Гендерлік теңдік жолындағы жаңа қадам
Қазақстандағы гендерлік зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару және оны шешудің тиімді тәсілдерін іздеу мақсатында 15 қарашада Тараз қаласында «Қауіпсіз қоғам» атты әлеуметтік байқауы өтті. Бұл іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қаржыландыруы аясында ұйымдастырылып отыр.
Байқау аясында тұрғындар гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресті насихаттайтын шығармашылық және тәрбиелік мәні бар жобаларды ұсына алады.
Бұл байқау гендерлік зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамдық назар аударуды күшейтуге және оны шешудің жаңа тәсілдерін анықтауға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылардың жобалары креативтілігімен, мәселені жан-жақты талқылауымен және нақты шешімдер ұсынуымен ерекшеленуі тиіс.
Ұсынылған жұмыстарды арнайы қазылар алқасы бағалап келесі командалар жеңімпаз атанды: I орын (100 000 теңге): «GenUni» командасы; II орын (80 000 теңге): «QARU» командасы; III орын (50 000 теңге): «Біз болмасақ кім?» командасы.
Гендерлік зорлық-зомбылық — тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті мәселелердің бірі. Бұл бастама қоғамның назарын зорлық-зомбылықтың зиянды салдарына аударып, оны шешудің инновациялық жолдарын ұсынуды көздейді. Мұндай шаралар еліміздегі гендерлік теңдіктің дамуына ықпал етіп, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік деңгейін арттыруға септігін тигізеді.