Тарихи ескерткіштер
Нуржанова Айсана Ғабитқызы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік:. тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым сөйлесу әрекеттері арқылы оқушылардың тақырып бойынша білімін тереңдету.
Дамытушылық: оқушылардың сөздік қорын молайту, ой-өрісін кеңейту, шығармашылық қабілеттерін дамыту, өз бетімен жұмысқа төселдіру
Тәрбиелік: тақырып арқылы оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу, тарихи ескерткіштерді біліп, құрметтеуге баулу.
Сабақтың көрнекілігі: оқулық, карта, интерактивті тақта, атлас карта 8-сынып
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың жүру барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ.Өткен сабақты қайталау.
Сұрақтар
1.Қазіргі таңда мұражай қорында қанша жәдігер бар?
Жауабы: 5112-ге жуық
2.Мұражай қанша бөлімнен тұрады?
Жауабы: 5 бөлімнен
3.Мұражай файесінде нелер орналасқан?
Жауабы: Атырау облысы, Индер ауданының картасы, тарихы, төлқұжаты, құрмет дипломдары мен марапаттаулар, мұражай тарихы, Ту, Елтаңба, Әнұран бейнеленген.
4.Өлке табиғаты мен ежелгі мамонт және басқа да жануарлардың сүйектері нешінші залда орналасқан?
Жауабы: 5 залда
5.Жалпы, аудан мұражайы туралы сіздердің көзқарастарыңыз? Ұнады ма, ұнаса ұнаған жақтарын айтып беріңіздер.
ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру
Ескерткіш-елдің, халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы мұражайлық, көрмелік маңызы бар заттар мен жылжымайтын ескерткіштерді (құрылыстарды, ғимараттарды, т.б.) қамтиды. Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық ескерткіштер, тарихи ескерткіштер, сәулет өнері ескерткіштері, монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері. Сондай-ақ, ескерткіштерге тарихи-танымдық немесе тарихи-көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызуға болады. Оларды шартты түрде ауыз әдебиеті ескерткіші, жазба ескерткіш, өнер ескерткіші, сәулет ескерткіші, археологиялық ескерткіш, ұлттық дәстүрлі қолөнер ескерткіші, діни ескерткіш, т.б. деп те түрліше жіктеуге болады.
Қазақ даласы тарихи – мәдени ескерткіштерге бай. Батыс Қазақстан аймағында ғана 300-ден астам тарихи-мәдени ескерткіштер тіркелген. Оларға Шопан -Ата жер асты мешіті, Қараман –Ата ескерткіші т.б жатады. Бұлардың көпшілігі Маңғыстаудың оңтүстік бөлігінде орналасқан. Олар, көбінесе тастан тұрғызылған әр түрлі құрылыстар. Аса ірі тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі, Сарыарқадағы Алаша хан кесенесі, Тараз өңіріңдегі Айша бибі және Қарахан кесенесі,Бабаджа Хатун кесенелері бар. Тарихи және мәдени ескерткіштердің түрлері көп. Әрбір қалада, әрбір ауылда жергілікті ескерткіштер болып табылады. Мұндай ескерткіштер қалпына келтіріп отырады.
Қожа Ахмет Иасауи кесенесі.
Қожа Ахмет- өз өмірінде ақ өлеңмен жазылған көп хикметтерді дүниеге келтірген пәлсапашыл ақын. Біздің қолымызға жеткен екі жүзден асатын хикметі бар. 63 жасынан бастап, соңғы 12 жылын ол жер астында жатып, күн сәулесін көрмей өткізді. Бүкіл Шығысқа әмірін жүргізген атақты қолбасшы Ақсақ Темір далалықтар мен қалалықтар қосылып пір тұтатын, күніне жүз мәртебе тағызым етіп, мінәжат қылатын Қожа Ахметке зәулім ескерткіш тұрғызуды қолға алды.
Қожа Ахмет Иасауи кешені порталды- күмбезді құрылыс. Оның көлемі 46,5х65,5 метр. Орталық залдың айналасына әр түрлі мақсатқа пайдаланылған үлкенді-кішілі 35 бөлме орналасқан. Оның бірінде сопы ақынның мүрдесі жерленген. Орталық бөлмеде қолымен жазылған Құранның көшірмесі, кітаптар, шежірелер сақтаулы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады.Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы
Айша Бибі кесенесі
Айша бибі кесенесі – ХІІ ғасырда салынған сәулет өнері ескерткіші. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында орналасқан. Айша бибі – тарихтан белгілі Қараханның әйелі. Күмбезді сол Қарахан салдырған. Бірақ кесенені салдырған сәулетші туралы нақты дерек жоқ. Кесене қабырғаларының қалыңдығы – 80 см. Айша бибі кесенесі Тараз қаласынан 80 шақырым жерде.
Қарахан кесенесі
Кесене ортағасырлық Тараз аумағында құрылған қасиетті-мемориалды кешенеге жатады.Қарахан кесенесі өзінің әсемдігімен Ресей сәулет өнерін бағалаушыларын 1902 жылдың өзінде ежелгі Тараздың теңдесіз жасампаздығы ретінде таңдандырыпты. Археологиялық қазбалар көрсеткендей, бұл ғимаратты өрлеу кезінде өте шеберлікпен әзірленген 30 түрлі өрнекті кірпіштер пайдаланған. Құрылыс қараханидтер дәуірінде, ХІ ғасырда жасалған. Оның құрылысы Айша бибі мен Бабджа қатын кесенесімен тікелей байланысты. Оның жерленуін тарих, біздің аймақты Х-ХІІ ғасырларда билеген Қараханидтер әулетінің хандығымен байланыстырады. Әулие-Ата атануы да содан.
Бабаджа Хатун кесенесі
Бабаджа Хатун кесенесі (ХІ ғ.) Айша бибі кесенесінің маңына, биіктеу жерде орналасқан. Кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым да қатаң. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Кесене 1979 жылы қалпына келтірілді. Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы – Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.
Махамбет мазары
Ескерткіштің уақыты 1846 ж. Ескерткіштің мекен-жайы Атырау облысы, Индер ауданы, Индер поселкесінен оңтүстік-шығысқа қарай 40ш. Мазардың жалпы биіктігі 12 метр. Мазардың авторы Көпбол Демесін.
Тайқазан — Түркістандағы қасиетті қазан. Бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда(хижра 801 жыл, 20-шаууал) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін жеті асыл металдың(мырыш, латын, қола, қорғасын, мыс, күміс, темір) қоспасынан құйылған. Түркістан тайқазаны 1935 жылы Санкт-Петербургтегі Эрмитаж басшыларының өтініші бойынша 3-халықаралық конгреске көрсету үшін әкетілген еді. Қазақстан үкіметінің талап етуі бойынша 1989 жылы қасиетті Тайқазан Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі өз орнына қойылды.
18 сәуір- ескерткіштер мен тарихи орындардың халықаралық күні. Бұл күнді ЮНЕСКО 1982 жылы бекітті.
- IV. Жаңа сабақты бекіту.
1.Қазақстандағы маңызды ескерткіштерді атаңыз.
2.Қожа Ахмет Иасауиге арнап кесене тұрғызуды қолға алған кім?
3.Айша бибі кесенесі қайда орналасқан?
4.Тайқазанның қалай? қашан? жасалғанын айтып беріңіз.
5.Бабаджа Хатун кесенесі қашан қалпына келтірілді?
Тапсырма 1. Суретпен жұмыс.
Тапсырма 2. Сөздерді сәйкестендіру
Сергіту сәті.
Тапсырма 3. Географиялық диктант.
Тапсырма 4. Картамен жұмыс
Тапсырма 5. Сөзжұмбақ «Ескерткіш»
1.Индер ауданындағы мазар. Махамбет мазары
2.Түркістан қаласындағы кесене. Иасауи кесенесі
3.Махамбет мазарының авторы? Көпбол Демесін
4.Елдің, халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Ескерткіш.
5.Ескерткіштер 4 түрге бөлінеді, соның бір түрі. Тарихи ескерткіштер
- Қазақстанның жеті кереметінің бірі. Тайқазан
7.Тайқазан қай қалада орналасқан? Түркістан
- Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы кесене.Айша Бибі
- Маңғыстаудың Оңтүстік бөлігінде орналасқан мешіт.Шопан Ата
- Қорытынды.
- Үйге тапсырма
Тарихи ескерткіштер туралы жарнама әзірлеу.
VII. Бағалау. Дөңгелекшелер арқылы