Дәстүрлі мәдениет элементтерін заманауи сәнге енгізу
Тоқтасын Ұлдана Ғаниқызы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университет магистранты
ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТ ЭЛЕМЕНТТЕРІН ЗАМАНАУИ СӘНГЕ ЕНГІЗУ
Қазақ халқының дәстүрлі көкірекше үлгілері қазіргі заман талаптарына сай жаңартылып, корсет түрінде жаңа қырынан бейнеленеді.. Қазақ халқының көркемдік – мәдени мұраларын жаңғыртуға бағыталып, ою-өрнектердің түрлері анықталады. Ер балалар мен қыз балаларға арналған корсеттер заманауи стильде жасалып, олардың дизайнында ұлттық ою-өрнектердің ерекшеліктері ескеріледі. Сонымен қатар, көкірекшенің мәні мен маңызын айқындайтын жаңа өрнек үлгілері мен олардың композициялық құрылымы зерттеледі. Заманауи стильде дайындалған көкірекшелерде әрбір ою-өрнектің символдық мәні мен эстетикалық ерекшеліктері ескеріліп, дәстүр мен жаңашылдықтың тепе-теңдігі қамтамасыз етіледі.
Кілт сөздер: Көкірекше, корсет, ою-өрнектер, дәстүрлі мәдениет, заманауи стиль.
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениет элементтері ғасырлар бойы рухани және тұрмыстық мұра ретінде сақталып келеді. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау және оларды заманауи сән индустриясына енгізу қажеттілігі артып отыр. Дәстүрлі ою-өрнектерді қазіргі сән элементтерімен үйлестіре отырып, ұлттық киімнің жаңа түрлерін жасау арқылы ұлттық мәдениетімізді жаңғырту және жас ұрпаққа жеткізу аса маңызды. Осы бағытта қазақтың ұлттық ою-өрнектерін, атап айтқанда, «қошқар мүйіз» және «айыр гүл» элементтерін заманауи корсет дизайнында қолдану өзекті мәселе болып табылады.
Қазақ халқының дәстүрлі мәдени элементтерін зерттеп, оларды заманауи сәнге лайықтау арқылы ұлттық киім үлгілерін жаңғырту және жастар арасында ұлттық мұраға деген құрметті арттыру болып табылады.
1.Қазақ халқының дәстүрлі ою-өрнектерінің түрлерін, олардың мағынасын және қолдану салаларын зерттеу.
2.Заманауи сән талаптарына сәйкес келетін корсет дизайнын жасауға арналған ұлттық ою-өрнек элементтерін іріктеу.
3.Ер балалар мен қыз балаларға арналған корсеттердің жаңа үлгілерін әзірлеп, олардың дизайн ерекшеліктерін анықтау.
4.Ұлттық киімдердің эстетикалық және символикалық ерекшеліктерін сақтай отырып, жаңашылдық енгізу.
5.Ұлттық нақыштағы киімдерді жастар арасында насихаттау және оларды сән индустриясына интеграциялау жолдарын ұсыну.
Дәстүрлі мәдениет – бұл әлеуметтік немесе этникалық ортада қалыптасқан саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени қарым-қатынастар жүйесі. Бұл жүйе арқылы қоғамда тарихи сабақтастық қамтамасыз етіліп, әр ұлттың өзіндік ерекшелігі мен болмысы сақталады. Мәдениет кең мағынасында – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын өмір сүру тәсілі. Осы жалғастықтың негізін салт-дәстүрлер жүйесі құрайды. Ерте заманда жазу-сызу болмағандықтан, мәдениет ырымдар, сенім-нанымдар және дәстүрлі түсініктер арқылы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілген.
Ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар мәдени мұрагерліктің негізгі құралы болды. Азаматтық қоғамның толық қалыптаспау жағдайында осы әдет-ғұрыптар қазіргі ұлттық мәдениеттің алғашқы үлгілерін (архетиптерін) көрсетті. Дәстүрлі мәдениет уақыт ағымына тәуелсіз: жас ұрпақ оны өзгертуге ұмтылмай, орныққан салт-дәстүрлерді бұлжытпай сақтайды. Осылайша, ресми жоралғылар мен ережелер заңды құндылық ретінде қабылданады.
Әр ұлттың дәстүрлі мәдениеті оның тарихи дамуы, діни сенімдері, дүниетанымы, тұрмыс ерекшеліктері және басқа елдермен қарым-қатынасы негізінде қалыптасады. Мәдениеттердің өзара ықпалдасуы кейде ұлттық дәстүрлердің дамуына ықпал етсе, кейде олардың жойылуына әкелуі мүмкін. Қазіргі жаһандану кезеңінде әрбір ұлт өз дәстүрлі мәдениетін сақтауға тырысып, оны ғылыми-техникалық жаңалықтармен үйлестіруге және жалпы адамзаттық құндылықтармен ұштастыруға ұмтылуда [1,193 б.].
Қазақ халқының ою-өрнек өнері өз бастауын терең тарих қойнауынан, тіпті тас дәуірінен алады. Соңғы палеолит дәуірінің ескерткіштерінен жануарлардың толық бейнесімен қатар, адамның ойлау қабілетін бейнелейтін түрлі символдық белгілер де табылған. Бастапқыда адамның күнделікті өмірін қоршаған табиғат көріністері (адам, аң-құс, жануарлар, ағаштар мен өсімдіктер) уақыт өте келе өзгерістерге ұшырап, стильденіп, абстрактілі ою-өрнекке айналған.
Тас дәуірінде қарапайым геометриялық сызықтардан бастау алған бұл өнер, ғасырлар бойы дамып, қазіргі ұрпаққа жетті. Қола және темір дәуірлерінде Батыс Сібір мен Қазақстан аумағында өмір сүрген көшпелі тайпалар әсемдікке құмарлығын табиғат көріністері арқылы жеткізген. Андронов, сақ, ғұн және үйсін мәдениеттерінде ою-өрнек үлгілері мифологиялық дүниетанымнан туындаған фантастикалық бейнелер түрінде көрініс тапты. Мұндай стильденген зооморфтық бейнелер сақ және Алтай қорғандарынан табылған зергерлік бұйымдарда жиі кездеседі.
Сақ, ғұн, үйсін және қаңлы тайпалары арасында кең тараған «аң стилі» екінші-үшінші ғасырларда пайда болып, уақыт өте келе абстрактілі ою-өрнекке айналды. Ою-өрнектің әртүрлі түрін жасау кезінде халық шеберлері өздерінің ерекше стилі мен көзқарасын енгізіп, үйлесімділікке үлкен мән берген.
Қазақ ою-өрнектерінің негізгі символы – «қошқар мүйіз» оюы. Бұл ою басқа күрделі өрнектердің негізін құрап, әртүрлі композицияларға ұласады. Қошқар мүйіз оюынан бастау алған өрнек уақыт өте келе дамып, көптеген жаңа түрлерге еніп, басқа элементтермен толықтырылып, күрделі құрылымға айналады[2,5 б.].
Қошқар мүйізден бастау алған ою-өрнек түрлері өзара үйлесім тауып, бір-бірін толықтырып, сәндік пен жарасымдылықты арттыра түседі. Әсем гүл шоғырындай оюлар шебер қолында құлпырып, көзге қуаныш, көңілге жылылық сыйлап, ортаны әдемілік пен сұлулыққа бөлейді. Біздің ата-бабаларымыз осы өнерді биік шыңына жеткізіп, шеберліктің тамаша үлгісін көрсеткен.
Шөптібай Байділдаұлы ою-өрнек туралы былай дейді: “Менің түсінігімде ою-өрнек – бұл дәлдік пен есеп, теңдік пен үйлесім, жарасым мен сәндік. Ол көркемдік пен сәйкестік, тазалық пен нәзіктік, сүйкімділік пен парасаттылықты білдіреді. Сонымен қатар, жылылық, сұлулық, ойшылдық, ақылдылық пен зеректік сияқты қасиеттерді көрсетеді. Оюлар көңіл-күйді жақсартып, шаттық пен шабыт сыйлайды. Ептілікке, іскерлікке, шеберлікке және дәлдікке баулып, тәрбие құралына айналады.”
Ою-өрнек тек әсемдік емес, сонымен қатар терең мағына мен рухани байлықтың көрсеткіші екенін дәлелдейді [2,7 б.].
Қазақ халқы сақ-скиф және түркі халықтарының мәдениетін тікелей мұрагері болып табылады. Бұл олардың дүниетанымы, діни сенімдері, мерекелік салт-дәстүрлері, сондай-ақ киім-кешектері мен ою-өрнектерінен айқын байқалады.
Қазақ ою-өрнектерінің ең танымал түрі – қошқармүйіз. Бұл оюға терең мән берсек, оның пирамида немесе таудың жайылған бейнесін көрсететінін аңғарамыз. Сонымен қатар, ол свастикалық теңқабырғалы айқышпен үйлесіп, тауға көтерілу мен одан түсу қозғалысын, пішін мен оның кері пішінінің біртұтастығын бейнелейді. Қошқармүйіз оюы дуализмді – әйел мен еркектің, өмір мен өлімнің, мейірім мен зұлымдықтың тепе-теңдігін жеткізетін символ ретінде қабылданады [3,10 б.].
“Қошқармүйіз” ою-өрнегі молшылық пен байлықтың белгісі ретінде танылған. Қазақ қолөнерінде “қошқармүйіз” және “арқармүйіз” оюлары кеңінен қолданылады, оларды қолданбайтын сала жоқ. “Қошқармүйіз” оюымен бірге әртүрлі сәндік және практикалық мақсаттарға лайық басқа да оюлар пайдаланылады. Оларға жапырақ тәрізді, иірім, шиыршық, үшкіл, түйетабан, қазтабан, құсмұрын, сыңар өкше, айшық гүл, жұлдыз гүл сынды түрлер жатады.
Ұлттық нақыштағы ою-өрнектер кез келген мәдени шараны безендіріп, көрермендерге эстетикалық әсер сыйлайды. Жақсы үйлестірілген оюлар күрделі әрі ерекше композициялар құрып, өнердің биігін көрсетеді.
Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының дәстүрлі киім үлгілері мен ою-өрнектері өз уақытына сай өзгерістерге ұшырады. Киімнің түсі мен оюынан адамдар өзара досын да, жауын да таныған. Шеберлер ою арқылы өз ойы мен сезімдерін, замана келбетін жеткізген. Әрбір оюдың атауын беру мүмкін болмаса да, шеберлер әр өрнектің қай затқа лайық екенін дәл анықтап, өз үйлесімін тапқан [2,9 б.].
Қазақ мәдениетіндегі корсетердің маңыздылығы өте терең және көпқырлы. Корсеттер (көкірекше, камзол) – қазақ әйелдерінің ұлттық киімдерінің ажырамас бөлігі, әрі мәдениет пен салт-дәстүрді бейнелейтін маңызды элементтердің бірі. Корсетер сәндік киім ретінде ғана емес, рухани, эстетикалық, және әлеуметтік мән-мағынаға ие.
Корсеттердің маңыздылығын көрсететін негізгі аспектілер:
Әлеуметтік мәртебе: Корсеттер, әсіресе, киімнің сәнді және қымбат элементтері ретінде қыздардың әлеуметтік мәртебесін көрсеткен. Қымбат маталар, зергерлік әшекейлер және ою-өрнектер арқылы бұл киімдер әлеуметтік жағдайды, отбасының мәртебесін білдірген. Бай оюлар мен әшекейлер қалыңдықтың немесе жас келіншектің киімінде жиі қолданылған.
Эстетикалық мән: Корсеттер әйелдердің сұлулығын және нәзіктігін көрсетеді. Белді айқындап, дененің мүсінін ерекше көрсететін бұл киім әйелдің сәнді әрі жинақы көрінуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ою-өрнектер мен кестелер киімге ерекше сән қосып, оны көркемдік мәнге бөлейді.
Қорғаныштық қызмет: Корсеттер тығыз әрі қалың матадан тігілетіндіктен, әйелдердің денесін салқыннан қорғайтын болған. Сыртқы ортаның әсерінен қорғау мақсатында қазақ әйелдері корсеттерді жиі киетін.
Рухани мағына: Корсеттердегі ою-өрнектер мен символдар рухани мәнге ие, олар киімді киген адамның табиғатпен, рухани әлеммен байланысын бейнелейді. Әрбір оюдың өзіндік мағынасы бар (мысалы, қошқар мүйіз – береке, құс қанаты – еркіндік), олар адамның ішкі дүниесін, өмірге деген көзқарасын көрсетеді [4,33 б.].
Дәстүрді сақтау: Корсеттер ұлттық мәдениеттің, салт-дәстүрдің маңызды бір бөлігі болғандықтан, ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде қалды. Корсеттер қазіргі күнде де ұлттық нақышта киіліп, қазақ мәдениетін жаңғыртуға, жастар арасында ұлттық киімге деген құрметті сақтауға көмектеседі .
Көкірекшелер маңызды болғанымен қазіргі кезде көкірешенің орнын корсеттер басып жатыр жәнеде көкірекшелердің көбшілігінде ою-өрнек түрлері қолданылған , олардың көп тарылған түрлері мен мағыналары:
Ер балаларда көбінесе киетін көкірекшелерінде қошқар мүйіз,түйе табан сияқты оюлар кездеседі.
Қошқар мүйіз – ең танымал қазақ оюы болып саналады. Көкірекшелерге жиі қолданылатын бұл өрнек байлық, молшылық және күш-қуатты білдіреді. Бұл өрнек ерлер көкірекшелерінде де кездеседі.
Түйе табан – түйенің ізін бейнелейтін ою, тұрақтылық пен табандылықты білдіреді. Қазақ мәдениетінде түйе – көшпенділер өмірінің маңызды бөлігі, сондықтан бұл өрнек тұрақтылық пен сенімділікті символдайды.
Ал қыз балаларда құс қанаты және айыр гул оюлары жиі кездеседі.
Құс қанаты – еркіндік пен жеңілдіктің белгісі. Көкірекшелердегі бұл өрнек адамның табиғатпен үйлесімділігін және еркіндікке деген құштарлығын білдіреді. Әсіресе қыздардың көкірекшелерінде көп қолданылады.
Айыр гүл – гүл немесе өсімдік түріндегі өрнек. Бұл өрнек табиғаттың сұлулығын және өмірдің жалғастығын бейнелейді. Көкірекшелерге нәзіктік пен әдемілік қосады. [4,66 б.].
Қорытынды
Зерттеуде ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті өмірде пайдалану туралы пікірлер мен тәжірибелер зерттелген. Сауалнама нәтижелеріне сәйкес:
1.Ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық:
Респонденттердің басым бөлігі ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті өмірде кимейді. Бұл жауаптардан негізгі себептердің бірі ретінде заманауи киімдермен үйлеспеу және қолайсыздық аталған.
2.Ұлттық киімдерге деген сезім:
Ұлттық нақыштағы киімдерді киетін респонденттер оларды мақтаныш сезімімен байланыстырады, бұл олардың ұлттық мәдениетке деген құрметін көрсетеді.
3.Сатып алу ықтималдығы:
Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі ұлттық нақыштағы киімдерді сатып алуға дайын екендігін білдірген. Бұл ұлттық нақыштағы киімдердің нарықта сұранысқа ие екенін көрсетеді.
4.Негізгі кедергілер:
Ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киюге кедергі болатын негізгі факторлар ретінде бағаның қымбаттығы, күнделікті өмірде ыңғайсыздық, және заманауи киім үлгілерімен үйлеспеуі көрсетілген.
Ұсыныстар:
1.Ұлттық нақыштағы киімдердің заманауи киім үлгілеріне сәйкестігін арттыру мақсатында жаңа дизайндар мен коллекциялар жасау.
2.Жастар арасында ұлттық мәдениетті насихаттау үшін қолжетімді бағамен өнімдер шығару.
3.Ұлттық нақыштағы киімдердің күнделікті өмірде қолданылуын жеңілдету үшін ыңғайлы және әмбебап модельдер әзірлеу.
Қорыта айтқанда, зерттеу қазақтың дәстүрлі «қошқар мүйіз» және «айыр гүл» оюларын қыз балалар мен ер балаларға арналған корсеттерге бейімдеп қолдануды мақсат етеді. Жаңа дизайндар бұл оюлардың түпнұсқалық мәнін сақтай отырып, оларды заманауи киім үлгілерімен үйлестіріп, сәнді және танымал элементтерге айналдыруға бағытталған. Жоба қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерінің қазіргі сән индустриясындағы орнын айқындап, оларды заманауи сән әлеміне енгізу мүмкіндіктерін көрсетеді. Мысалы, «қошқар мүйіз» оюы ер балалардың киімінде батылдық пен күштің символы ретінде қолданылса, «айыр гүл» оюы қыз балалардың нәзік әрі талғампаз болмысын бейнелейді. Бұл оюларды корсеттерге енгізу ұлттық киімдерді жаңаша қырынан танытып қана қоймай, жас ұрпаққа ұлттық мұраға деген құрметті арттыруға ықпал етеді.
Қолданылған әдебиттер тізімі
1.Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. –Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2005. – 656 б.
2.Шөптібай Байділдаұлы.Қазақтың ою-өрнектері.- Алматы: Өнер 2006.-146 б.
3.Ерлан Қожабаев. Қазақ оюлары.- Алматы: Мектеп, 2015. – 344 б.
4.Райымхан К.Н.Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері: оқу құралы.- Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 136 б.