Қазақ хандығының дипломатиялық саясаты: сыртқы қатынастардың дамуы
Асылбек Береке Санатұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Халықаралық қатынастар (дипломатия) 1 курс студенті
Болат Сайлан
Жетекші
Қазақ хандығының тарихы – тек ішкі саяси процестерден ғана емес, сонымен қатар халықаралық қатынастар мен дипломатиялық байланыстардан тұратын күрделі кезеңдердің бірі. XV ғасырда құрылған Қазақ хандығы өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуға мәжбүр болды. Дипломатия хандықтың сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралына айналды. Бұл мақалада Қазақ хандығының көрші елдермен қарым-қатынасы, дипломатиялық стратегиялары және хандардың жүргізген сыртқы саясаты жан-жақты талданады. Сондай-ақ елшіліктердің рөлі, бейбіт келісімдер мен соғыстардың дипломатиялық себептері қарастырылады.
- Моғолстанмен қарым-қатынас: Моғолстан Қазақ хандығының құрылуына ықпал еткен алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей хандар осы елдің билеушісі Есенбұғаның көмегімен Шу мен Талас өңірлерінде өз мемлекетін құрды. Бастапқыда бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастар бейбіт сипатта болды. Алайда XVI ғасырдың ортасынан бастап Моғолстан әлсірей бастады, ал Қазақ хандығы күшейді. Бұл жағдай екі ел арасындағы шекаралық қақтығыстарға алып келді. Тәуекел ханның билігі кезінде қазақтар Моғолстанның кейбір жерлерін өзіне қосып алды.
- Ноғай Ордасымен байланыс: Қазақтар мен ноғайлар этникалық және мәдени тұрғыдан жақын халықтар болды. Ноғай Ордасы бастапқыда Қазақ хандығымен достық қарым-қатынаста болғанымен, билік үшін күрес екі жақтың арасын суытып жіберді. Қазақ ханы Қасым (1511–1523жж.) билік еткен кезеңде Ноғай Ордасының көптеген ру-тайпалары Қазақ хандығының құрамына өтті. XVI ғасырдың соңында Ноғай Ордасы әлсіреп, бөлшектенді. Осыны пайдаланған Қазақ хандығы оның біраз жерлерін өзіне қаратты. Осылайша, ноғайлардың көп бөлігі қазақтарға қосылып, Қазақ хандығының халқы арта түсті.
- Жоңғар хандығымен қатынас: Жоңғар хандығы Қазақ хандығының ең үлкен қарсыластарының бірі болды. XVII ғасырдың басында пайда болған бұл мемлекет қазақтарға қарсы үздіксіз шабуыл жасап отырды. Қазақ-жоңғар соғыстары бірнеше ғасыр бойы жалғасып, қазақтардың сыртқы саясатындағы басты мәселеге айналды.
- Тәуке хан (1680–1718) жоңғарлармен бейбіт келісім жасауға тырысты, бірақ сәтсіз болды.
- 1723 жылы жоңғарлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты трагедияға әкелген ауыр шабуыл жасады.
- 1726 жылы Бұланты шайқасында қазақтар алғаш рет жоңғарларға ауыр соққы берді.
- 1729–1730 жылдары Аңырақай шайқасында қазақ әскері жоңғарларды талқандады.
- Ресеймен дипломатиялық байланыс: Қазақ хандығы Ресеймен алғаш рет XVI ғасырда Қасым хан кезінде байланыс орнатты. Бірақ нақты дипломатиялық қарым-қатынастар Тәуке ханның тұсында күшейді. 1731 жылы Әбілқайыр хан Ресей империясына қосылу туралы ұсыныс жасады. Бұл шешім қазақ қоғамында екіге бөлінген пікірлер туғызды. Кейін Абылай хан (1771–178жж.) Ресеймен тең дәрежеде келіссөз жүргізуге тырысты. Ресей империясы Қазақ хандығын толық бақылауға алу үшін әртүрлі айла-тәсілдер қолданды. 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» қабылданып, Қазақ хандығы жойылды.
Қорытындылай келсек, Қазақ хандығының сыртқы саясаты елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, территориялық тұтастықты сақтауға және экономикалық дамуға бағытталды. Қазақ хандары әртүрлі дипломатиялық тәсілдерді пайдаланып, көрші мемлекеттермен қарым-қатынастар орнатуға тырысты. Алайда жоңғарлардың үздіксіз шабуылдары, Ресейдің отаршылдық саясаты Қазақ хандығының тұрақтылығына қауіп төндірді.
Бүгінде Қазақ хандығының дипломатиялық тәжірибесі Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды сабақ ретінде қарастырылуда. Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының түп-тамыры Қазақ хандығының тарихымен тығыз байланысты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Абусеитова М. Х. Казахское ханство в системе международных отношений Центральной Азии (XV–XVII вв.) – Алматы: Ғылым, 2003.
- Қойгелдиев М. Қазақ хандығы тарихы – Алматы: ҚазҰУ, 2015.
- Кәрібаев Б. Қазақ хандығының күшеюі – Алматы: Сардар, 2015.
- Сұлтанов Т. И. Казахское ханство и народы Центральной Азии – Алматы: Дәуір, 2001.
- Сабырханов А. Қазақ хандығының құрылуы мен дамуы – Алматы: Санат, 1997.
Оте магыналы, керемет