Ұлы Жібек жолының рухани мұрасы: XII Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі
Қараша айының 20 – ы күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясы ұйымдастырған «Ұлы Жібек Жолымен – 2024» XII халықаралық кітап және полиграфия көрмесі өткен болатын. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген кітап баспалары мен полиграфиялық мамандар үшін маңызды алаңға айналып, іс-шараға Қазақстан, Германия, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран елдерінен баспагерлер, полиграфиялық компаниялар мен кітапханалар және беделді ақын, жазушыларда қатысты.
Ұлы Жібек жолы бойында кітап мәдениеті мен полиграфияның дамуы маңызды рөл атқаратыны сонша, қолжазбалар, кітаптар және ғалымдардың еңбектері көпшілікке таралып, олар бүкіл әлемге мәдени және ғылыми құндылықтарды жеткізіп отыр. Самарқанд, Бұқар, Ташкент сияқты қалалар кітап басудың орталықтарына айналып, онда ұлы ғалымдар мен жазушылар еңбектері жазылып, көпшілікке кеңінен таралу үстінде.
XII Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі — бұл әлемдік кітап баспасы мен полиграфия өнерінің үздік үлгілерін көрсетуге бағытталған маңызды шара. Көрме әр жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген кітап баспалары, полиграфиялық компаниялар, шығармашылық топтар мен кітап шығарушыларды жинайды. Бұл шараның басты мақсаты — кітап өнері мен баспа өндірісіндегі жаңа тенденциялар мен технологияларды насихаттау, сонымен қатар Ұлы Жібек жолының рухани мұрасын сақтап, қазіргі уақытта да мәдени құндылықтарды насихаттау.
Көрмеде «Атамұра», «Алматыкітап», «Мектеп», «Arman-PV», «Дарын», «Адал Кітап», «Smart University» секілді Қазақстанның жетекші баспаларының жаңадан шыққан кітаптарының тұсаукесерлері кесілді.
Көрмеде полиграфия саласындағы соңғы жетістіктер мен кітап басу өнеріндегі инновациялар таныстырылып, кітап мәдениетінің дамуындағы жаңа үрдістер мен бағыттар талқыланды. Сонымен қатар, бұл шара әлемнің әр түрлі елдерінен келген мамандар мен қатысушыларға өзара тәжірибе алмасуға, жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Әлемдік әдебиет пен кітап басу саласының соңғы жаңалықтарын таныстыру арқылы, бұл көрме тек мәдениеттің дамуына үлес қосып қана қоймай, сонымен қатар ұлы тарихымызды сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге арналған маңызды алаңға айналды.
Бибінұр Құлмаханбетқызы