Түркістанның тазалығы – жан шуағымен келетін еңбек

Бекжан Арайлым

Тойжан Тұрсынбекқызы: «Біздің мақсатымыз – университетке келетін әр адамның көңіл-күйін көтеріп, тазалықты қамтамасыз ету»

Түркістан қаласындағы оқу орындарының бірі – айнадай жарқырап тұратын университет. Ал осы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген жандардың бірі – Тойжан Тұрсынбекқызы. Ол бұл оқу орнында 2009 жылдың 11 желтоқсанынан бастап қызмет етеді. Оның еңбегі – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, маңызы өте зор.

Тойжан апай таңертең жұмысқа ерте келуге тырысады. «Мен сағат 8-де жұмысқа келіп, 8 жарымда жұмысымды бастаймын. Біздің мақсатымыз – университеттің тазалығын сақтап, қызметкерлер мен студенттерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Олар келем дегенше барлық жерді тазалап, жарқыратып қоямыз», – дейді ол.

Күнделікті жұмыстың қиындықтарымен қатар, ұжым тарапынан қолдау да бар екен. «Университет басшылығы бізге жақсы жағдай жасап келеді. Мысалы, ауырып қалған жағдайда кәсіподақ тарапынан медициналық көмек көрсетіліп, больничный төленеді. Төлемақыны жеңілдету үшін студент қыздарымыздың оқу төлеміне жеңілдіктер берілді. Жазғы жөндеу жұмыстары үшін 30 мың теңге, Республика күні қарсаңында 20 мың теңге сыйақы алдық. Қазір айлығымыз 120 мың теңгеге жетті. Алғаш келген кезімде бұл көрсеткіш 19 мың болатын», – дейді Тойжан Тұрсынбекқызы.

15 жыл ішінде талай жағдай болған. «Кейде құбырлар жарылып, су кешіп жұмыс істеген кездеріміз де болды. Бірақ ондай сәттерде ұжымымыздың ұйымшылдығы көмектеседі. Барлығымыз бірлесе, тез арада мәселені шешуге тырысамыз. Жұмысымыздың қуанышты сәттері де аз емес. Бірде студенттер шашып кеткен қағаздары үшін кешірім сұрап, менімен суретке түспек болды. Олармен жақсы қарым-қатынас орнатып, бауыр басып кеттім», – дейді ол күлімсіреп.

Сөз соңында Тойжан апай өзінің тілегін жеткізді: «Біздің жұмыс – университеттің тазалығын сақтау ғана емес, жалпы мәдениеттілікке үлес қосу. Мен барша студенттер мен қызметкерлерге «Түркістан – таза қала» дегенді ұмытпай, университетіміздің тазалығын сақтап, бір-бірімізге құрметпен қарайық дегім келеді.»

Тойжан Тұрсынбекқызының еңбегі қарапайым көрінгенімен, оның арқасында университетте жайлы әрі таза орта қалыптасады. Бұл тек физикалық тазалық емес, рухани тәрбиенің де бір бөлігі. Мұндай еңбекке құрмет – қоғамның дамуының маңызды көрсеткіші.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *