Универдің жас таланты
Суретшінің табиғаты басқалардан бөлек. Қолындағы қылқаламымен айтқысы келген сөздерді,болып жатқан мәселелерді сөзсіз бейнелеп беретін ерекше дарын иесі. Ақын махаббатын өлеңмен,әнші әнмен,домбырашы домбырамен жеткізсе суретші қолына алған жан досы қылқаламымен жеткізеді. Тақырыпты ары қарай өрбіту үшін,Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі,«дизайнер» мамандығының 1 курс студенті Ұлжан Сансызбайқызымен сұхбаттастым.
Сәлеметсізбе,Ұлжан! Сұхбатқа келісіп,уақыт бөліп келгеніңіз үшін рақмет. Бірінші сұрақтан бастайын. Дизайнер саласын не себепті таңдадыңыз?
⁃ Негізі бала күнімнен сурет салғанды ұнатамын. Таудың,орманның,табиғаттың бейнесін салғанда жаным рақаттанатын. Сурет салу хоббиім емес,жақсы көретін жұмысым. Болашақта атақты суретші болсам деген кішкентай арманым бар. Сол бала күнгі арманның жетегімен осы «дизайнер» мамандығын таңдадым. Мамандығым «дизайнер»деп аталғанымен, семинарларда сурет саламыз.
Керемет! Ең ұзақ салған суретіңіз қанша уақытқа созылды?
⁃ Әрқайсысы әрқалай. Бір суретті бітіру үшін шекті уақыт жоқ. Ұзақ салынатын суреттер болады,қысқа уақытта аяқталып қалатын суреттер болады. Ол суретшінің шабытына байланысты дер едім. Менің ең ұзаққа созылған суретім Мұқағали атамыздың портреті. Кемі 3 күндей салдым. Негізі суреттерім олай ұзаққа созылмайтын. Суретті аяқтамасам дұрыс ұйықтай алмаймын.
Оныңыз дұрыс әдет екен. Ұлжан, айтыңызшы суретші болудағы ерекшеліктер қандай?
⁃ Өте көп. Суретші көзбен көрген сұлулықтарын ақ қағазға бейнелейді. Осы орайда есіме түсіп тұр, әйгілі суретші, қылқалам шебері Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген. Яғни, суретші болу дарынын кез-келген адамға бере бермейді. Суретші болу- табиғаттың тума таланты. Менің көзқарасымдағы ерекшелігі кез-келген жерден тек сұлулық көріп тұрасың. Және соны қарап, сезініп, шабыттанып, сол сұлулықты қағазға салғың келіп тұрады.
Осы орайда сұрайыншы, өзіңіздің сүйікті суретшіңіз бар ма?
⁃ Менің сүйікті суретшім Лейла Махат. Ол – кәсіби қылқалам шебері, Чехиядағы бейнелеу өнер академиясының құрметті мүшесі. Оның туындылары тек елімізде емес, сонымен қатар шетелдегі бірқатар мұражайларда сақтаулы. Сол кісідей суретші болғым келеді.
Тамаша. Арманыңызға жетуіңізге тілектеспін. Болашақ суретшілерге қандай кеңес бересіз?
⁃ Мен кеңес айтатындай дәрежеге жетпедім әлі. Оқуға түскенім болмаса, бір шыңды бағындырмадым. Сондықтан, өзіме әсер еткен кішігірім кеңесіммен бөлісейін. Жалпы, суретші табиғаты бөлек қалыптасатын тұлға ғой. Сол үшін бірінші кезекте қызығушылықтарыңды біліңдер,суретке деген. Шын суретші боламын деп көз жеткенде ғана сол істі таңдап бастау керек. Ойланып жүре беруге болмайды. Темірді қызған кезінде соқ дегендей, сол кезді ұстап қалу керек. Сонда таңдаған мамандықты да сүйіп оқисыңдар!
Өтімді жауаптарыңызға көп рақмет,Ұлжан! Сізге сәттілік,оқуыңызды аяқтап,Қазақстанға белгілі суретші болуыңызға тілектеспін.
Сұхбаттасқан Маден Арайлым,студент