«Даналық кітабының қазақ халқының тарихындағы рөлі»
Түркі әлемінің даңқты ұстазы, сопылық ұстанымының негізін салушы ұлы Ахмет Ясауи өзінің ұлағатты ілімімен тарихта өшпес із қалдырды. Орта ғасырда Орта Азия халықтарының арасында ағартушылық ісін атқару арқылы ғұлама байырғы мәдениетте айрықша орын алғаны сөзсіз. Жергіліктіхалықтың салт-санасы мен наным-сеніміне, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды.
Ол хикметтерін түркі халқына жақын айшықты поэзиямен жаза отырып, түркі тіліне жаңаша жыр жасау үлгісін ойлап тапты, бұл өз кезегінде Ясауише хикмет жазу стиліне айналды. Хаджи Бекташ Уали, Жүніс Әміре, Сүлеймен Бақырғани секілді танымал шәкірттері одан осы өнерді үйпеніп, ғұламаның мұрасын жалғастырды, ал Ясауидың ізін жалғастырған біздің заманымызға жақын тұлғалардан Асан қайғы, Абай т.б. айта аламыз. Хикметтер жинағының түп нұсқасы сақталмаса да, Тыныштықұлы, С. Нұржанның қазақтарға арнап шығарған нұсқалары бізге Хазіреті Сұлтанның өшпес еңбегімен жақын таныстырады. Осы тұста Ясауидың өзінің хикметтерін қыпшақ диалектісінде көне түркі, шағатай тілінде жазғанын айта кету шарт, себебі бұл оның түркі даласында сопылық ілімдітаратып, мәдениетке ықпал етуіне үлкен әсер етті. Төрт тармақты өлеңмен жазылған еңбегінде ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейінгі өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұқара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді деп айтады. «Даналық кітабынан» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады.
«Диуани хикмет» әрбір адамды адамгершілікке, ізгілікке, имандылық пен жаратушыға деген шексіз махаббатқа шақырады. Соның ішінде имандылық ақынның айтуынша ең алдымен мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады.Ол әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екеніноқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. Және де жаратушыға жақындай түсу, оның нұрына бөлену үшін 4 басқыштан өту туралы сөз қозғайды, ол басқыштар мыналар: «шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық; «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу; «мағрифат» – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Тек осы төрт басқышты игерген адам рухани дүниенің сырын пайымдауға мүмкіндік алады дейді ақын. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады делінеді. Ақын кемелдікке жету үшін адамда ашқ (қуатты махаббат) пен дерт болу керек дейді. Бұл тұста «ашқсыз адам» және «дертсіз адам» деген ұғымдар пайда болады. Оның пікірінше “дертсіз адам” адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан, ал “ашқсыз адам” – Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемге, адамға, табиғатқа, осының бәрін Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Ашқсыз адам, дертсіз адам ұғымдарынан басқа Ясауи хикметінде «ғарип адам» туралы айтады, ғарип адамды кемелдік мәртебесіне жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды.
Қорытындылай келе, Ахмет Яссауидың өз заманының прогрессивті тұлғасы болғанын айтып кеткім келеді. Біріншіден ол исламды тек араб тілінде ғана түсінуге болады деген ұғымды теріске шығара отырып, бұл дінді түсінікті тілде қалың жұртқа тарату арқылы түркі халқын жаңашылдыққа баулыды. Екіншіден, билік өкілдерінің қателіктерін сынау арқылы оның тамаша еңбегі халықтың дауысы іспетті болды. Сонымен қоса оның түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасауы, сол замандағы өзгешелік пен прогресс нышаны болды деп сенімді түрде айтуға болады. Осылайша ғұламаның қазақ халқының тарихындағы рөлі орасан екеніне көз жеткізе аламыз.
https://www.muslim.kz/lt/article/qozha-akhmet-yasaui-diuani-khikmet-enbegi
https://kk.m.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%BE%D0%B6%D0%B0_%D0%90%D1%85%D0%BC%D0%B5%D1%82_%D0%AF%D1%81%D0%B0%D1%83%D0%B8
Хикметтер ақын, аудармашы С.Нұржанның аудармасы бойынша таңдалып алынған. “Әулиелер әуезі”. – Алматы: “Эффект”, 2009ж.
Луара ЖАППАР,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті 2 курс студенті