Ескендір поэмасы. Абай Құнанбайұлы

Осы жұрт Ескендiрдi бiле ме екен?

Македония Шаћары оған мекен.

Филипп патша баласы, ер көңiлдi,

Мақтан сүйгiш, қызғаншақ адам екен.

Филипп өлдi. Ескендiр патша болды,

Жасы әрең жиырма бiрге толды.

Өз жұрты аз көрiнiп, көршiлерге

Көз алартып қарады оңды-солды.

Сұмдықпен әскер жиып қаруланды,

Жақын жерге жау алып тура аттанды.

Көп елдi күтiнбеген қырды, жойды,

Ханды өлтiрiп, қаласын тартып алды.

Жазасыз жақын елдiң бәрiн шапты,

Дарияның суындай қандар ақты.

Шапқан жердiң бәрiн де бодан қылып,

Өкiметпен қолына тартып апты.

Ескендiр елде алмаған хан қоймады,

Алған сайын көңiлi бiр тоймады.

Араны барған сайын қатты ашылып,

Жердiң жүзiн алуға ой ойлады.

Қанiшер қаћарлы хан ашуы кеп,

Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.

Сол күнде қошаметшi айтады екен:

Ханның ханы, патшаның патшасы деп.

Атағы талай жерге оның жеттi,

Жердiң жүзiн алуға талап еттi.

Есепсiз әскер ертiп, жарақтанып,

Есiткен елдерiне жүрiп кеттi.

Алдынан шыға алмады ешкiм мұның,

Бәрiн де алды, қорқытты жолдағының.

Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ,

Жер жүзiн жеке билеп алмақшының.

Жүре-жүре бiр елсiз шөлге түстi,

Алып жүрген суының бәрiн iштi.

Адам, хайуан бәрi де бiрдей шөлдеп,

Басына құдай салды қиын iстi.

Сандалды сар далада су таба алмай,

Шөлдеген жұрт қайтедi бос қамалмай?

Қызметкердiң бәрiн де өлтiрмекшi

Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай.

Мысалы астындағы ат о дағы ұшты,

Ескендiр де атының жалын құшты.

Жалтырап сәуле берген бiр нәрсеге

Патшаның ат үстiнде көзi түстi.

Барса, бiр сылдыр қаққан мөлдiр бұлақ,

Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.

Түсе сала Ескендiр басты қойды,

Iшсе, суы өзгеше, тәттi тым-ақ.

Кепкен балық келтiрттi сонда тұрып,

Сол суға балықты алды бiр жудырып.

Исi, дәмi өзгеше болып кеттi,

Таң қалды мұның бәрiн суға жорып.

Ескендiр қолына айтты: “Бұл неткен су?

Бәрiң де iшiп, бұл суға бетiңдi жу!

Бiр бай елден осы су шыққан шығар,

Өрлеп барып, үстiне тiгелiк ту.

Бұл салқын, тәттi суға қаныңыздар,

Шақ келер маған жан жоқ наныңыздар.

Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп,

Талқан қылып шаћарын алыңыздар!”

Жарлық шашты, қол жүрдi суды өрлей,

Шаћарына жеткенше дамыл көрмей.

Көкпеңбек темiр киген өңкей батыр

Тарттырып жөнеледi сырнай-керней.

Сол әскер суды өрлеп талай жүрдi,

Судың басы бiр құзар шатқа кiрдi.

Шаттың аузын бекiткен алтын қорған,

Қақпасы бекiтулi, көзi көрдi.

Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды,

Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды.

Аша алмады қақпаны, үмiт үздi,

Ақылдасып тәуiр-ақ амал қылды.

Ескендiр тоқтау көрмей өскен жан ғой,

Келмей ме тоқтаусыздың бәрi даңғой?

Дел-сал болып бәрi де қайта шықты,

Алысып әл келмесiн байқаған ғой.

Долдықпен хан Ескендiр ашуланды,

Ашуланып қақпаға жетiп барды.

Қақпаны дүбiрлетiп қағып-қағып:

Қақпаңды аш!—деп барынша айғай салды.

Қақпаның ар жағынан бiреу келдi,

Күзетшiсi сол екен, дыбыс бердi

Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ,

Бұл — құдайға бастайтын қақпа,— дедi.

Бiлмесең, мен Ескендiр патша деген,

Жер жүзiнiң соғыста бәрiн жеңген.

Қақпаңды аш,хабарыңды айт,бiлдiр маған,

Қорлығым өзiм туып көз көрмеген.

Мықтымын деп мақтанба ақыл бiлсең,

Мықты болсаң, өзiңнiң нәпсiңдi жең!

Iшi тар көре алмастың бiреуi сен,

Ондай кiсi бұл жерге келмейдi тең.

Талпынған талаппенен мен де бiр ер,

Көп жүрдiм, кездей келдi көрмеген жер.

Ең болмаса, халқыма көрсетейiн,

Сый қылып, белгi болар бiр нәрсе бер.

Қақпадан лақтырды бiр орамал,

Сыйым — осы, есерiм, мынаны ал!

Iшiнде бiр нәрсе бар ақыл берер,

Апар-дағы, ойланып, көзiңдi сал!

Орамалды қуанып қолына алды,

Сый алдым деп халқына қайта барды.

Қараса iшiндегi бiр қу сүйек,

Бұл не еткен мазағы деп аң-таң қалды.

Ашуланып сыйына болды кектi,

— Ең болмаса бiлмедi сый бермектi:

Осы менiң теңiм бе?— деп ақырып,

Лақтырып жiбердi сол сүйектi.

Жолдасы Аристотель ақылы мол,

Лақтырған сүйектi алады сол.

Ханға айтты: “қасиет бар бұл сүйекте,

Көзiңе көрсетейiн, хабардар бол”.

Сол күнде Аристотель — жеке дара,

Ақыл сөзiн тыңдамай бар ма шара:

Таразыны әкел де, сүйектi сал,

Бiр жағына алтын сап, өлшеп қара!

Бұл сөзге Ескендiр де қарай қалды,

Таразыны құрдырып, ортаға алды.

Қанша алтынды күмiс пен салса-дағы,

Бiр кiшкентай сүйектi аудармады.

Мұны көрiп, Ескендiр аң-таң қалды,

Бар қаруын алтынға қоса салды.

Ендi қайтер екен деп қарап едi,

Бұрынғыдан қу сүйек ауырланды.

Аристотель хакiмге патша келдi

Мына сүйек қазынаның бәрiн жеңдi.

Бұл сүйектi басарлық нәрсе бар ма?

Ақылыңмен ойланып тапшы!— дедi.

Хакiм жерден топырақ алып барды,

Бiр уыстап сүйекке шаша салды.

Ана басы сылқ етiп жерге түсiп,

Сүйек басы жоғары шығып қалды.

Ескендiр мұны көрiп аз тұрады,

Хакiмдi аулақ жерге шақырады.

Таң қаларлық iс болды мұның өзi,

Мәнiсiн айтып бершi,— деп сұрады.

Бұл адам көз сүйегi,— дедi ханға, —

Тоя ма адам көзi мың мен санға?

Жемiт көз жер жүзiне тоймаса да,

Өлсе тояр көзiне құм құйылғанда.

Кәпiр көздiң дүниеде араны үлкен,

Алған сайын дүниеге тоя ма екен?

Қанша тiрi жүрсе де, өлген күнi

Өзге көзбен бiрдей-ақ болады екен.

Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:

Алтын қақпа бермедi сiзге рұқсат.

Сый сұрадың, бергенi — бiр қу сүйек,

Мұны көрiп, алыңыз сiз де ғибрат!

Ойлап-ойлап патшаның мойны түстi,

Құдайым көрсеттi деп бұл бiр iстi.

Бекерлiк екен менiң бұл iсiм деп,

Қолын алып жұртына қайта көштi.

Аз-ақ сөз айттым, бiттi бұл әңгiме,

Мұны бiр өзге сөздiң бiрi деме.

Қарның тойса, қайғырма мақтан үшiн,

Тоймас көзiң толар деп қайғы жеме.

Қу өмiр жолдас болмас, әлi-ақ өтер,

Өз күлкiңе өзiң қарық болма бекер!

Ұятың мен арыңды малға сатып,

Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.

Мақтанасың бiреуге мақтасын деп,

Шаужайымнан еш адам қақпасын деп,

Сен кеткен соң артыңнан күлiп қалар,

Антұрғаннан құдайым сақтасын деп.

Ақылсыз өзiн мақтап былжырайды,

Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды?

Жақсы болсаң, жарықты кiм көрмейдi,

Өз бағаңды өзiңнен кiм сұрайды?!

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *