Қазақстандықтардың табысы мен баға өсуі: халықтың өмір сүру деңгейі төмендеп жатыр ма?
Асель Сайлаубекова
Туран университеті
Журналистика 3-курс
Соңғы жылдары Қазақстанда жалақы өсіп келеді, бірақ оның жеткіліксіздігі мен бағаның қымбаттауы да өзекті мəселе болып отыр. 2024 жылдың IV тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы 434 982 теңгені құрап,өткен жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға артты. Медианалық жалақы бағалау бойынша 308 717 теңгеге жетті. Алайда қарапайым халық мұндай жалақы алмайтындығын да ескеру қажет.
Статистикаға сүйенсек,нақты жалақы индексі тек 1,8%-ға өскен. Бұл инфляцияның əсерінен халықтың сатып алу қабілетінің айтарлықтай өзгермегенін көрсетеді. 2024 жылы инфляция деңгейі жоғары болып,бағаның өсуі халықтың күнделікті шығындарын арттырды.
Мысалы,азық-түлік өнімдерінің бағасы 2024 жылы орта есеппен 15%-ға қымбаттады. Энергетикалық ресурстардың, əсіресе газдың бағасы өсті. Бұл жағдай тұрғындардың коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындарының көбеюіне əкелді.
Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда газ бағасы 2025 жылдың ақпанынан бастап аймақтар бойынша айтарлықтай өседі. Мысалы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында қазіргі 59 теңге орнына 77 теңге болады. Бұл 30%-ға жуық өсім.
Орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылы 74,44 жасқа жетті. Ал 2024 бұл көрсеткіш 75 жасқа дейін өсті. Бұл көрсеткіштің өсуі денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер мен халықтың əл-ауқатының жақсарғанын білдіреді. Дегенмен,жалақының өсуі мен бағаның қымбаттауы арасындағы теңгерімсіздік халықтың өмір сүру деңгейіне əсер етуде. Кейбір азаматтар үшін негізгі қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар табыстың едəуір бөлігін құрайды. Бұл əсіресе төмен жалақы алатын жəне əлеуметтік осал топтар үшін өзекті мəселе.
Мемлекет тарапынан ең төменгі жалақыны көтеру, əлеуметтік төлемдерді ұлғайту жəне инфляцияны бақылау шаралары жүзеге асырылуда. 2024 жылдың ең төменгі жалақысы 85 000 теңге мөлшерінде белгіленгенімен, бұл қаражат күнделікті қажеттіліктерді толық қамтуға жеткілікті ме деген сұрақ туындайды. Инфляцияның өсуі мен бағаның қымбаттауы жағдайында бұл табыс халықтың өмір сүру деңгейіне қаншалықты əсер етеді?
Егер орташа азық-түлік шығыны 2024 жылы 15%-ға өссе, онда 85 000 теңгенің сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендейді. Басқа елдердегі ең төменгі жалақыны салыстырсақ: (мысалы, Ресейде 2024 жылы ең төменгі жалақы шамамен 19 242 рубль, яғни 100 000 теңгеге жуық).
Жалақының өсуі мен бағаның тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдік – халықтың əл-ауқатының негізі. Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру үшін тиімді əрі ұзақ мерзімді шешімдер қажет. Тек осы жағдайда ғана əр азамат өз еңбегінің нақты құнын сезініп, ертеңгі күнге сеніммен қарай алады!