Мен елдің болашағын қалай көремін және ол үшін не істей аламын?

Әлімқұл Нұрсәт Бақтиярұлы
Қ.Өмірәлиев атындағы ЖББМ КММ
11 сынып оқушысы

   Ағылшын жазушысы Томас Карлейль «Ұлттың, тіпті адамзат тарихын жасаған адамдардың рухы өр, тәні бекем, зердесі ашық, парасаты жоғары болған» дейді.  Шын-ақ. Тарихтың тұңғиығына үңіліп, өткеннің том-том беттерін парақтасаң: бір елдің тағдыры сол елді қолында ұстаған қаһарманның іс-әрекетіне, ақыл-ойына тікелей тәуелді болған екен. Алайда қолында билігі бардың бәрін «қаһарман» деуге тағы болмайды ғой. Оған дәлел Гитлер, Сталин, бен Ладен, Муссолини және тағы басқалар. Түптеп келгенде тарих – ақ пен қараның анық куәсі, тарих – қателік пен сабақ, ал кімге де болса әділ төрелігін беретін жалғыз-ақ нәрсе бар, оны «уақыт» дейміз. Неге сөзді тарих пен қаһармандардан бастадым? Өйткені қай дәуірді алып қарасақ та батырдың бәрі қарапайым халықтың арасынан шыққан. Демек осы тұста әңгіменің бір ұшы ұлттың сауатына, күш-қайратына, бірлігі мен тірлігіне келіп тіреледі. Дербес, азат мемлекет болу жолында табандылық танытып, мақсұт-мүддесі үшін жан алысып, жан беріскендер осы күнгі әлем картасындағы 200-ге жуық елдің арасынан орын тапты да, өмір үшін күрес жолында арманы аласарып, ісі кері кеткендердің аты кітап беттерінде ғана қалды. Ақиқаты осы.

   Өткенде еш үміт те, болашақ та жоқ, ал ертеңгі күнге үмітпен, сеніммен қарауға болады. Мәселе елдің болашағы жайында болғанда үмітті күдік жеңіп, сенімге сызат түсіп кетпеуі үшін не істеу керек? Жауап біреу: әр адамның жүрегі мен санасының түбінде «елге қызмет» деген ұстаным болу керек. Ол үшін міндетті түрде әкім бол, билеп-төсте, шен керек дейтін қағида еш жерде жазылмаған. Бастысы ар-ұятыңның тазалығы, жұмысыңның адалдығы, көкірек-көзіңнің ашықтығы. Осы тұста ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұлы сөзін айтпай кетуге болмас. Бұл жердегі білімнен де маңызы басым болып тұрған мінез – кеселділік, шатақтық туралы емес, керісінше, туғанға бұрмайтын туралық, желге жығылмайтын жігер, ізгілікке ұмтылған жүрек пен білімге құмартқан сана жайлы. Осы қасиеттің бәрін дерлік бойына жинап, ұлтының қамы үшін күш-қайратын сарп еткен тау тұлғалар қазақ даласында аз болған жоқ. Керей, Жәнібек, Қасым, Абылай деп басталып, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан деп тізбектеліп кете береді. Анығы: күні бүгінге дейін талай алыпты өмірге әкелген аналар, елдің баласы бол деп жігерді жаныған әкелер, халқымның қамы деп еміренген перзенттер осынау ұлы даланың топырағынан өмір майданында төбе көрсетуін тоқтатқан емес. Тоқтатпайды да. Әу баста тілге тиек еткен «қаһармандар» біздің халықтың арасынан дамылсыз ел алдына шығып, ұлт тарихын жасайтынына, мемлекет пен адамзат үшін елеулі оқиғалардың басында жүретініне, Қазақстан деп аталатын бәрімізге ортақ отанды кез келген бәсекеге қабілетті қылып, қуатты да қауіпсіз ететіне кәміл сенемін. Олардың ізіне ерген технократтар, мәдениет өкілдері, экономистер, архитекторлар, механиктер, мұғалімдер, дін қызметкерлері, спортшылар, журналистер, жалпы алғанда бүкіл саладағы мамандар кірпіш дүниенің кетігін тауып, соған қаланатыны, еліміздің болашағын бұлттан арылтып, келешекке жарқын жол салатыны күмәнсіз. Менің қиялымдағы еліміздің ертеңі осындай. Бірімен-бірі сабақтасып, байланысып жатқан тағдырлар; бір ұлтты оятып, көшін алға сүйреген қаһармандар…

   Елдің экономикасы мен мәдениетін жаңғыртатын көп саланың ішіндегі менің таңдауым – журналистика. Көнеден жеткен «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейтін сөз әлі де болса өзінің өзектілігін жоя қоймады. Осы таңда бұқаралық ақпарат құралдарының қай мемлекеттің өмірінде болсын рөлі басым, ықпалы зор. Газет-журнал, телевизия, радио, керек десеңіз әлеуметтік желідегі журналистиканың да қоғам алдында ойып тұрып алатын орны бар. Осындай қайнаған қазанның ішіне түсіп, абыройын көкке будай ұшырып алмау кім көрінгеннің қолынан келмейді. Оған да білім, еңбек, қарым-қабілет, асқақ арман қажет. Өйткені статистиканы сөйлетсең тілшіліктің қауіпті қызмет екенін білесің. Бөгеттің ешбіріне қарамастан бұл жолды таңдауым тегін емес. Себебі БАҚ-тың тілін тапқан адам ұлтты тәрбиелеудің, ана тілдің кең құлаш жаюының, мәдениетті мешеуліктен сақтап, көптің руханиятына азық берудің кілтін қоса табады. Мендегі бір арман, біреу болса да ұлы арман осы. Ұлы арманға жету жолында сауатты болуым керектігін, қателік жібермеуге мейлінше тырысып, тынымсыз ізденуім қажет екенін жақсы білем. Шыңды армандағанның ғана төбе болуға хақы бар екендігі тәрізді келешекте мықты журналист болып, келешек БАҚ-қа жаңа серпіліс, тың өзгеріс, жақсы жобалар алып келсем – елдің ертеңіне өлшеусіз еңбек қылған болар ем. Мақсатым айқын, жоспарым жүйелі, біліп-түйерім көп, қалғаны уақыттың еншісінде.

   Соңғы түйенің жүгі ауыр. Ал сөзді түйіндеу, қорыту одан да ауыр нәрсе. Айтпағым мынау: кісінің міндеті жақсылық жасаудан бұрын, жамандық жасамау. Өмірлік ұстанымым осы. Алдағы уақытта бойдағы білімімді, алған ілімімді, жиған тәжірибемді елге кесірімді тигізбестен жақсы істерге жұмсасам деймін. Көптеген қараңғы санаға сәуле түсіріп, үзілген үміттерді жалғап, өзімді өзгертіп, өзімді өзгерту арқылы әлемге өзгеріс әкелгім келеді. Соның нәтижесі қазақ үшін пайдалы болса, адамзаттың игілігіне жараса, елімнің жарқын болашағына титтей де болсын үлесін қосса… онда менде арман болмайтын еді! 

  

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *