Сөйлеу дамуында ауытқулары бар ересек мектеп жасына дейінгі балалардағы әлеуметтік интеллект ерекшеліктері

Өтеуова Әсемгүл Орынбасарқызы

Әлемнің әртүрлі елдерінде жас кезеңдері бойынша тұлғаның дамуы, әлеуметтенуі, қалыптасуы сияқты мәселелер мұғалімдердің, психологтардың, философтардың, әлеуметтанушылардың зерттеулерінің өзекті тақырыбына айналып отыр. Соңғы онжылдықтарда оның маңызды аспектілерінің бірі – баланың әлеуметтік интеллектісінің дамуы ерекше қарқынды зерттелуде.
«Әлеуметтік интеллект» ұғымын aлғaш рет Э.Торндaйк психологиядa 1920 жылы қолдaнғaн еді. Оның айтуынша, әлеуметтік интеллект – бұл адамдар арасындағы қарым-қатынастағы көрегендік пен парасаттылықты білдіреді. Кейіннен көптеген ғалымдар бұл ұғымды анықтауға және түсіндіруге өз үлестерін қосты. Сонымен, 1937 жылы Г.Оллпорт әлеуметтік интеллектті басқа адамдар туралы тез, дерлік автоматты пікірлер айту, адамның реакциясын ең жоғары дәлдікпен болжау қабілетімен байланыстырды. Сонымен бірге, ол әлеуметтік интеллектті адамдармен қарым-қатынасқа ықпал ететін ерекше «әлеуметтік сыйлық» ретінде сипаттаған [1].
Сонымен, әлеуметтік интеллект дегеніміз, бұл адамның өзін және басқа адамдарды басқару қабілеті. Оған импульсивтілікті бақылау, өзін-өзі реттеу, өзіне деген сенімділік, оптимизм, өзін-өзі ынталандыру, айналасындағы адамдармен сындарлы қарым-қатынас құру мүмкіндігі кіреді.
Кәсіби дамуда әлеуметтік интеллекттің рөлін анықтаған ғалымдар әлеуметтік интеллект үшін не қажет екенін ойластыра бастады. XX ғасырдың ортасында Дж.Гилфорд SI-ды өлшеуге қабілетті алғашқы сынақты өткізді. SI бірнеше тиімділік деңгейлері анықталды:
– орташа – іс-әрекеттердің үлгілері, күнделікті өмірдегі өнімділік;
– төменгі – деструктивті мінез-құлық, тіпті жағдайлардың ең қолайлы сәйкестігін бұзуға қабілетті;
– жоғары – коммуникация дағдылары, адамдарға басшылық жасау, кез-келген мәселені бақылау қабілеті.
Әлеуметтік интеллект мәселесін зерттеушілердің көзқарасы бойынша, балалық шақта, яғни мектепке дейінгі және ересек мектеп жасында әлеуметтік интеллект мәселесіне ерекше назар аударып, тексеріп отыру керек. Зерттеушілер осы жас аралығында баланың адамдармен қарым-қатынасы, оның әлеуметтік бейімделуіне әсер етеді және ары қарай да баланың әлеуметтенуіне жағдай туғызатын айтқан. Адамдармен қарым-қатынас орын алмаса, онда болашақта балада дұрыс емес немесе заңсыз мінез-құлықтың болу мүмкін екендігі дәлелденді (Мысалы: Bierman, Wargo, 1995; Walker et all, 1993; Cowen et all, 1973) [2].
Жоғарыдағы дәлелдемеге сүйене отырып, әлеуметтік интеллекттің қалыптасу процесіне баланың балалық шақта қалыптасқан өзін-өзі бағалауы үлкен әсер етеді. Егер баланың өзін-өзі бағалауы қалыпты болса, онда қоғамда өзін сезіну, құрдастарымен, педагогтармен және ата-анасымен байланыс орнату, дұрыс диалог жүргізу оңай жүзеге асады.
Ресейден «әлеуметтік интеллект» ұғымын бірқатар зерттеушілер де қарастырды. Бұл терминді алғашқылардың бірі болып М.И.Бобнева 1979 жылы сипаттаған. Әлеуметтік психология және әлеуметтік инженерия, еңбек психологиясы бойынша еңбектердің авторы бола отырып, ол бұл ұғымды тұлғаның әлеуметтік даму жүйесінде анықтады. Ол ашық және мықты мінез-құлық қасиеттері бар адамдарды жоғары әлеуметтік интеллектке ие деп санады [3].
Шетелдік ғалымдар Г.Айзенк, Дж. Гилфорд, Дж. Кильстром, Э.Торндайк әлеуметтік интеллектті, адамдарды түсіну қабілеті деп сипаттаса, ресейлік ғалымдар А.А.Бодалев, Ю.Н.Емельянов, Е.В.Каблянская, Н.А.Кудрявцева, В.Н.Куницына, О.Б.Чеснокова, әлеуметтік интеллект – ол адамның жеке және мінез-құлық ерекшеліктеріне негізделген қабілет деп есептеген. Ал О.К.Агавелян, Л.Ф.Фатихова, әлеуметтік интеллектті айналадағы адамдардың мінез-құлқын сыртқы жағынан түсіну ретінде қарастырған.
Қазақстандық авторлардан әлеуметтік бейімделу жағын Р.А.Сулейменова қарастырса, Қ.С.Кенжебаева болашақ педагогтердің әлеуметтік интеллектісінің дамуындағы психологиялық ерекшеліктерін өз жұмысында зерттеген.
Арнайы психологияда әлеуметтік интеллектті дамыту мәселелері жұмыстың өзекті бағыты болып табылады. Отандық ғылымда дамуында ауытқуы бар балалардың әлеуметтік интеллектісін зерттеген бірқатар зерттеушілер бар, олар: О.К.Агавелян, Е.Е.Димтриева, Л.Г.Соловьева, С.Н.Сорокоумова, Л.Ф.Фатихова. Олар дамуында ауытқуы бар балалардың барлық жағдайында әлеуметтік интеллект құрылымының жүйелі түрде бұзылысы бар деп айтқан.
Жалпы олардың қарым-қатынаста кездесетін қиындықтарына тоқталатын болсақ: мағынасы жағынан дұрыс емес сөздерді қолданулары, бір сөзді қайталап айта беруі, грамматикалық қателіктердің болуы, бұрын айтқанын қайтадан қайталап айтуы, сөйлеп жатқанда үзілістің көп болуы, басқалардың оған деген қарым-қатынасын бағалай алмауы жатады.
Психологияда мектеп жасына дейінгі балалардың коммуникативті даму деңгейлерін анықтау үшін «Балабақшадағы тәрбие мен оқыту» әдістемелік құралын қолдануға болады. Әдістемелік құралдың ішінен 7 сұрақтан тұратын сауалнама әдісін қолдануға болады. Ол сауалнама арқылы біз анықтаймыз: бала өзара әрекеттесу жадайларын ажырата ала ма, құрдастарының жағдайын, өзінің ересектер мен құрдастарына қандай қарым-қатынаста екенін түсіне ме екенін анықтаймыз.
Сонымен бірге, «Туған күн» социометриялық әдісін қолдануға болады. Ол әдіс арқылы: балалардың қарым-қатынасқа қажеттілігі, қарым-қатынастағы эмоциялық ерекшеліктері анықталады.
Социометриялық әдіс 3 бөлімнен тұрады:
1. Құрдастарымен қарым-қатынас;
2. Отбасындағы қарым-қатынас;
3. Тәрбиешілерімен қарым-қатынас.
Ал әлеуметтік интеллектін тексеру үшін В.Н.Куницынаның әдістемесін қолдануға болады [4].
1. Коммуникативтік-тұлғалық әлеует (потенциал): Әлеуметтік интеллектінің негізгі өзектілігі, ол қарым-қатынас сипатын, жеке қасиеттерді қоса анықтайды (психологиялық байланыс және коммуникативті үйлесімділік). Бұл параметрлерді өлшеу үшін Л.Г.Цукерман «Қолғап» («Рукавички») әдісін таңдаған. Ол байланысқа түсу қабілетін, ынтымақтастыққа дайындығын зерттейді.
2. Сана-сезім сипаттамасы: Бұл параметрлерге өзін-өзі бағалау, құрметтеу қажеттілігі, өзіндік сурет пен өзіндік тұжырымдаманың ерекшеліктері. Өзін-өзі тану сипаттамаларын зерттеу үшін «Өзіңіз туралы айтыңыз» әңгімесі таңдалды (А.М.Щетинина) [5].
Мақсаты: бағалаудың деңгейі мен сипаты, «Мен» бейнесінің қалыптасуын, өз ерекшеліктеріңді түсіну дәрежесін зерттеу.
3. Әлеуметтік қабылдау: Бұл компонент адамдардың қарым-қатынасын түсіну, тұлғааралық қатынастардың дамуын болжау ерекшеліктерін біріктіреді. Өлшеу үшін Л.Ф.Фатихова, А.А.Харисованың әдістемесін қолданды [6].
Сөйлеу дамуында ауытқуы бар ересек мектеп жасына дейінгі балаларға сабақ барысында қарым-қатынас дағдыларын, дамыту бойынша жұмыстар жүргізілсе, онда олардың құрдастарымен, ересектермен қарым-қатынасының артуына пайдасын тигізеді. Өйткені, көріп отырғанымыздай, тілдік ауытқулардың болуы балалардың әлеуметтік интеллектісін дамытуда, яғни олардың өзін-өзі реттеу, өзіне деген сенімділік, оптимизм, өзін-өзі ынталандыру, айналасындағы адамдармен сындарлы қарым-қатынасында қиындық тудырып отыр.
Дамыту жұмысы ретінде, балаларда әлеуметтік интеллектті қалыптастыру мен дамыту үшін ойын формасын қолдануға болады. Ойын балаларға құрдастарымен ортақ тіл табысуға, тәрбиешілерімен оңай әрі дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретеді. Ойын барысында балалар түрлі эмоцияларды бастан кешіреді, айналасындағы балаларға назар аударады, олардың басқалармен қарым-қатынасын байқайды. Олар ойын арқылы: құрдастарымен байланыс орнатады, сезім мүшелерін жетілдіріп қана қоймай, эмпатия дағдыларын дамытады, қарым-қатынас жасай білуге үйренеді, қарым-қатынасқа ұмтылады.
Зерттеулер көрсеткендей, дамуында ауытқуы бар балалардың сау балалармен қарым-қатынас жасауы, тек дамуында ауытқуы бар балаларға ғана пайдалып болып қана қоймай, сонымен бірге сау балалардың да олармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретеді.
Қорытындылай келе, сөйлеу дамуында ауытқуы бар балалардың әлеуметтік интеллектісін дамыту үшін айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын дамыту керек және айналасындағы адамдардың олармен дұрыс қарым-қатынас жасауын қадағалау керек. Дамуында ауытқуы бар балалардың сау балалармен өзара әрекеттесуі үшін ойын әдісін қолдану тиімді деп санаймыз. Өйткені, ойын әдісі балалардың әлеуметтік интеллектісін дамытуға көмектеседі, ойын арқылы бала ашылады, түрлі эмоцияларды басынан кешеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Олпорт Г.В. Личность в психологии: Теории личности / Г. В. Оллпорт. – М.: ЮВЕНТА, 1998. – 345 с.
2. Ясюкова Л.А., Белавина О.В. Понятия социального интеллекта и методы его исследования. XIX Национальный конкурс «Золотая психология» по итогам 2017 года.
3. Емельянов Ю.Н., Активное социально-психологическое обучение / Ю.Н. Емельянов. – Ленинград: Издательcтво Ленинградского университета, 1985. – 166 с. Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Психология», №2(55) 2018 г. 10 с.
4. Куницына В.Н. Социальный компетентость и социальный интеллект: структура, функции, взаимоотношение// Теоретические и прикладные вопросы психологии. – Вып. 1.Ч.1, – Спб, 1995. – С.48-61
5. Щетина А.М. Диагностика социального развития ребенка: Учебно-методическое пособие. – Великий Новгород: НовГУ им. Ярослава Мудрого. 2000. – 88 С.
6. Фатихова Л.Ф., Харисова А.А. Практикум по психодиагностике социального интеллекта детей дошкольного и младшего школьного возраста: учебно-методическое пособие. – Урга: Изд-во Уфимсокого филиала ГОУ ВПО «МГГУ им. М.А. Шолохова», 2010 – 69 с

Bilimger.kz Республикалық білім порталы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген. Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718  

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *