МҰТП «Көлсай көлдеріндегі туристік ағынды басқарудың жаңа тәсілдері: тұрақты туризмге бағытталған шешімдер»
Автор: Өтеп А.А., АҚ Нархоз Университеті II курс студенті «6B11104 – МІжМБ»
otepamina@gmail.com
Аннотация: МҰТП «Көлсай көлдері» – Қазақстандағы туризмнің маңызды нысаны болып табылады. Алайда, соңғы жылдары келушілер санының күрт артуы табиғи парктің экожүйесіне айтарлықтай зиян келтіруде. Зерттеу барысында маршруттардың рекреациялық сыйымдылығы мен туристік ағымның артуы арасындағы сәйкессіздіктер анықталды. Мақалада МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркі туралы жалпы анықтама берілді. Туристтердің ағынын тиімді басқару бойынша әдістер ұсынылып, мәселелерді шешу жолдары зерттелді. Зерттеу әдістері ретінде ұлттық әдебиттерге шолу жасап, 104 әртүрлі жастағы респондент арасында сауалнама жүргізілді. Негізгі мәселелерді шешу мақсатында келушілер санын алдын ала жоспарлау, электронды брондау жүйесін енгізу және экологиялық таза көлік түрлерін пайдалану ұсынылады.
Кілт сөздер: МҰТП «Көлсай көлдері», туристік ағын, маршрут.
Кіріспе: Қазіргі кезде МҰТП «Көлсай көлдері» Қазақстанның туризмнің маңызды бөлігі. Көлсай көлдері – Қазақстандағы 14 мемлекеттік ұлттық табиғи парктің бірі. «Көлсай көлдері» ұлттық паркі 2007 жылы құрылған. Оның құрылу мақсаты – Алматы облысының ерекше экологиялық, тарихи, ғылыми, эстетикалық және рекреациялық маңызы бар бірегей табиғи кешендерін сақтау және қалпына келтіру, әрі олардың әрі қарай дамуын қамтамасыз ету [1]. МҰТП «Көлсай көлдері» аумағында 7 түрлі маршрут бар. Маршруттардың ресми дерекөздердегі толтырымдылығына тоқтала кетсек: Бірінші маршрут – «Саты ауылы – Қайыңды көлі» туристік және рекреациялық аймақта жануарлар мен өсімдіктер әлемінің тыныштығын қорғау мақсатында айына 1800 адамға дейін, ал жылына 21 000 адамға дейін рұқсат етіледі [2]. Екінші туристік маршрут – «Саты ауылы – Саты асуындағы» өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғау мақсатында маусым кезінде жалпы 917 адамға дейін рұқсат етіледі [3]. Үшінші маршрут – «Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы». Бұл маршрутта жануарлар мен өсімдіктер әлемінің тыныштығын сақтау мақсатында, рекреациялық сыйымдылығы күніне 1500-2000 адам, маусым ішінде 25 000 адамға тең [4]. Төртінші маршрут – «Құрметі ауылы – Ортаңғы Көлсай көлі» маусым ішінде маршруттың рекреациялық сыйымдылығы 2100 адамды құрайды [5]. Бесінші маршрут – «Құрметі ауылы – Қыземшек тауы» туристік аймақта маусым бойы 210 адамға дейін рұқсат етіледі [6]. Алтыншы маршрут – «Кіші Үрікті шатқалы – Мәжі көлі» айына 400 адамға дейін, маусым бойынша 2000 адамға дейін [7]. Жетінші маршрут – «Төменгі Көлсай көлі» айына 120 адамға дейін, маусым бойынша 480 адамға дейін кіруге рұқсат етіледі [8]. Барлық маршруттар бойынша айына рұқсат етілген келушілер санын қосқанда, МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркіне айына шамамен 12 036 адамға дейін рұқсат етіледі.
Ресми статистикада 2023 жылдың алғашқы алты айында 97,104 турист МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркіне келген болса, 2024 жылдың алғашқы алты айында 161,746 турист МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркіне келген болып отыр [9]. Бұл дегеніміз МҰТП «Көлсай көлдері» туристік нысанымыздың экологиясына айтарлықтай өзгерістер әкелуі мүмкін. Егер аталған көрсеткіштер сақталмаған жағдайда МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркінде қазіргі кезде мекен етіп жатырған флора мен фаунаға зиян келуі мүмкін және экологиялық ахуалының нашарлауына алып келеді. Сол себепті, МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркіне келушілер ағынын тиімді басқаруға бағытталған әдістерді анықтап, экожүйеге жүктемені азайту үшін әдістер ұсынылады.
Зерттеу әдістері: Ұлттық әдебиеттерге шолу жасау арқылы жалпы МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркі туралы ресми ақпарат жиналды. Статистикалық зерттеу әдісін қолданып, талдау жүргізілді. МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркіндегі негізгі мәселелер мен шешімдерді анықтау мақсатында ерікті түрде сауалнама алынды. Нәтижесінде, Алматы қаласы бойынша әртүрлі жастағы 104 респондент қатысып, 3 сұрақ негізінде талдау жүргізілді. Сауалнаманың «Экологиялық маршруттарда қандай негізгі мәселелерге тап болдыңыз?» атты сұрағына 104 респондентттің 33,7% (35 адам) «Белгісіз бағыттар (жол көрсеткіштердің болмауы)» деп жауап берді. Бұл МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркінде инфрақұрлымның нашар ұйымдастырылғанын көрсетеді. Жол бағыттары жеткіліксіз немесе дұрыс орналаспауы туристердің өз бағытымен жүре бастауына алып келеді. Нәтижесінде сол жердің экожүйесінің тұтастығына зиянын тигізіп, жойылуына себепші болады.
Сурет 1. Респондентердің берген 1-ші сұрақ жауабы
*Ескерту: сауалнама негізінде авторлар құрастырған [10].
«МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркі экологиялық туризмді дамытудың қай бағыты ең маңызды деп ойлайсыз?» атты сұрағына 104 респонденттен 31 адам (29,8%) «Туристерге экологиялық білім беру» деп жауап берген болатын. Бұл дегеніміз адамдарда экологиялық сана мен мәдениеттің қалыптаспағанын көрсетеді. Сондай-ақ, «Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау (агротуризм, ұлттық тағамдар, қонақ үйлер)» деп жауап бергендер – 27 адам (26%); «Жасыл энергетиканы қолдану (күн панельдері, электр транспорт)» деп жауап бергендер – 24 адамды (23,1%) құрайды.
Сауалнаманың «МҰТП «Көлсай көлдері» маршруттарын қалай жақсартуға болады?» атты сұрағына 104 респонденттің 31,1% (32 адам) «Туристерге арналған гидтер мен ақпараттық материалдар әзірлеу» деп жауап берген. Қосымша бағыттар мен соқпақ жолдарды белгілеу (23,3%) мен маршруттарда қауіпсіздік шараларын күшейту (22,3%) де өзекті мәселелер қатарына қосылды. Сонымен қатар, Көлсай туралы сандық карталар мен мобильді қосымшалар жасау (20,4%) туристерге қолайлы навигация ұсынудың тиімді жолы ретінде қарастырылған.
Зерттеу нәтижесінде туристтердің ағымын тиімді басқару, оларға экологиялық білім беру және мәдениетін қалыптастыру, инфрақұрылымды жақсарту секілді қажеттіліктер анық байқалды. МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркіне келуші туристер ағымының белгілі бір маршруттарда рұқсат етілген көрсеткіштерден артқаны анықталды. Осы мәселені шешу үшін туристік ағынды алдын ала жоспарлап, келушілер санын реттеу маңызды. Бұл үшін келесідей әдістерді жүйелі түрде қолданысқа енгізу ұсынылады:
- электронды брондау жүйесін енгізу;
- экологиялық таза көлік түрлерін пайдалану;
- аз зерттелген бағыттарды дамыту арқылы жүктемені біркелкі тарату.
Сонымен қатар, туристердің көп келетін мерзімінде олардан экологиялық алым алу арқылы олардың санын басқаруға және қоршаған ортаны қалпына келтіруге қажетті қаражат жинауға болады. Сауалнама нәтижесінен адамдар үшін жол көрсеткіштердің болмауынан, белгісіз бағыттардың көп екендігі анықталды. Бұл мәселені шешу үшін навигациялық бағдарламалар, қарапайым сандық карталар мен мобильді қосымшалар қажет екені байқалды.
Қорытынды: МҰТП «Көлсай көлдері» – еліміздің маңызды туристік орындарының бірі болып табылады. Бұл жерге келетін туристтер ағымының көбеюі назар аударатын экологиялық мәселелердің бірі екені анықталды. Жоғарыда көрсетілген әдістерді іс жүзінде қолдану арқылы МҰТП «Көлсай көлдері» табиғи паркінің ғана емес, басқа да туристік объектілердің ағымын басқаруға және тепе-теңдікті сақтауға қолдануға болады. Сонымен қатар, туристердің жауапкершілігін арттыру мақсатында, ақпарат беру және бағдарламалар жүргізуге болады. Бұл туристтердің табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін күшейтеді. Туристер үшін экологиялық ережелерді қатаң сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық тақталар орнату да маңызды қадамдардың бірі. Егер де осы шаралар жүйелі түрде қолданысқа енгізілсе, «Көлсай көлдері» табиғи паркінің экожүйесін тиімді қорғау мүмкіндігі артып, туризмнің тұрақты дамуына да ықпал етеді.
Қолданылған әдебиеттер:
- Есали. А. Туристерді арбаған Көлсай // Егемен Қазақстан. — 2023. — 10 қараша (№ 215). — 14 б. ISSN 1999-9720.
- Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. URL: https://kolsai-koldery.kz/
- Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Поселок Саты — Озера Кайынды. URL: https://kolsai-koldery.kz/docs/road_docs/1157058471632ee0dc8303a6.41448539.pdf
- Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Поселок Саты — перевал Саты. URL:https://kolsai-koldery.kz/docs/road_docs/38156609063485b2c1163f2.68998265.pdf
- Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Озеро нижний Кольсай — перевал Сарыбулак. URL: https://kolsai-koldery.kz/docs/road_docs/22436300063485d8bf0c114.98480104.pdf
- Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Село Курметты — озеро средний Кольсай. URL:https://kolsai-koldery.kz/docs/road_docs/165318791363485f08d9f637.70831740.pdf
- Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Ущелье Киши Урикти озеро Мажи. URL:https://kolsai-koldery.kz/docs/road_docs/148207618363485fd26e7dc4.56123179.pdf
- Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Төменгі Көлсай көлі URL:https://kolsai-koldery.kz/docs/road_docs/160829136863486256bad612.35977230.pdf
- Алматы облысының туризм басқармасы. Көлсай көлдеріне келушілер саны артты // ҚР Үкіметінің ресми сайты — 2024 ж. 10 шілде. — URL: https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-tourism/press/news/details/806668?lang=kk. — Қол жеткізу күні: 19.03.2025.
- Жорабек А.Қ., Өтеп А.А., Жалғасова У.И., // МҰТП «Көлсай көлдеріндегі экотуризм маршруттарының дамытуындағы кемшіліктер және оларды жетілдіру жолдарын» анықтау бойынша әлеуметтік сауалнама есебі. URL: https://docs.google.com/file/d/15Xy5SWPbvwtnEKvapXQn8tOTacya21RR/edit?usp=docslist_api&filetype=msword