Креативті болу – уақыт талабы
Разакова Ардак Нуртугановна
Уақыт жылжып, сағат сырғыған сайын біз біле бермейтін әлдебір сөздер сөздік қорымыздан табылып жатыр. “Позитив, негатив” сынды сөздерді ертеректе мағынасын білсек те, тап осы сөз етіп қолданысқа енгізбеп едік. Сондай сөздердің бірі-креатив. “Креатив ұстаз”, “креативі мықты маман” деген сөздерді жиі естіп жатамыз. Осы креатив дегеніміз не? Ойланып көрдіңіз бе?
Аты селт еткізгенге кей жандар жете түсінбеуі мүмкін. Жалпақ тілмен айтқанда креатив “жоқтан бар жасау” немесе кез келген дүниені әдемі, елдің ойына келмейтіндей етіп жасау. Мысалы, барлық адам үстіне киім киеді. Ал сол киімді ұжымның ынтымағын арттыру мақсатында апта күндеріне түрлі түсті бөліп, әр күнді бір түске арнап, әрі қызық, әрі сағына еске алатын бір сәтке айналдыра аламыз. Екінші мысал, балалар күнделікті балабақшаға келеді. Әр баланың келген уақытында видеоға түсіріп, сол жиналған видеодан әдемі жалпы видео жасап, ата-аналарға жолдар болсаңыз ата-аналардың қуанып қалары анық.
Ал осы креатив қаншалықты қажет? Креативті болу-заман талабы. Көптің бірі болып, қарабайыр күн кешпей, әр күнді әсемдей алу үшін де креатив қажет. Бақшаға келген балаларға бақшаға асығып, бақшаны сүйдіру үшін де креативті болу маңызды. Балалардың күн тәртібіне креативті қалай қосамыз? Креатив деп ат қойып, айдар таққанға шошымаңыз. Бұл күнделікті істі нақышына келтіріп, жаңаша бір өзгеріспен жасау дегенді білдіреді. Балалардың күнделікті өміріне креатив кіргізудегі алғашқы идея менің тарапымнан мынадай: әр топқа өзінің түсін тағайындау. Кіші топ сары, ересек топ жасыл дегендей түрлі түстерді беріп, балабақша тарапынан сондай түстегі киім үлестірілсе, әр топтың баласын бойы мен ойына қарап емес, жүрген кездегі киіміне қарап-ақ бірден ажырата аласыз. Егер қанық түстерді таңдасақ баланың назары бірден ауады. Қала берді балалар түстерді жаттауға машықтанады.
Креативті болуға тағы бір идея ұжым арасындағы қарым-қатынас. Олардың да киімінің түсін немесе киіну үлгісін ойластыру арқылы балалардың ғана емес, ұжымның да арасында әдесмі бір байланыс орната аламыз. Әр топтың өзінің әні, әр топтың түсі, белгісі, ұраны болғаны қандай әдемі? Елестетіп көріңізші: әр топтың өзінің түсі, әр тәрбиешінің киім үлгісі болғаны көзге қандай әдемі? Балалардың ғана емес, сырттан келген кез келген адамның назарын аудармай қоймайтын бір дүние деп білемін.
Әйгілі боксшы, қазақтың туын көтеріп жүрген Ардақ Назаров өз балаларын балабақшаға берерде көп ойланыпты. Ұлттық құндылықты бірінші орынға қоятын боксшымыз ойлана келе, өзі балабақша ашыпты. Бүгінгі күні балабақшада түрлі қисса-дастандар жаттатылып, Ардақ Назаров түрлі ғибратты әңгіме айтып, садақ ату, ою-өрнек сынды дүниелер дәріптеледі екен. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әрбір балабақша осы бақшадан үлгі алып, креативті тұстарын өзіне алар болса, көп балабақшаның жұмысы ілгерілеп, ұлттық құндылығын санасына сіңіріп өскен жастарымыз көбейер еді деп сенеміз. Біз балабақшада балаларға өзінің сөресін, орындығын үйрету мақсатымен орындық пен сөреге түрлі мультфильм кейіпкерлерін, жемістерді іліп жатамыз. Соның орнына бір топ ою-өрнектерді, бір т оп тұлғаларды, бір топ жырауларды, енді бір топ ұлттық тағамдарымызды жапсыру арқылы жаттай жүрсе, мұның өзі кішкентай болса да үлкен жеңіс болар еді деп сенемін. Әйтпегенде бүгінгі күні жеті ата, ру, ұлттық құндылық дегеннен алыстап бара жатқан жастарымыз көп.
Креативті болу-заман талабы. Ал сол креативке өзіміздің төл өнеріміз бен байлығымызды қоса білу әр маманның білім көкжиегінің дәрежесін көрсетеді. Креативті Батыстан немесе басқа елден емес, өз ішімізден, өз тарихымыздан іздер болсақ, алар асуымыз көп болмақ. Креативін ұлттың байлығына байлаған мамандар саны көбейсін деп тілейміз