Қазақша контент. Журналист Диана Орынбасармен сұқбат
Қазақша контент. Сұқбат
Жамбыл облысы, Тараз қаласының тумасы, “Aulieata-media” ЖШС-ға қарасты “Jambylinfo.kz” сайтының тілшісі, журналисті – Диана Орынбасармен сұқбаттасқан болатынмын. Қазақша контент туралы ашық ойларын ортаға салып, талқыладық.
– Қайырлы кеш, Диана ханым! Қал-жағдайыңыз қалай? Журналистің жаз айы қалай өтіп жатыр екен?
– Сәлем, Жанерке! Жаз айы мен үшін өте керемет өтуде. Әр сәтімді жақсы естеліктермен толықтырудамын.
– Сізбен танысқаныма қуаныштымын! Сізге қояр бірінші сұрағым журналистика туралы болмақ. Журналист деген сіз үшін кім?
– Журналист деген мен үшін ол – халықтың мұңын билікке жеткізетін бірден бір адам, бұл тек қана жеткізіп қою ғана емес, журналист сол мәселені сезіне алуы. Журналист үшін өзі айтқан дүниеден кішкентай болсын нәтиже болса, одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. Журналистиканы жалпы бір сала қылып түбегейлі оқытып шығады ғой. Алайда болашақта журналистиканы сала-салаға бөліп оқытқан дұрыс деп санаймын, яғни бір-біріне ұқсайтын салаларды біріктіріп, әртүрлі бағытта оқыту журналистер үшін іздемпаздылық пен зерттеушілік қабілеттерін дамытуға өте үлкен көмегі тиер еді. Себебі, журналист жан-жақты оқығандықтан, барлық тақырыпты қамти алады, алайда ол бір тақырыпқа тереңінен үңіліп, толық зерттемейді. Аналитикалық деректер жасау бойынша журналист мамандар жоқ демеймін, бар, бірақ аз. Сондықтан да журналист барды бар, жоқты жоқ деп айтатын маман болуы қажет.
– Сіздің журналистикадағы жолыңыз қай кезде бастау алды?
– Негізі, мен өзімді толықтай журналистпін деп айта алмаймын. Неге дейсіз ғой? Менің бұл салаға келгеніме 2021 жылдан бері 3 жыл өтті, сол кезде кастингке барып, “77tv” телеарнасында өткен кастингтен өтіп, журналистика деген салаға бет бұрған болатынмын. Мен үшін күтпеген жаңалықтардың бірі болды. Сол кезден бастап “77tv” телеарнасынан бергі осы уақытқа дейін “Jambyl” телеарнасында бір жылға жуық уақыт жұмыс жасадым, үлкен тәжірибе болды. Сол уақыттардан кейін маған тағы бір ұсыныс түсіп, қазіргі “Aulieata-media” ЖШС-ға қарасты ақпарат агенттігіне тілші ретінде қызмет етуге ұсыныс түсті. Бұл мен үшін бір жаңашылдық болды. Қарап отырсам, “77tv” телеарнасында да жарты жылға жуық жұмыс жасадым, фундамент сол жақтан құйылды десем де болады. Қазіргі кезде айлыққа бірден ілінгісі келеді, бірақ бізде ондай болмады, мен жарты жыл толықтай тегін жұмыс жасау арқылы өзіме үлкен тәжірибе жинадым, шындалдым. “Jambyl” телеарнасының аурасы мүлдем бөлек. Таңғы эфирлерді және басқа да эфирлерді жүргіздім, радиода да өзімді сынап көрдім. Одан міні, ақпарат агенттігінде екі жылдан астам уақыт болды жұмыс жасап келе жатырмын. Журналистика саласын таңдағаныма еш өкінбеймін.
– Журналистиканы сала-салаға бөліп оқыту деген мені қызықтырып қойды. Сіз жүргізген эфирлерді де тамашалаған болатынмын. Журналистика саласындағы жолыңыз туралы біліп, ерекше әсер алып отырмын. Ендеше сұқбатымыздың тақырыбына назар аударсақ деп едім. “Қазақша контент”. Бүгінгі күні медиа даму үстінде. Медиамен бірге қазақша контентте жаңаруда. Ал азаматтар ана тілдің мәртебесін, қазақша контентті дамытуда қандай жұмыстар атқарып жүр деп ойлайсыз?
– Иә, қазақша контент соңғы уақыттарда сұранысқа ие болып жатқандығы жасырын емес. Себебі, қазақ тілді блогерлер, журналистер көрерменге сапалы қазақша контент ұсына бастады. Әлеуметтік желі ашылған уақытта барлығы дерлік орыс тілінде блог жүргізді және де сол контент өтімді деп санағандықтан,қазақша контент қалыс қалып қойды. Осы соңғы жылдары қазақша контентті қолға алып жатқан жандардың көптігі мені қуантты. Жалпы қазақ тілді контентті дамытуда әрбір азамат өзіне жауапкершілік ала білуі керек деп ойлаймын.
– “Қазақша контент дамымай, тілдің өрісі кеңеймейді” деген тұжырыммен қаншалықты келісесіз?
– Қазақша контент даму қажет. Бұл тұжырыммен келісемін. Осыған бір мысал келтіре кетсем, қазіргі таңда көптеген медиафорумдар, бизнес кездесулер, жиындар т.б. орыс тілінде жиі өтеді, кейде ағылшын тілінде де өтіп жатады. Өкінішке орай, қазақ тілі соңғы секцияларында қалып кетеді, тіпті, мүлдем өтілмей қалып жатады. Сол форумдарда арнайы шақыртумен келген спикерлердің көбісі менің байқағаным бойынша, орыс тілді контент жүргізеді. Бұл қазақша контенттің дамуына кері әсерін тигізер бірден-бір қарама-қайшылық деп ойлаймын. Неге сол орыс тілді спикерлердің орнына қазақша контентті қолдайтын қазақ тілді спикерлерді қоймасқа. Сондықтан да қазақша контентті дамытуда ең алдымен кішкентай ғана нәрседен бастау керек. Қазақ тілге сұраныс бар болса да, көбісі қабылдай бермейді. Жалпы айтпағым, мемлекеттік тілді дамыту үшін тілдің маңызын барлық азамат білсе, қазақша контент сол бағытта жоғары деңгейде дамитын еді.
– Қазіргі таңда сапалы қазақ тілді контенттің қолжетімділігі орташа деңгейде. Әсіресе балаларға арналған қызықты, құнды өнімдер жетіспейді. Қазақша контенттің жеткіліксіздігінің себебі неде деп ойлайсыз?
– Балаларға арналған қазақша контент аз. Теледидардан көрсетілетін “Balapan” арнасынан басқа сапалы балаларға арналған қазақша контент жоқтың қасы. Бұл ойландыратын сұрақ. YouTube желісінде жарияланған орысша контентті балалар көп көргендіктен, тілі де орысша қалыптасып кетеді емес пе? Сондықтан, балаларға арналған қазақша контентті дамыту үшін балаларды қызықтыратын сапалы бейнетаспалар жариялау керек, теледидардан қазақ тілді мультфильмдерді жиі көрсету қажет. Шет елдік көптеген мультфильмдерді қазақша дыбыстаса қазақша контенттің дұрыс қалыптасуына оң әсерін берер еді.
– Қазақша контентті дамыту үшін сіз не істер едіңіз?
– Қазақша контентті дамытудың жолында қолдан келер барлық шараны жасар едім. Мен өзім сол салада жұмыс жасағандықтан, басты ұстанымымыз ол – қазақша контент болатын. Барша халыққа қазақша сапалы дүние ұсыну менің қазіргі міндетімнің бірі. Болашақта бұл жолда өз үлесімді қосамын деген сенімдемін.
– Жұмысыңызға сәттілік тілеймін! Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Жанерке Айдарқызы.
Мақалаңды оқып шықтым. Қызық әрі өзекті тақырып.