Жалқауға мал құралмас

Кулдасова Хафиза Умаралиевна
«Shahaman» зияткерлік мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі

          Жалқаулық – адам жанын аздыратын кесапатты кеселдің бірі.Себебі,жалқау кісіге жан да ,мал да жуымайды.Абайша айтқанда: қашық болуымыз керек 5 нәрсе,соның ішінде “ еріншектік ” дәл осы жалқаулықтың  синонимі. Абай өз ойын қара cөздері (соның ішінде жетінші қара сөзі) өлеңдері арқылы көркем жеткізеді.Оқыған кісі лезде ойына тоқиды. Бір қарап   шыққанда ақынның сөзі астарлы әрі салмақты,түсініксіз болып көрінуі мүмкін.Бірақ сол жұмбақтың түйінін шешкен кісі түсініп,зер салып оқыса Абай жанын түсінері сөзсіз.”Қазақ”деп қатал сынға алып ой өрбітуін,ашынуын,күйінуін, жаны ашығаны деп түсінуіміз керек.Шынында да жалқаулық адамға абырой әкелмейтін жаман мінез. Жалқаулықтың үш ақ жоспары бар.Ішсем,жесем,ұйықтасам.Алма піс аузыма түс деген арам ойдың айналасы.Тағы да осы тұста Абайдың 38 қара сөзінен мысал келтіргім келіп отыр. “ Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар.Сонан қашпақ керек.Әуелі –надандық,екіншісі – еріншектік,үшіншісі – залымдық деп білесің.Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны.Талапсыздық,жігерсіздік,ұятсыздық,кедейлік бәрі осыдан шығады”деу арқылы негізгі ойын дәлелдеп тұр.Жалқау кісі –жаңашылдыққа қол жеткіземін,жасаймын деп талпынбайды.Тіпті бойында күш-қуаты да жоқ,жігерсіз болып келеді.Жалқау кісі – ұятсыз келеді.Біреудің еңбекпен тауып келген асын ішіп жата беру ол үшін ұят емес болып тұрады.Жатқанына қанша күн өтсе де ойлану деген миына кіріп те шықпайды.Міне, мен қолымнан келгенше Абайдың 38 қара сөзін тарқатуға тырыстым.

           Адам еңбек ету арқылы шаршайтыны рас.Жұмыс істеу,күйбең тіршілік адамды физикалық та, рухани да әлсіретеді.Ондай кезде сергіп,алаңсыз бір демалып алғың келеді де тұрады.Әрине,бұл дұрыс.Әр адам өзінше демалады.Біреуге табиғат лирикасымен ән шырқап,таза ауада,көкмайсада демалған ұнайды.Ал біреуге арнайы демалыс аймағына барған қызығырақ.Тіпті кейбіреуге сұлулық орталығына барып күтім жасап,кешке дейін сауда жасап киім алған тиімді.Ал бір кісілерге жанға жағымды,әуезді ән тыңдап,елжіреп қайтатын концерттерге барған көңілдірек.Қарап тұрсақ қаншама нұсқа ұсынуға болады.Бірақ барлығы белгілі бір мөлшерде ғана.Ал одан асса жалқаулықтың құшағынан шыға алмай,еріншектіктің ермегі болып кетуі анық нәрсе.

           “Жұмысы жоқтық,тамағы тоқтық,аздырар адам баласын”–деген Абайдың өлең жолдары бар.Яғни бұл тармақ арқылы “жатқанға мал құралмас” деген мақалды сөзге тиек етіп ары қарай ой өрбітеміз.Тамағы тоқ,ішер асын дер кезінде тауып беретін адамы бар кісінің әрекет жасауға деген ойы да болмайды.Атқаратын шаруасы,барар жері,істейтін ісі жоқ болады.Егер осылай жалғаса берсе қара түнекте өмір сүріп жатқандай,іске құлшынысы болмай бара-бара сола береді.Абайша айтқанда адам баласын аздырады.Бұл әрекет етуге кедергі келтіріп,көп дүниені  кейінге шегере береді.Нағыз еріншектердің ұраны ертең жасаймын сөзі осыдан бастау алады.

          Кез келген кісі еңбек етіп,адал ас ішуі керек.Еңбекқор кісінің жүзі жарық,таңы берекелі атады.Таңғы ризықтан құр қалмаған жанның ырысы мен бір ісі артық тұрады.Білек күшін қажет ететін жұмыс болсын яки терең ойлануды талап ететін ғылыми зерттеулермен айналысу болсын адам еңбектенуі керек.Адам жұмыс істеудің арқасында қоршаған ортамен тіл табысып,етене жақын араласа түседі,адами құндылығын жоғалтпай,өз іздеген ортасында болады.Дінімізде адал ас ішіп,адал жүріп,адал тұру маңызды.Харам жолмен нәпақа табу,ұрлықы істер жасау ұят әрі ауыр күнә болып саналады.Ал табыс табуға ұмтылмау одан да ұят.Себебі,кінәлі адамға қарағанда қателіктерін дер кезінде түсініп,тәубеге келіп, қайталамауға тырысқан кісі Алланың алдында кешірімге лайықты.Жалқаулықтан жиіркеніп қашық болып,еңбекке асық болуымыз керек.

           Аузыңды аспанға қаратып,алма аузыма түс деп жата берсең,алма алдыңа келіп,аузыңа түсе қоймайды.Сол алма сенің алдыңа қайдан келіп жатқанын,қандай жолмен табылғанын түсіне біл.Тереңіне үңіл.Сонда ғана жан да,мал да өздігінен айналаңа құрала кетеді.Жалқаулық саған тән мінез болмайды.Айналаңа сенімен мақсаты бір жандар жинала бастайды.Оның соңынан қолдың кірі байлық та ере жүреді.

          Құмырсқадай еңбексүйгіш болу керек.Кішкентай жәндік болса да жүгін сүйреп,таң атқаннан кеш батқанға дейін астық жинап бір тынбайды.И.А.Крыловтың шығармасын мысал етіп,қазақ баласына көркем жеткізген Абайдың астарлы шығармасынан адамға тән мінезді  де көруге болады.Шырылдауық шегіртке мен құмырсқаның өмір сүру салты бейнеленіп ,қысқа қамдануын көрсетеді.Ертеңі бітпейтін шегірткенің дәуірі аяқталады.Жаз бойы қара күшпен терлеп-тепшіп дән тасып,жиған дүниесінің рақатын көрген құмырсқаның еңбегі ақталады.Яғни еңбек түбінде бәрін жеңеді.

          Жалқау кісі өзгеремін деп шешім қабылдап ,әдет қалыптастырып,түзелуге ұмтылса ол ұлы шешім.Адамның аса зор ерекшелігі ең қиын кедергілерді жеңудегі табандылығында.Айтқанынан қайтпай өзін өзгерте алса,бойындағы жаман мінездерден араға уақыт салып құтылса ол оның өміріндегі өзіне жасаған теңдессіз жақсылығы болады . Жалқаулықтың арбауынан шыққан кісі еңбекқорлыққа қол жеткізеді.Адам еңбектеніп оның жемісін көруі үшін бірнеше мінездер түла бойынан табылуы қажет.Олар:табанды болу,шыдамдылық,алға қарай ұмтылыс,жаңашылдыққа ізденімпаздық(білуге құштарлық),жауапкершілік,қиындыққа сүрінбеу,өткенді еске түсіріп өкініп,өкпелемеу т.с.с.

          Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндейтін болсам,жалқаулық арлы,адал кісіге жат мінез.Сондықтан іргемізді барынша жалқаулық пен еріншектік атты егіз бауырдан алшақ ұстауымыз керек.Жақсы әдеттерді тез үйреніп,білімге құштарлықты күн сайын арттырайық.Таным көкжиегіміз кең болса,жаман әдеттер мен мінездер жанымызға жуымайды да.Тәнімізді тазалап ,күтім жасаған сияқты жанымызды да жаман әдеттерден, мінездерден арылтып тазалап отыруымыз міндетті.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *