Парақтарға саяхат: кітап көрмесі

Ақберен Біржанқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 3-курс студенті


Кітап көрмесі – бұл жай ғана көрме емес, сонымен қатар келушілерге білім, шабыт және жаңа ашылулар әлемінің есігін айқара ашатын жарқын оқиға.  Бұл классикалық әдебиеттен қазіргі бестселлерлерге, ғылыми монографиялардан балаларға арналған түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітаптарға дейін әртүрлі формада ұсынылған тарих, мәдениет, ғылым және өнер тоғысқан жер.
    Кітап көрмесінің әдебиет мұрасын дамытуда маңызы зор. Көрмелер қазіргі әдебиеттің байлығы мен алуантүрлілігін көрсету арқылы кітап оқуға ықпал етеді. Олар әртүрлі жастағы, қызығушылықтары бар адамдардың кітапқа деген ынтасын оятады. Көрмелер жаңа басылымдармен танысуға, ғылым мен мәдениеттің соңғы жетістіктерінен хабардар болуға, ой-өрісті кеңейтуге мүмкіндік береді.  Арнайы тақырыптық көрмелер білімнің нақты салаларына тереңірек енуге мүмкіндік береді. Көптеген көрмелерде авторлармен кездесулер, жаңа кітаптардың тұсаукесері бар, бұл қарым-қатынас пен пікір алмасудың бірегей мүмкіндігін тудырады.     Көрмелер жаңа басылымдарды ұсыну және баспалардың жұмысына назар аудару үшін маңызды алаң болады. Жақсы ұйымдастырылған кітап көрмесі бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылықтың назарын аударатын нағыз мәдени шараға айналады. Кез келген кітап көрмесінің сәтті өтуінің кілті – мұқият дайындық пен ұйымдастыру. Оған жақсылап дайындалудың өзіне біраз уақыт пен еңбек кетеді.
    Кітап көрмесі кітап сүйер қауым мен баспаларға берілген үлкен мүмкіндік. Оқырман кітап көрмесінің арқасында түрлі баспа өкілдері мен басып шығарған кітаптарына шолу жасап, мазмұнымен танысып, өзіне ұнағанын сатып ала алады. Бұл баспа өкілдеріне өз кітаптарын жарнамалап, сатылымға қоюға мүмкіндік береді. Әдетте, кітап көрмесінде оқырман назарын өзіне аударту мақсатында баспалар үстелге халыққа танымал, дизаины озық, қызықты деген кітаптарды, сонымен қатар балалар әдебиетін қойып қояды.    Кітап көрмесі әрқашан да қызықты өтеді. Сондай ауқымды әрі қызықты кітап көрмесі Алматы қаласында да өткен еді.
    Қарашаның 20-шы жұлдызында, Атакент-Экспо көрме кешенінде – «Ұлы Жібек Жолымен» XII Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі өтті. 20-22 қараша аралығында жалғасқан бұл көрмеде көптеген баспа өкілдері бой көрсетті. Сонымен қатар, белгілі тұлғалар, ақын-жазушы, журналистер де қатысты. Кітаптардың тұсаукесер рәсімі, stand up, ақын-жазушылармен кездесулер және т.б. іс-шаралар өткізіліп жатты.
    Кітап көрмесіне келушілердің басым көпшілігі – мектеп оқушылары мен студенттер болды. Онымен қоса, ол жерде түрлі жоғары оқу орындары мектеп оқушыларына, студенттерге шет елде білім алу мен оқуға түсу туралы ақпараттар таратып, жарнамалап жатты. Көрмеде жүрген әр қатысушыға қарасаң, қолында бірнеше жарнамалық қағаздан тұр. Қызығып қарай бергің келеді. Осы сәтте жастардың оқуға, ізденіп, білім алуға деген құштарлығы бірден байқалды.
    Әрине, бұл кітап көрмесінің ең әуелгі мақсаты – кітапты насихаттау, қолдау көрсету, әдебиет мұрасын дамыту, оқырман мәдениетін қалыптастыру болды және мақсатына айқын жетті десек артық етпес. Тарихта аты қалатындай кітап көрмесі болды деп ойлаймын.
    Кітап көрмесіндегі кітаптардың мұқабасы мен дизаины өзіне назар аудартпай қойған жоқ. Балаларға арналған танымдық кітап, оқулық, көркем әдеби шығармалар, ең үздік және танымал кітаптар осы көрмеде әр баспаның үстелінен табылды. Осы сәтте көрме ұйымдастырушысы мен баспа өкілдерінің қызу дайындығы бірден байқалады.
    Қорыта айтқанда, кітап көрмесі – білімнің таралуына ықпал ететін, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыратын, мәдени байланысты нығайта түсетін тұтас бір шара.  Бұл жерде шабыт туып, жаңа идеялар қалыптасып, қызықты танысулар орын алады.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген. Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718  

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *