Жаңа технологиялар мен түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыру жолдары
Спабекова Зауре Исламовна
Түркістан облысы, Жетісай ауданы
«№28 Хиуаз Доспанова атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ
Көркем еңбек пәнінің мұғалімі
Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Сондықтан ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. (А.Байтұрсынов)
Еліміздің келешегін айқындайтын нәрсе білім.
Қазіргі заман ағымына байланысты оқушылардың білімге қызығуын арттыру үшін мұғалімдерге жаңа талаптар қойылуда. Сол себепті оқытудың әр түрлі технологиялары жасалып, мектеп тәжірибесіне енгізілуде. Жан-жақты ізденістің нәтижесінде білім беру саласында жаңа педагогикалық технологиялардың саны да, сапасы да өсіп келеді. Технология — белгілі бір істегі адамның әдісі, шеберлігі. Осы шеберлік арқылы мұғалімнің өз сабағын оқушыға жоғары сатыда жеткізуіне мүмкіндік береді. Мұғалім үнемі шығармашылықпен, ізденіспен жұмыс істеп отырса жаңашылдыққа жақын болғаны. Өзгелердің үлесін өз ісінде пайдалана білсе, оған өзіндік қолтаңбасын қосып отырса, оқушы тәрбиелеу мен білім берудегі жетістігі сол болмақ. Сондықтан біз мұғалімдер білімдерімізді әрі қарай тереңдете түсуіміз керек. Тек тереңдете ғана қоймай жаңа тәсілдерді, жаңа ойларды, идеяларды қоса алуымыз қажет.Қазіргі білім жүйесінің ерекшелігі – тек біліммен қаруланып қана қоймай, өздігінен білім алуды дамыта отырып, үздіксіз өз бетінше өрлеуіне қажеттілік тудыру. Елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, оның мазмұнының түбегейлі өзгеруі, оның дүниежүзілік білім кеңістігіне енуі бүкіл оқу әдістемелік жүйеге, мұғалімдер алдына жаңа талаптар мен міндеттер қойып отыр. Бұдан шығатыны, ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарының бірі – «Білім – бүкіл өміріңе» қағидасынан «Білім бүкіл өмір бойына» қағидасына өте алатын білім жүйесінің ұйымдық құрылымдарын іздеу болып табылады. Қазіргі білім беру ісінің шарттарының бірі болып оқушының өзіне керекті мәліметті өзі іздеп табуына үйретіп, олардың өз оқу бағыттарын өзінің таңдай білуі деп есептеледі.
Білім саласына еніп отырған жаңа технологиялардың ерекшелігі – өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан-жақты дамыту. Инновациялық білімді дамыту, жаңа идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу. Бұрынғы оқушы тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келсе, ал казіргі заманның оқушысы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне үлкен мән береміз. Өйткені, оқытудың әр түрлі технологиялары зерттелініп, жаңашыл педагогтардың іс тәжірибесі зерттеліп мектеп өміріне енуде. Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал білім беру әдістемелері арасында өздігінен білім алуға негізделген тәсіл кең тараған. Бұл теория оқушылардың ойлауын дамыту, олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен өзара әрекеттесуі жағдайында жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді.
Осыған орай оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда оқытудың жаңа технологияларын жетік меңгеріп қана жетуге болады.
Оқыту барысында жаңа технологиялық әдістерді пайдалану шәкірттердің ойлана білу қабілеттерін дамытады, олардың білім сапасын жақсартады, ой өрісін кеңейтеді, есте сақтау қабілеттерін өсіреді. Оқыту мен дамыту әдістерінің екеуі де жеке тұлғаның қалыптасуына үлкен ықпал ететін маңызды айғақтар болып саналады.
Қазіргі уақытта білім алудың ілгері даму мүмкіндігі зор тәсілдерінің бірі заманауи телекоммуникациялық технологияларды, атап айтқанда интернет желісін қамтамасыз ететін мүмкіндіктерді қолдана отырып, қашықтан оқыту. Қашықтан оқытудың тиімділігі оған енгізілген педагогикалық мағынамен анықталады, оның түсіндірулерінің ішінде екі түрлі көзқарасты бөліп көрсету керек. Біріншісі, бүгінгі күні кеңінен таралған қашықтықтан оқыту арқылы мұғалім мен оқушы арасында ақпарат алмасуды білдіреді.
Екінші тәсілде қашықтан оқытудың басым бағыты қазіргі заманғы телекоммуникация кұралдарының көмегімен құрылған оқушының жеке танымдылығының қызметі. Бұл тәсіл білім беру субъектілерінің өзара іс-қимылының интерактивтілігін және оқу процесінің өнімділігін қамтамасыз ететін ақпараттық және педагогикалық технологияларды біріктіруді көздейді. Бұл жағдайда ақпарат алмасу және жіберу окушылардың нәтижелі білім беру қызметін ұйымдастыру үшін көмекші ортаның рөлін атқарады. Оқыту нақты уақытта синхронды түрде жүреді (чат, бейне байланыс, кашықтағы оқушылар мен мұғалімдерге ортак «виртуалды тақталар» және тағы басқалар), сонымен қатар асинхронды (электрондық пошта теле конференциялар).
Мұғалімнің әрбір сабаққа дайындығы күрделі де жауапты іс. Сабакка мұқият дайындалу, оның мазмұны мен ұйымдастыру әдістемесін ойластыру жұмысын әрбір мұғалім өзімнің ең басты міндетім деп сезінуі тиіс. Мұғалім өзі оқытатын пәнді қанша жақсы білгенімен, егер ол сабақтар жүйесі жөнінде тыңғылықты жұмыс істемесе және әр сабаққа (әсіресе ашық сабаққа) жеке даярланып отырмаса, сабақ оқытуында ірі кемшіліктері болмақ. Бұл педагогтік еңбек өтілі бар мұғалімдерге де қатысты. Әрбір мұғалімнің сабаққа дайындалуы жөніндегі талап,педагогикалық процестің күрделілігінен туады.Озық тәжірибелі мұғалімдер сабаққа белгілі бір тиянақты жүйемен даярланады. Ол мұғалімнің тақырып жөнінде алдын-ала қандай жұмыс жүргізетіндігімен анықталады. Сондықтан тиімді жасалған жоспар тиімді өткен сабақ болып табылады. Кез келген сабақты жоспарлап, мақсат пен күтілетін нәтиже арасында алшақтық болмай, екеуі бір бағытта болса, онда сабақ оқушыларға түсінікті және қызықты болады.
Мен өз тәжірибемде мына талаптарды барынша орындауға тырысамын:
- Сабақтың мақсаты айқын, мазмұны жоғары және оның құрылымы алдын-ала белгілі болуы тиіс;
- Сабақ окыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет;
- Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай түсінікті болуы керек. Сондай-ақ сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс;
- Сабактың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және басқа сабактар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.
- Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойындарды тиімді қолдану керек. «Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрсеге бір жаңалық болуы керек»,- деп Ж.Аймауытов жәйден-жәй айтпағанын ескеру керек.
- Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет.
- Сабақтың сапасын жақсарту үшін мұғалім оқушылармен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырып отыру керек. Педагогикалық қарым- қатынас мұғалімге оқушылармен рухани байланыс жасауға мүмкіндік береді. Білім арқылы қарым-қатынас жасау және қарым-қатынас арқылы білім алу керек деген қағиданы іске асыру пайдалы.
- Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында мұғалімнің сыныптағы, оку орнындағы нақтылы жағдайды (оку кабинетінің жабдықталуы, оку техникалық, көрнекілік құралдарының нақты қолда болуы, тұрғылықты жердегі табиғат, өндіріс ресурстарын пайдалану) ескеріп отыруы шарт.