Мәтіндегі қате – медиа этикасын бұзады.
Медиа этикасы — журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысында маңызды рөл атқаратын негізгі ережелер мен принциптер жиынтығы. Бұл ережелер журналистер мен медиа ұйымдарының қоғам алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді, ақпараттың шынайылығын сақтауға және адам құқықтарын құрметтеуге бағытталған.
Медиа этикасының бұзылуы көптеген мәселелерге әкеп соғуы мүмкін. Мәселен, жеке өмірге қол сұғу, ақпаратты бұрмалау немесе тексерілмеген ақпаратты жариялау — бұның барлығы қоғамда адасушылық пен сенімсіздікті тудыруы мүмкін. Сондықтан медиа этикасын сақтаудың маңызы зор.
Мәтіндегі қате медиа этикасын бұзады. Осы пікірмен келісе, дәлелдер ұсынсам:
Ең алдымен, Шынайылық пен дәлдікті көздейтін медиа этика саласында қате болу қоғамға кері әсерін тигізеді. Журналистер ақпаратты тексеріп, оның дұрыстығын растауы тиіс. Себебі, ол халықпен байланысты дүние. Адамдарды адастыруға, жалған ақпарат таратуға немесе біржақты көзқарасты насихаттауға жол берілмеуі керек. Журналистикада шынайылық — ең басты қағида.
Екіншіден, жеке өмірге қол сұғуға тыйым салынуы. Медиа тұлғалары жеке өмірге қатысты ақпаратты жариялағанда абай болу керек. Жеке өмірге қол сұғу немесе азаматтардың ар-намысын қорлау — этикалық тұрғыдан бұзушылық болып табылады. Тіпті, ол жайлы қате кетпеуін қадағалау керек.
Үшінші, қоғамдық жауапкершілікті нығайту, еске сақтау. Медиа қызметкерлері қоғамның сұраныстарына жауап беруі керек. Олар ақпаратты қоғамдық мүдде үшін беруі тиіс, жеке мүдде мен коммерциялық мақсаттарға негізделген ақпарат таратудан аулақ болуы қажет. Бұл тұрғыдан қате кетпеуін қадағалау өте маңызды.
Және, теңдік пен әділдік. Медиа этикасы бойынша барлық тұлғалар мен топтарға бірдей көзқарас таныту маңызды. Журналист теріс пікір мен стигматизациядан аулақ болуы керек, адамдарды кемсітетін немесе нәсілдік, жыныстық, діни себептермен кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен қорғау тұрғысынан алып қарайық. Медиа жұмысында қауіпті жағдайлар мен дағдарыс кезеңдерінде қызметкерлердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау да маңызды. Журналистер теріс әсер етуі мүмкін жағдайларда жеке қауіпсіздік шараларын сақтау керек.
Медиа этикасының бұзылуы мен ондағы қате қоғамдағы сенімсіздік пен шатасуды туғызуы мүмкін. Сондықтан журналистер мен медиа ұйымдары ақпараттың шынайылығын, қоғам алдындағы жауапкершілікті және адамның жеке құқықтарын құрметтеуді басты назарда ұстауы тиіс. Медиа этикасы тек кәсіби этика ғана емес, қоғамның жалпы мәдениетінің бір бөлігі.
Әл-фараби атындағы ҚАЗҰУ, Журналистика факультетінің 3-ші курс студенті
Умаргалиева Фатиха.