Кәсіподақ – күш, сенім, абырой !

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы,
№206 «Жиделіарық» орта мектебінің  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
бастауыш кәсіподақ төрағасы Л.Каликбергенова

Өткеніміз бен бүгінімізді қалыптастырған да, тоғыстырған да – еңбек. Еңбек адамы – әрқашан мемлекеттің қорғауында болып, құрметке бөленуге лайықты екені баршаға аян. Осы орайда, еңбек адамының әлеуетін әрі қарай көтеріп, кәсіподақ тарихын еске оралтып, еңбеккерлер бейнесіндегі тұлғалар кеңінен насихатталуда. Бірнеше жылдық  тарихи даму жолынан өтіп, сала қызметкерлерінің әлеуметтік және еңбек құқығын қорғау жолында Салалық кәсіподақ ұйымы жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.  Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының  құрылғанына 100 жыл толуына орай Қызылорда облысы, Шиелі ауданында білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен  түрлі бағытта белсенді іс-шаралар, апталықтар  өткізілді.

Апталықтың мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің жеке қабілеттерін ашу, өзін-өзі дамытуға, басқаруға, үздіксіз білім алуға және жаңа білімдерді меңгеруге ынталандыру. Сонымен қатар, кәсіподақ төрағаларының шығармашылық әлеуетін іске асыру, кәсіби шеберлікті жетілдіру, үздік тәжірибелерді насихаттау, өзара тәжірибе алмасу және ұжымдық жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Осы бағытта өңірімізде жастар арасында «Брэйн ринг»интеллектуалды сайысы өтті. Сайысқа қатысушылар ғылым, тарих, мәдениет және басқа да салалар бойынша түрлі қызықты сұрақтарға жауап беріп, ой өрістерін кеңейтті. Бұл жарыс тек білімді ғана емес, сондай-ақ ұжымдық жұмыс пен жылдам ойлауды да қажет ететінін көрсетті.

«Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Осы ретте білім қызметкерлері арасында салалық кәсіподағының 100 жылдығына арналған қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы» турнирі болып өтті. Турнирге Қызылорда облыстық білім қызметкерлер кәсіподақ ұйымының төрағасы Есқалиева Гүлнар Бабабекқызы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыстың мақсаты ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, қабілеті бар спортшы қызметкерлерді анықтап, оларды əрі қарай оқушыларға насихаттау, спорт ойындарына қызығушылығын арттыру.  Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және сала қызметкерлерін қазақ күресімен шұғылдануға тарту болып табылады.

Ауданымыздың білім саласындағы қызметкерлері боз кілемде нағыз ерік-жігер мен мықтылықтың үлгісін көрсетті. Турнир барысында қатысушылар дене күштерімен қатар табандылық пен қайсарлықтарын, спорттық рухтарын танытты. Әрбір белдесу қызықты әрі тартысқа толы болып, барлық қатысушылар жоғары дайындықтарын көрсетті.

Білімі мен күш-жігерін, жастық жалынын білім саласына, кәсіподақ қозғалысының жандануына арнаған көшбасшының еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Кәсіподақ қозғалысының дамуына өз үлесін қосқан  білім қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Бір ғасырлық тарихы, атқарған қыруар жұмысы бар аталған қоғамдық ұйымның 100 жылдық  мерейлі мерекесі құтты болсын!

 

 

 

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *