Домбыра жайлы аңыз
Әлібеков Айдын Кенжеболатұлы
Қостанай облысы
Амангелді ауданы
Саз мектебі
Қазақтың қара домбырасы жайлы аңыз-ертегі жетерлік. Соның бірі музыкалық аспаптың жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайында.
Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр «е, бұл сайтанның ісі болды ғой» деп ойлайды. Бәлкім, содан қалған сөз болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән.
Домбыраның шығу тарихы туралы тағы бір аңыз елдің шығыс өңірінде тараған.
Тарбағатайлық күйші Бағаналы Саятөлековтың айтуынша, «Ерте заманда тауқұдірет деген құс болған екен. Домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап жалбарынады. Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына Тәңір ой салады: «Бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көріңдер» — дейді. Содан аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Көңілі шаттанған қос тауқұдірет қуанышын жасыра алмай Тәңірге ризашылығын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттен туған балапандарға тәңір қос қанат дарытты дейді. Осы оқиғаға куә болған домбырашы «қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса қалай?» — дейді де, екінші ішек тағады. Содан кейін қос ішекті домбырасын тартса, ғажайып үн шығады. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды»