Бірлік пен татулықты ту еткен ұйым
Мөлдір Сұлтанғалиева
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Филология факультетінің студенті
Жетекшісі: Сабырхан Смағұлов
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
“Бірлік бар жерде – тірлік бар”, – дейді қазақ. Бұл сөздің мәні ғасырлар бойы өзгерген жоқ. Елдің амандығы мен тұрақтылығы – халықтың ауызбіршілігі мен татулығында. Қазақстан – сан түрлі мәдениет пен дәстүр тоғысқан киелі мекен. Осындай ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астына біріктірген ең басты институттың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. 1995 жылы құрылған бұл ұйым тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі болып саналады. Өйткені ол еліміздегі сан түрлі этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүріп, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, дамытуға мүмкіндік жасады.
Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің 1-ші курс студентімін. Күн сайын университет қабырғасынан қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, кәріс және басқа да этнос өкілдерінің білім алып жүргеніне куә боламын. Бұл мені қатты қуантады, себебі осыншама жылдар бойы күш салынған ұлтаралық татулық пен келісімді сақтаудың және Қазақстан халқы Ассамблеясының қарқынды қызметі мен әрекетінің жемісі деп білемін. Әртүрлі ұлт өкілдері болсақ та, біздің ортақ мақсатымыз – сапалы білім алу, тұлға болып қалыптасу, елге қызмет ету. Ал осы татулық пен ынтымақтың тамыры тереңде жатыр. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен еңбегінің бір көрінісі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қалай құрылды
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның алдында үлкен міндет тұрды – көпұлтты елде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау. Осы мақсатта 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл ұйымның басты мақсаты – этносаралық келісімді нығайту, әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға жағдай жасау, қоғамдағы бейбітшілік пен татулықты нығайту. Ассамблея құрылған сәттен бастап еліміздегі ұлттар арасындағы достықты нығайтып, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарды. Бүгінде оның құрамында түрлі этномәдени орталықтар, қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Бұл ұйым халық пен билік арасындағы алтын көпірге
айналып, елдегі тұрақтылықтың сақталуына ерекше үлес қосып келеді.
Ассамблея – татулықтың тұғыры.
Ассамблея тек қағаз жүзінде ғана емес, шынайы өмірде де өз маңызын көрсетіп келеді. Оның аясында түрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық мерекелерін атап өтіп, мәдениеттерін таныстыруға мүмкіндік алады. Әрбір ұлттың тіліне, діліне деген құрмет – Қазақстанның басты құндылықтарының бірі.
“Татулық – табыс кілті” дегендей, ел ішіндегі бейбітшілік – Қазақстанның дамуының кепілі. 30 жыл ішінде Ассамблеяның арқасында түрлі этнос өкілдері бір-біріне жақын, достық қарым-қатынаста өмір сүріп келеді. Біз әлемге ұлтаралық келісім мен толеранттылықтың үлгісін көрсетіп отырмыз. Бұл – тарихтан тамыр тартқан, бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпаған құндылық.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздің басты рухани тіректерінің бірі. Ол татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. Біз, жастар, осы құндылықтарды сақтап, болашақта да бірлік пен ынтымақты нығайтуға үлес қосуымыз керек. Себебі “Береке басы – бірлік”, ал бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын!