. – 472 б.
- Тұрғынбаева А., Әбенова С. Оқушылардың танымдық әрекетін дамыту жолдары. – Алматы: Білім, 2015. – 312 б.
- Prensky M. Digital Natives, Digital Immigrants. – On the Horizon, 2001.
- British Council. Teaching English with Technology. – https://www.britishcouncil.org/teachingenglish.
- Language Learning Platform. – https://www.duolingo.com.