Батырлық пен жеңіс. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл
Әлімғазы Арайлым
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
филология факультетінің 1-курс студенті.
Жетекшісі: Сабырхан Смағұлов
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл
2025 жылы күллі адамзат тарихындағы ең қанды қырғынның бірі – Екінші Дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толады. Бұл соғыс тек Кеңес Одағы мен Фашистік Германия үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін үлкен сынақ болды. Неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысқа тек орыс әскерлері ғана емес, көптеген басқа да халықтардың ержүрек жауынгерлері қатысып, жан аямай соғысқан болатын.
Қазақстандықтар да бұл соғыста жанқиярлық ерлік көрсетті. 1,2 миллионнан астам қазақ жауынгерлері майданға аттанып, Кеңес Одағы деп атанған ортақ Отанды қорғауға атсалысты. Көптеген жас жігіттер мен өрімдей жас қыздар өз еркімен соғысқа аттанды. Тек жауынгерлер ғана емес, тылдағы еңбек адамдары да майданға қажетті азық-түлік пен қару-жарақты жеткізу арқылы жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.
Бүгінде сол жылдардың оқиғасы тек тарих емес, халық жадында жаңғырып, батырлықтың символына айналды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – өткеннен сабақ алып, бейбітшілікті бағалайтын уақыт.
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия Кеңес Одағына күтпеген жерден шабуылдап, қанды соғысты бастады. Бұл шайқас тек майдан даласында ғана емес, экономикалық, саяси және идеологиялық деңгейде жүрді. Соғыстың салдарынан Кеңес Одағы 27 миллионнан астам адамынан айырылды. Қазақстаннан соғыс даласына кеткен 600 мың жауынгер қайта оралмады, оның 350 мыңнан астамы қазақтар. Көп қалалар мен ауылдар қирап, халық басынан ауыр кезеңдерді өткізді. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы Еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс кәсіпорындары мен майдан шайқастарына тартылған.
Қазақстандық батырлар Бауыржан Момышұлы – Мәскеу түбіндегі шайқаста ерекше ерлік көрсеткен қазақ қолбасшысы; Мәншүк Мәметова – пулеметші, ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған алғашқы қазақ қызы; Әлия Молдағұлова – мерген, майданда 78 жауды жойып, ерлікпен қаза тапты;Әскери ұшқыш қазақ қызы – Хиуаз Доспанова 300-ден астам мәрте әуеге көтеріліп, жау шептерін бомбалады, 2004 жылы Президенттің жарлығымен оған Халық Қаһарманы атағы берілді; Партизан қозғалысы қатарында жаумен шайқастағы асқан ерлігі үшін Қасым Қайсеновке де Халық Қаһарманы атағы берілді; Рахымжан Қошқарбаев – Берлинде Рейхстагқа алғашқы болып Жеңіс туын тіккен қазақ жауынгері. Бұл батырлар майданда жан аямай соғысып, ерлік көрсеткен жауынгерлердің аз ғана бөлігі.
Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста қазақстандықтар ерен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандық, оның ішінде 100-ден астам қазақ халқының өкілдері Кеңес Одағының батыры атағын алды.
Қазақстан соғыс жылдары Кеңес Одағының стратегиялық тірегіне және майдан арсеналына айналды. Қазақстан майданды азық-түлік, қару-жарақ және шикізатпен қамтамасыз етті.Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. Соғыс жылдары мұнай өндіру 3 есеге көбейді. 480 зауыт пен фабрика соғысқа қажетті өнім шығарды. Қазақстаннан 6 миллион тонна астық, 730 мың тонна ет, 110 мың жылқы майданға жіберілді.Қарағанды көмір шахталары, Жезқазған мыс өндірісі, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Кеңес армиясын қамтамасыз етті. Бұл майдандағы ерліктен кем түспейтін еңбек майданының жеңісі еді.
Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі адамзатты фашизм қаупінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады.
Бүгінгі бейбіт өмір – батырларымыздың жанқиярлық күресінің нәтижесі. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы – тек еске алу емес, бейбіт өмірдің қадірін білуге үйрететін тарихи сабақ. Біздің міндетіміз – сол ерлікті ұмытпай, бейбітшілік пен тәуелсіздікті қорғау.