Балалардың тілге қызығушылығын арттыру әдістері
Салембек Кенжегүл Салембекқызы
Астана қаласы
«Kidz n totz Galamat» балабақшасы
Қазақ тілі мұғалімі
Аңдатпа. Балалардың қазақ тіліне қызығушылығын ояту – олардың тілдік қабілеттерін дамытудағы маңызды қадам. Бұл мақалада тіл үйренуді жеңіл әрі қызықты ететін тиімді әдістер қарастырылады. Ойын түрлері, шығармашылық тапсырмалар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, рөлдік ойындар, мультимедиалық технологиялар сияқты тәсілдер балалардың танымдық және сөйлеу дағдыларын дамытудың негізгі құралы ретінде ұсынылады. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтар арқылы тілге сүйіспеншілікті арттыру мен ата-ана мен педагогтың рөліне ерекше назар аударылады. Мақала ата-аналар мен тәрбиешілерге балалардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасын қалай арттыруға болатыны жөнінде нақты ұсыныстар береді.
Түйін сөздер: әдіс-тәсілдер, ойын, сөйлеу дағдысы, тіл үйрену.
Баланың тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыру үшін арнайы әдіс-тәсілдер қолдану қажет. Бұл әдістер тек баланың танымдық қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар эмоционалды қызығушылығын оятуға бағытталған.
- Ойын арқылы үйрету.
Ойын – баланың негізгі әрекеті. Ойын барысында балалар жеңіл әрі табиғи түрде жаңа сөздерді жаттап, сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Мысалы, «Қыс» тақырыбы. Ұйымдастырылған іс-әрекетте: «-Бізге, бүгін сонау Антрактидадан пингвин қонаққа келді» – деп, балаларды қызықтырып, әуезді әнмен ойыншық пингвинды кіргіземіз. Пингвин өз өлкесі қыста қандай болатыны туралы айтады. Тақырыптық сөздерді бекіту үшін ойнауға шақырады:
- Белсенді ойындар: «Кім жылдам?», «Қуыршақ Барбидың сөмкесі», «Түстерді тап», «Жұбын көрсет»;
- Сөздік ойындар: Сөздерді сәйкестендіру, суретке қарап сөз айту, сөзжұмбақ шешу.
- Қимыл-қозғалыс ойындары: Балалар қимыл арқылы сөздердің мағынасын түсініп, оларды есте сақтайды. «Мен көрсетемін, көршім табады», «Микки Маусқа көмектес»
- Шығармашылық тапсырмалар арқылы.
Шығармашылық тапсырмалар балалардың қызығушылығын арттырып, оларды тілді белсенді түрде қолдануға ынталандырады.
- Сурет салу және оны қазақша сипаттау.
- Қолөнер арқылы ұлттық бұйымдарды жасап, олардың атауларын жаттау.
- Әңгіме құрастыру немесе ертегіні сахналау.
- Жұмбақтар мен жаңылтпаштарды қолдану.
Балалардың ойлау қабілеті мен тіл байлығын дамыту үшін жұмбақтар мен жаңылтпаштар ерекше рөл атқарады.
- Жұмбақтар: Баланы ойландырып, жаңа сөздерді үйренуге жетелейді.
Мысалы:
- «Қыста ғана болады, ұстасаң қолың тоңады» (жауабы: қар).
- Жаңылтпаштар: Дыбыстарды дұрыс айтуға үйретеді.
Мысалы:
- «Ғарышкер ұшты ғарышқа. Ғарышқа ұшты ғарышкер. Айтшы, ғарыш алыс па?»
- Интерактивті технологияларды пайдалану.
Заманауи балалар үшін мультимедиа құралдарын пайдалану маңызды:
- Қазақ тіліндегі мультфильмдер, аудиокітаптар мен әндер.
- Мобильді қосымшалар: ойындар арқылы жаңа сөздерді жаттап, сөйлемдер құрастыру.
- Интерактивті тақта немесе компьютер арқылы тілдік сабақтарды ұйымдастыру. learningapps.org , flippity.net,
https://www.d-id.com/, т.б.
- Рөлдік және театрландырылған ойындар арқылы.
Балалар қазақ тілінде диалогтарды құрастыру арқылы сөйлеу дағдыларын дамытады.
- Рөлдік ойындар: Дүкенде сауда жасау, қонақ күту, балабақшада күнделікті қарым-қатынас.
- Театрландырылған көріністер: Қазақ ертегілерінен үзінділер қою. Мысалы, «Мақта қыз» немесе «Кішкентай ақылды балапан» ертегілерінен сахналық қойылым.
- Әндер мен өлеңдер арқылы үйрету.
Музыка мен поэзия балалардың есте сақтау қабілетін жақсартады.
- Қарапайым әндер мен тақпақтарды жаттату.
- Ән арқылы сөздердің мағынасын түсіндіріп, балаларды бірге орындауға ынталандыру.
Мысалы: «Бақа-бақа балпақ», « Қуыр, қуыр, қуырмаш», «Аю әні» т.б.
- Ұлттық құндылықтар мен мәдениет арқылы үйрету.
Балалар қазақтың ұлттық құндылықтарын үйрене отырып, тілге деген қызығушылықты сезінеді.
- Ұлттық тағамдардың атауларын жаттау (бауырсақ, қазы).
- Ұлттық ойындарды үйрету («Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Қыз қуу», «Қой көтеру», «Бәйге»).
- Салт-дәстүрлерді таныстыру (бесікке салу, тұсау кесу, атқа отырғызу).
Баланың тіл үйренудегі әрбір жетістігі мадақталуы қажет.
- Мадақтамалар, жұлдызшалар немесе сүйікті персонаждары бар жапсырмалар, ең басытысы жігерлендіретін «Жарайсың!», «Керемет!». «Сенің қолынан көп нәрсе келеді!» деген секілді жанды жылытатын жылы сөздер.
- Әр баланың үлгерімін атап өту және оның тырысуына алғыс айту.
Ата-ана мен педагогтың рөлі
Баланың тілге қызығушылығы отбасындағы және балабақшадағы ортаға тікелей байланысты.
- Ата-аналарға қазақ тілінде баламен қарым-қатынас жасауды үйрету.
- Балабақшада тілге бай және қызықты орта қалыптастыру.
Тілді үйрену балалар үшін тек қажеттілік емес, сонымен қатар қызықты процесс болуы тиіс. Балалардың тілге деген қызығушылығын арттыру – ұзақ әрі жүйелі жұмысты қажет ететін үдеріс. Бұл үдерісте ойын, шығармашылық және интерактивті әдістерді тиімді пайдалану маңызды рөл атқарады. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай тапсырмалар мен әдістемелерді қолдану олардың тілдік дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, тілді үйренуге деген сүйіспеншілігін оятады.
Сондай-ақ, ата-ана мен педагогтың ынтымақтастығы ерекше маңызға ие. Тіл үйрету тек балабақша немесе мектеп қабырғасында ғана емес, отбасылық ортада да жалғасын табуы тиіс. Балаларға ана тілін үйрету – олардың ұлттық құндылықтарды түсініп, болашақта өз елінің мәдениеті мен тіліне құрметпен қарауына негіз болады.
Біз тіл үйренуді балалар үшін қызықты әрі мағыналы ету арқылы олардың ой-өрісі мен шығармашылық қабілеттерін дамыта аламыз. Осылайша, қазақ тілін үйренуге деген сүйіспеншілікті арттырып, ұрпақтың тілді меңгеру деңгейін жаңа сатыға көтереміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Әбілқаев, А. “Қазақ тілі оқыту әдістемесі” – Алматы: Мектеп, 2017.
- Момынова, Б. “Қазақ тілін оқытудағы инновациялық әдістер” – Алматы: Қазақ университеті, 2020.
- Назарбаев, Н.Ә. **“Қазақстандықтардың үш тұғырлы тілді меңгеру
- Бегалиев, Ғ. “Балалардың тілін дамыту жолдары” – Алматы: Білім, 2015.
Қашықтықтан қолжетімді электронды әдебиеттер:
- https://erketai.kz/balalardin-olenderi/kazakhsha-zhaniltpashtar-zhinagi/
![](https://bilimger.kz/wp-content/uploads/2024/12/мақала-7.png)
![](https://bilimger.kz/wp-content/uploads/2025/01/25326.png)