“Су туралы не білеміз?”

Мирзахмедова  Динара  Дарханбаевна

Ұйымдастырылған іс-әрекет: “Қоршаған ортамен танысу”

Мақсаты:
Білімділік: Балаларға  судың   қасиеттерін  зертханалық жұмыстар арқылы үйрету.
Дамытушылық: Экологиялық ұғымдарын қалыптастыру, баланың танымдық қызығушылығын арттыру, ой-өрісін  дамыту.
Тәрбиелік:   Суды үнемдеп жұмсау дағдыларын қалыптастырып, экологиялық  тәрбие  беру.
Ұйымдастырылған «іс-әрекет: тәжірибе
Ресурстар: Интер белсенді тақта , зертханалық жұмысқа арналған  үстел, әр балаға  стақан,  таза қайнаған  су, тосап,  кішкентай қасық, зертханалық  карточкалар, фломастерлер.
Әдіс – тәсілдер: зертханалық жұмыс, тыйым сөздер, мақал-мәтелдер, видео –роликтер, сұрақ – жауап, көрсету, түсіндіру, әңгімелету.

Сөздік жұмыс: иіссіз, түссіз, мөлдір, дәмсіз.

 

Ұйымдастырылған іс-әрекеттің  барысы:

1.Мотивациялық қозғаушылық

Балалар ортаға шеңбер болып тұрады.

Балалар, бүгін бізде ерекше күн, бізге көптеген қонақтар келді. Қанеки, қонақтармен амандасып алайық. Ерекше күнді бастамас бұрын көңіл күйімізді көтеріп алайық.

Шаттық шеңбер:                                                                                                         

Самал жел бізді желдетші,

Күн нұры бізді жарқырат.

Таза ауа дем берші,

Мөлдір су бізді салқындат. (Балалар орындарына отырады.)

 

I кезең: Ұйымдастырушылық –қозғаушылық

Тәрбиеші: Қазір біз ерекше күнді  бастамас бұрын мен сендерге бір жұмбақ жасырайын. Ойланып, айтқан сөзімді түсініп, жұмбақтың шешуін табуға тырысыңдар.

Жұмбақ:

Сылдырлап ол ағады

Еш тесiкке тұрмайды,

Ол жоқта жер құрғайды.

Тәрбиеші: Бұл не?

Бабалар: Ол су.

Тәрбиеші: Дұрыс балалар.  Ендеше  бүгін  біз су туралы айтамыз.

Балалар тыңдаңдаршы бұл не шу?

Бейнетаспа  қосылады. Көрініс.(Асан деген бала  сумен ойнап тұрады.)

Сұрақ жауап :

  • Балалар қалай ойлайсыңдар? Асан дұрыс жасады ма?

Балалар: Жоқ, Асан дұрыс жасамады.

Тәрбиеші:-Сумен ойнап, кранды ашық қалдыруға бола ма? Егер су өз бетімен текке ағып жатса не болады?

Балалар:  Сумен ойнауға болмайды.

Тәрбиеші: Балалар адамға судың қандай пайдасы бар, ол неге қажет?

Балалар: адамдар сусыз  өмір  сүре  алмайды, суды ішеміз,жуынамыз,

шынығамыз, тамаққа  пайдаланамыз, кір жуамыз.

Тәрбиеші: Балалар су тағы нелерге қажет?

Балалар: Жан – жануарларға ішуге қажет, өсімдіктерді суаруға қажет. Оларда сусыз өсімдіктер қурап, өспей қалады.

 Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар. Ендеше мен сендерге толығырақ түсіндіре кетейін.   Жер бетінде су көп болса да, барлығы бірдей ішуге жарамды бола бермейді. Су тұщы және ащы болады. Біз ішу үшін тұщы суды пайдаланамыз.   Ал, жер бетінде тұщы      су өте аз. Сондықтан күнделікті қолданатын тұщы суды үнемдеп, жұмсау керек.    Судың көп қасиеті бар. Олармен танысу үшін мен сендерді зертханаға шақырайын.  Олай болса  зертханаға барайық. Алдымен зертханада жұмыс істеу тәртібімен танысып алайық. Ол жердегі құралдар өте нәзік болады. Олар сынып, төгіліп қалуы мүмкін. Сондықтан менің тапсырмаларымды дұрыс тыңдап, ұқыпты жұмыс істеуге тырысу керек. Ол жерде жұмыс барысын толтыратын карта болады. Соны толтырып отыру керек.

(Балалар зертханаға барып, өздері таңдаған үстелдің басына барып отырады).

 

 IІ кезең: Ұйымдастырушылық –ізденістік:

1-тәжірибе:

Тәрбиеші: Ал енді осы судың қасиеттерімен танысайық. Менің қолымдағы құмырада  су бар. Осы су құмырада тұрғанда оның  пішіні құмыра сияқты болады. Ал, осы құмырадағы суды тегешке құйсам қандай пішінде болады?

 Балалар: Тегеш сияқты пішінде болды.

Тәрбиеші: Суды қандай ыдысқа құйса,сол ыдыстың пішініне ұқсайды. Олай болса сендердің алдарыңдағы зертханалық үстелдің астындағы сөреде кеседе су бар. Оны алдарыңдағы тегешке құйып  көріңдер. Сонда су қандай пішінде болады?

Балалар:  Тегеш сияқты пішінде болды.

Тәрбиеші: Балалар бұл тәжірибеден не көрдік? Су қандай екен?  Су қаттыма, әлде сұйық па?

Балалар: Суды қандай ыдысқа құйсаң сондай пішінге ие болады.   Су сұйық,  бір ыдыстан екінші ыдысқа құюға болады екен.

Тәрбиеші: Дұрыс балалар, ендеше  судың осы қасиетін есте қалдыру үшін  зертханалық картамызда  судың  сұйық екенін карталарыңдағы бірінші тор көзде көрсетіп,  белгілеңдер.

2-тәжірибе:

(Тәрбиеші  су құйылған стақанды көрсетеді)

Тәрбиеші: Балалар менің қолымда су құйылған  стақанды көрейікші. Егер стаканның арғы бетіне қолымды қойсам, саусақтарым сендерге көріне ме?

Балалар: Иә, көрінеді.

Тәрбиеші: Неге көрінеді,  оның себебі неде деп ойлайсыңдар?

Балалар: Өйткені су таза, мөлдір,түссіз.

Тәрбиеші: Балалар сендер дұрыс айттыңдар,  су түссіз болады. Олай болса судың осы қасиетін есте қалдыру үшін    карталарыңдағы  екінші  тор көзде судың түсі жоқ екенін  көрсетіп,  белгілеңдер.

3-тәжірибе:

Тәрбиеші: Ал судың иісі бар ма? Қанеки иіскеп көріңдерші (балалар стақандағы суды иіскеп көреді).

Балалар: Судың иісі жоқ.

Тәрбиеші: Олай болса, судың осы қасиетін    карталарыңдағы  келесі  тор көзде көрсетіп,  белгілеп қойыңдар.

 

Сергіту сәті:

Жоғары қарап күн көрдім

Төмен қарап жер көрдім.

Алдыма қарап  су көрдім

Артыма қарап  тау көрдім.

Оңға, солға бұрылып,

Егеменді ел көрдім.

 

4-тәжірибе:

Тәрбиеші: Ал енді судың дәмі қандай екенін көрейік.  Ол үшін суды ішіп көрейік (балалар стақандағы суды ішіп көреді).

Тәрбиеші: судың дәмі қандай екен?

Балалар: судың дәмі жоқ.

Тәрбиеші: Олай болса, судың осы қасиетін    карталарыңдағы  келесі  тор көзде көрсетіп,  белгілеп қойыңдар.

 

5-тәжірибе:

Тәрбиеші: Балалар суды мөлдір,  пішіні жоқ, түсі, дәмі, иісі  жоқ дейміз, ендеше алдарыңдағы келесі стақандағы суды алып, құлпынай тосабын   салып араластырып көрейік  (балалар тосапты алып, стақандағы суға салады).

Тәрбиеші: Балалар енді судың түсін көріп,  искеп, ішіп көріңдерші. Сонда не өзгерді?

Балалар: Біз иіскегенде құлпынайдың иісі шықты, түсі қызыл болып өзгерді, дәмі тәтті болды.

Тәрбиеші:  Енді  өздеріңнің зертханалық  карталарыңа қараңдаршы  бүгінгі зерттеу жұмысынан   қандай қортынды шығаруға болады?

Балалар: Судың өзінің дәмі, исі, пішіні, түсі жоқ. Бірақ  қандай ыдысқа құйсаң сондай пішінге айналады, дәмі, исі, түсі суға қосқан қоспаға байланысты өзгереді екен.

Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі зертханалық жұмысымыз аяқталды. Енді орнымызға барып отырайық.

(Балалар орындарына келіп отырады.)

Тәрбиеші: Су табиғаттың бізге берген сыйы, судың пайдасы өте көп, жер бетіндегі барлық тіршілік иесі сусыз өмір сүре алмайды. Сондықтан біздер суды үнемдеп, төкпей, шашпай пайдаланайық.

Ол үшін сендер қандай мақал – мәтелдер,  тыйым сөзер білесіңдер?

Тыйым сөздер:

  • Суға түкірме
  • Суды ластама
  • Суды босқа төкпе.

 

Мақал-мәтелдер

Судың да сұрауы бар,

– Таулы жер бұлақсыз болмас,

Сулы жер құрақсыз болмас.

Ағын су бал татыр,
Ақ шабағы май татыр.

Ағын су жолын табады,
Ақ адам оңын табады.

ІІІ- кезең: Рефлексиялық түзетушілік:

Тәрбиеші: Балалар,біз  бүгінгі  оқу қызметімізде  не  істедік?

Неге біз тұщы суды үнемдеп ұстауымыз керек екен?

Судың қасиеттерін білу үшін біз қайда бардық?

Судың қандай қасиеттерін білдіңдер?

Олай болса, өз көңіл- күйлеріңді  тамшылар арқылы қортындылайық.

Сендердің алдарыңда су құйылған құмыра тұрады. Оның жанында ақ, көгілдір, көк түсті  тамшылар бар. Ақ түс оқу қызметі барысында жұмыс істеген кезде қиналмай орындағанды білдіреді. Көгілдір түс шамалы қиын болғанды және көк түс жұмыс барысында қиналған кездердің болғанын білдіреді.

Сендер сол тамшылардың ішінен өз көңіл- күйлеріңді  құмыраға  тамшыны  жапсыру арқылы  білдіресіңдер.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *