Тарих қойнауының асылы – «Бостандық туы»
Бостандықты ту еткен – «Бостандық туы»газетінің тарихына көз жүгіртейік. Газеттің бастауы «Кедей сөзі» деген атаумен тығыз байланысты.Қазақ баспасөзінің бастауында тұрған басылымдардың бірі саналатын газет – 1920 жылы ақпаннан бастап Омбы қаласында жарық көре бастады. «Кедей сөзі» газеті қазақ еңбекшілерінің сауатын ашып, сана-сезімін оятуды мақсат тұтты. Бұл парызды өтеу өте қиынға түсті. Өйткені халық шаруашылығы күйзелісте болатын. газеттің полиграфиялық базасы нашар болғанымен қоса, журналист мамандар жетіспеді. Тіпті редакцияның үйі де болмады. Сөйтсе де, газет алыс ауыл, аудандарға тарады, еңбекшілерге жаңалықты жеткізіп отырды.
Басылым 1921 жылы 14 наурыздан Петропавлға ауыстырылып, «Бостандық туы» деген жаңа атпен Ақмола губерниясының газеті болып шыға бастағанын тарих беттері жалаң болса да мағлұматтаған. Тарихи деректерді сөйлетсек, осы тұста газетке губерниялық атқару комитетінен Сабыр Шәріпов жауапты редактор етіп жіберіледі. Бұрынғыдай емес “Бостандық туының” тұрақты редакторы, азды-көпті болса да әдеби қызметкерлері болды. Одан кейін газеттің бас редакторы болып ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев тағайындалыпты. Оның өлең-жырларымен бірге газетте “Сайлау, “Бірінші май мейрамы”, “Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз” сияқты мақалалары, “Ертек” поэмасы жарияланғанына ескі газеттер арқылы көз жеткіздік. Ол өз шығармаларына қазақ халқының бостандығын арқау етті. Әрине, бұл сол уақытта Кеңес одағының саясатына ашық қарсылық болатын. Сондықтан Мағжан Жұмабаев қызметінен кетуге мәжбүр болды. Одан кейін газетке Сабыр Айтқожин, Жанұзақ Жәнібеков қол қойыпты. 1922 жылы губерниялық комитет Сәбит Мұқановты осы газет редакциясына жауапты хатшы етіп жібереді. Ол уақытта Зейнолла Төреқожин редактор, ол Жанұзақ Жәнібеков оның орынбасары қызметін атқарыпты. Газет қолға қалам ұстап, сөзді қару еткен қазақ жазушыларының қатарын қалыптастыруға зор ықпал еткенін білеміз.Бостандық туы” газетінің қызметкерлері сол заманның болмыс-бітімін суреттеп, келешек ұрпақ алдындағы қарызы мен парызын адал атқара білгенін пайымдаймыз.
Газет қағазы сарғайып, шеттері әбден көнергендіктен кейбір авторлардың есімін анықтау қиынға соғады демесеңіз, мәтіндердің барлығы дерлік жақсы сақталған. Бұл тақырыпты тереңірек зерттеу қазақ журналистикасы мен БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат тарихының ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге жол ашары сөзсіз. Қазақ баспасөзінің бүгінгі мұрагерлері – жас журналистер өз кәсібінің түп-тамырын тануға ден қояды деп сенеміз. Айтпақшы, «Кедей сөзі» мен «Бостандық туы» газетінің тікелей мұрагері – «Солтүстік Қазақстан».
Сағадат Әсел Берікқызы