Эссе «Менің арманым- менің мамандығым»
Ебілхан Мендігүл
Келешекте қандай мамандық иесі болғым келеді? Осы бір сұрақ кез- келген мектеп оқушысын толғандырар сұрақ. Қазіргі таңда мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіннен болашақта кім болғың келеді десең, ойланбастан дәрігер, мұғалім деп жауап береді. Бір кездері мен де осы бір сұрақтың жетегінде көп ойланып, толғанып, қиялдап, өзім қалайтын, өзім сүйіп айналысатын істі таңдау жетегінде жүрдім. Ақырында осы бір сұраққа жауап та таптым. Сол арманым бүгінгі таңда шыныққа айналды. «Психолог дегеніміз кім?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.Психология әлемі, психолог мамандығы мені несімен қызықтырады? Осыдан бірталай уақыт бұрын психолог дегенді естісе адамдарда басқаша ой туындатын. Ал қазіргі таңда психолог ұғымы, психологиялық көмекке жүгіну деген күнделікті бір сарынды іске айналды. Психолог мамандығы үнемі ізденісті, талпынысты қажет етеді. Психолог – баланың жандүниесін ұғынып, сол баланың ішкі дүниесіне терең үңіліп, баламен бірге өмір сүру керек. Іздегенде қасынан табылатын, сырлас досы болу керек. Сонымен психолог, ол кім? Психолог-өзінің білімі мен біліктілігіне сүйене отырып өзгелерді тығырықтан шығаруға көмектесетін ізгі жан. Психолог-өзін терең түсіне жүріп, өзгелердің жан-дүниесін түсінуге, зерттеуге ұмтылатын зерттеуші. Психолог- жәрдемші, психолог-көмекші. Психолог өзгелердің жанын ауыртпайды, керісінше жан-дүниесі күйзеліске түскен жандарға өзінің психология әлемін шарлап, жанына дауа іздейді. Міне, осыншама жақсылық атаулыны жүрегіне, ақылына, санасына шоғырландыра алатын ізгі жан иесі психология мамандығын таңдауымның басты себептері осындай. Себебі мен адамдарға жақсылық жасағанды бар жан-дүниеммен қаладым.
Жақсы психолог болу үшін не қажет? Ең алдымен терең білім, еңбек, дәлдік, ұқыптылық, бастамашылдық, қойған мақсатына жетуге деген өз күшіне сенімділік. Бұл қасиеттер кез-келген мамандық иесіне тән емес пе? Әрине солай. Ал психолог мамандығы бұдан да гөрі зор қасиеттерді талап ететін еңбек ету барысында сезініп, білудемін. Ең маңызды қасиет ол мәселені шығармашылықпен шешетін терең интуицияның болуы. Психолог-басқа адамның мәселесіне еніп, түсіне отырып, өзі бірақ бұдан зардап шекпейтін мықты тұлға. Психолог-өз өмірін тәжірбие ретінде қолданбайтын, әр нәрсеге обьективті түрде қарай алатын адам. Психолог-өзгелермен бірге қуана да, қайғыра да алатын терең эмоционалды, жоғарыда айтқандай бірақ өзі бұдан зардап шекпейтін жан. Қазір мен балабақшада психолог бола жүріп, әр бір күн сайын бүлдіршіндер, ата-аналар, тәрбиешілерде кездесетін қиыншылықтар мен проблемаларымен бетпе-бет кездесіп өз білігімді шыңдау, іздену үстіндемін. Бұл мен үшін психология мектебі. Жалпы мені қоғамдағы басты проблемалардың бірі жасөспірімдер мәселесі қатты толғандырады. Олардың ішкі жан күйзелісін түсіне отырып, заманның індетіне айналған суицид ауруымен күресіп, өскелең ұрпақты осы бір әбжыланның уытынан құтқарғым келеді.Соңғы кездерде психолог мамандығына қажеттілік көбірек туындап отыр. Бұл немен байланысты? Мұның себептері көп, көмекке жүгінген әр адамның-біреуі жалғыз және оның қайғысына ортақтасып, қуанышына бөлісетін ешкімі жоқ, енді біреуі шынындада көмекке зәру. Қалай болғандада психолог көмегіне адам жүгінді. , яғни себебі бар. Психологтың жұмысы осы себепті табу, онымен тіл табыса отырып жұмыс жасап, оны жою тәсілдерін қарастыру. Сондықтан мен өз мамандығымды қоғамға қажеттілігін сезіне отырып, ерекше жақсы көрем және жақсы психолог болу үшін бар ерік –жігерімді сарп етуге әзірмін.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718